КӘСІПКЕРЛІККЕ ЗАҢСЫЗ АРАЛАСУ — ҚЫЛМЫС

“ADAL BUSINESS” диалог алаңында облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбектің, инвесторлардың, шағын және орта бизнес пен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғау, олардың қызметіне заңсыз кедергі келтіруге тыйым салу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, болдырмау мәселелеріне арналған келелі жиын өтті.

Онда облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахинның хабарламасы тыңдалды. Баяндамашы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіруі мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керектігін атап көрсетті. Кәсіпкерлік субъектілерінің конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, кез келген қылмыстың жолын кесу – ведомствоның басты міндеттерінің бірі. 8 айдың ішінде шағын және орта бизнес саласына заңсыз араласудың 10 фактісі әшкереленді. Бұл ретте ветеринарлық, көліктік бақылау, полиция қызметкерлері тарапынан кәсіпкерлер жұмысына кедергі келтіру оқиғалары жиі туындайды. “Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жолында нақты шаралар қабылдануда. Агенттіктің “Шағын және орта бизнес субъектілерін қорғау – Protecting business and investments” деп аталатын жобасына қатысуға ниет білдірушілер қатары көбейіп келеді”, – деді Нұрлан Жахин.

Жалпы, инвестиция көлемі 26,322 млрд. теңгені құрайтын 8 инвестормен жобаларын сыбайлас жемқорлықтан қорғау туралы келісім жасалды. “МДМ сауда компаниясы” ЖШС-нің “Киров атындағы зауыт” АҚ-мен келісімі ынтымақтастықтың тәжірибелі үлгісі болып табылады. Бүгінде “Protecting business and inv estments” жобасына өңір бойынша 22 инвестор тартылған. Олар құйған қаржы мөлшері – 170 млрд. теңге. Фронт-кеңсеге түрлі мәселелермен 84 адам келіп, 70 пайызы өз шешімін тапқан.

Алқалы басқосуда шағын және орта бизнес өкілдері қазіргідей күрделі ахуал кезінде жұмыс істеудің қиындап кеткенін ашық айтты. Әкімшілік кедергілерді барынша азайтуды, экспорттық әлеуетті арттыруға қолдау көрсетуді өтінді. “Көрші Ресей еліне трубалар шығаруға неге шектеу қойылды?” – деген кәсіпкердің сауалына бәрі нормативтік-құқықтық нормалар арқылы реттелетіні, орынсыз талаптар қойылмайтыны, бұл саладағы жұмыстарды жеңілдету басты басымдық болып қала беретіні айтылды.

Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек өз сөзінде өңірдің әрбір үшінші тұрғыны жеке кәсіпкерлікпен айналысатынына, бұл орайда олардың талапқа сай еңбек етуінің маңыздылығына, сондай-ақ, озық жобаларды жүзеге асырудың тиімді мүмкіндіктеріне тоқталды. “Нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді. Ірі компаниялар ішкі нарықпен қоса экспорттық әлеуетін арттырудың барлық жолдарын қарастыруы керек. Мемлекет мақсатты түрде көрсетілетін қолдауын жалғастыратын болады”, – деген ол “LS Petropav-lovsk” серіктестігінің директоры Татьяна Рудьтың қайта өңдеуге жарайтын тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын пункттердің жабылмауын сұраған өтінішіне коронавирус індетінің өршуін тежейтін шаралар сақталатынын, дамыған елдер секілді қабылдау пункттерін қоқыс полигондары жанынан ашу қолайлы екенін жеткізді.

Ашық диалог алаңында кәсіпкерлер мен инвесторлардың бірде-бір арыз-шағымы ескерусіз қалмайтыны, бизнеске қол сұғу, заңсыз араласу фактілеріне еш аяушылық болмайтыны атап көрсетілді.

Екатерина СТАРОСТИНА,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бас маманы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика