ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ЕРІКТІ КӨМЕКШІЛЕРІ

Қалалық полиция басқармасы жанынан құрылған волон­терлер жасағы 40 қылмыс пен 670 әкімшілік құқық бұзушы­лықты анықтауға көмектесті.

Жасақ құрамына 62 адам мү­ше болса, басым бөлігі – университет пен колледж студенттері. Сондай-ақ, жекеменшік күзет құрылымдарының қызметкерлері де тартылған. Құрылғанына аз уақыт өткеніне қарамастан, еріктілер ішкі істер органдарына көмек көрсету арқылы біраз тәжірибе жинақтап қалды. Олар көптеген бағыттар бойынша көмек көрсетеді. Атап айтқанда, нашақорлықтың алдын алу, бейнебақылау камералары арқылы тәртіпті қадағалау, көше бойларындағы кезекшілік рейдтерге қатысу, ісқағаздар жүргізу сияқты іс-шаралар барысында өздерін жақсы қырынан танытып, елгезектігімен, тындырымдылығымен, мейірімділігімен көзге түсіп жүр.

– Волонтерлер жұмыстарын адал атқарады. Кез келген сәтте қол ұшын беруге әзір. Карантин кезінде қоғамдық көліктердің жүрмегеніне қарамастан, күн сайын ардагерлер мен жалғызілікті қарияларға қалалық емханалардан алатын дәрі-дәрмектерін, сауда орындарына азық-түлік тағамдарын жеткізумен айналысты. Сеніп тапсырылған барлық жұмыстар талапқа сай атқарылып, түрлі марапаттарға ие болды, – дейді волонтерлер жасағының командирі, отставкадағы полиция подполковнигі Петр Аксенов.

Жастар тамыз бойы тұрғын­дарды коронавирус індетінен сақтандыру үшін жадынамалар мен бетперделер таратты. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтауға да үлкен белсенділікпен араласты. Жыл басынан бері көпшілік орындарда теріс қы­лықтар көрсеткен 580-нен астам адамды полиция бөлімдеріне жеткізуге жәрдемдескен.

Волонтерлер 13 учаскелік по­лиция пункттеріне бекітілген. Әр учаске бейнетіркеу жүйесімен жабдықталған. Сыртқы бейнебақылау камераларының көмегімен еріктілер ұсақ бұзақылық, спиртті ішімдіктер ішу, қоғамдық орындарда темекі шегу, абаттандыру қағидаларын бұзу, белгіленбеген жерде иттерді серуендету сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтайды. Ондай жағдайлар орын алса, ақпарат жедел түрде учаскелік полиция инспекторларына жіберіліп, жедел шаралар қабыл­данады. Тәртіпке көнбегендер қатаң жауапкершілікке тартылады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика