ҚАРУ АСЫНҒАННЫҢ БӘРІ АҢШЫ ЕМЕС

Оның машинасында атылған құстар бол­ған, ал мылтықтың үшеуі де тіркелмеген болып шықты. Машина иесінің өзі алкогольді ішімдікті де біршама тартқандығы анық көрінген. Табиғат қорғау полициясының назарын аударып, оны тоқтатуға мәжбүрлеген де сол себеп екен: “LADA Granta” машинасы оңға-солға теңселіп бара жатқан.

Күзгі аңшылық маусымы 5 қыркүйекте ашылды. Осы мезетті асыға күткендер қазір жаппай аңға шығып жатыр. Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің табиғат қорғау бөлінісі де бұл кезде күшейтілген режімде жұмыс істеуге көшеді. Өйткені, аңшылыққа рұқсат берілді екен деп ешқандай рұқсат қағазсыз көзді жұмып мылтықты тарсылдата беретіндер көп. Ондайлардың тағы бір сүйікті ісі – ашық табиғат аясында “ащы суды” сіміру. Ал ондай көңілді отырыстардың аяғы қауіпті қылықтарға ұласып жатады. Оның үстіне бәрінің де қолдарында мылтық болған соң жағдай, тіпті, күрделене түседі.

Мамлют аудандық полиция бөлімінің инспекторы Рашид Валиев пен аудандық аңшылық қоғамының егері кезекшілікте жүріп “LADA Granta” машинасын тоқтатқан. 33 жасар жүргізушінің мылтықтарға иелік ету, тіркеу туралы, сондай-ақ, аңшылыққа рұқсат беретін қағазы болмаған. Машинадан мылтықтармен бірге 18 оқ алынған. Қазір үш әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жіберілді.

Табиғат қорғау полициясына аңшылық маусымы басталған сәттен дамыл жоқ. 5 қыркүйектен бастап жыл құстарын атуға рұқсат берілсе, одан әрі құрларды, бұландарды, қабандарды, еліктерді атуға да болады. Ал қараша айынан бастап түлкі, қарсақ, қоян аулауға рұқсат. Аңға құмар жандар осы кезді жібермеуге тырысады. Бірақ бәрі бірдей аңшы куәлігі, төленген баж туралы түбіртегі, аң шаруашылығынан жолдамасы қолдарында болуы керектігін біле бермейді.

Жалпы, табиғат қорғау саласындағы қылмыстардың алдын алу полицейлердің үнемі назарында. Жыл басынан бері “Браконьер”, “Таза Қазақстан” жедел-алдын алу шаралары жүргізілген. Соңғы сегіз айда осы сала бойынша 655 құқық бұзушылық белгілі болды. Соның ішінде 393-і – аң-құс, 245-і – балық аулау және 11-і өсімдік әлемі бойынша анықталды. Қазақ – ежелден аң-құсты жаппай қыруға, жерді күйдіруге, тіпті, өсіп тұрған шөпті жапыруға рұқсат бермейтін халық. Ата-бабамыз аялаған табиғатты бүгінгі ұрпақ та күтуі керек.

Жақсыбай САМРАТ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика