ТЫНЫШТЫҚ САҚШЫСЫ

Конституция – әрбір қазақстандық үшін маңызы зор құжат. Биыл еліміздің басты құжатының қабылданғанына 25 жыл толып отыр. Бұл атаулы күн қарсаңында Ата Заң талаптарының мүлтіксіз орындалуын қадағалап, қоғам тыныштығын сақтап жүрген әскерилердің еңбегін елемеу орынсыз болар.

Петропавлдағы №6637 әскери бөлімінде қоғам тыныштығын күзетіп жүрген сарбаздар көп. Солардың бірі – жедел әрекет ету жасағының аға инструкторы, кинология қызметінің маманы Рауан Жұмаділов. Біз әскери бөлімге келген кезде кинолог темір тормен қоршалған арнайы алаңда төбеттерді түрлі тапсырмаларды орындауға үйретіп жүр екен. Талдықорған қаласының тумасы 2007 жылдан бері кинолог мамандығының қыр-сырын меңгеруде. Оның бұл салаға келуі тегін емес. Ел тыныштығын қорғау, қиындыққа мойымау, анттан таймау дәстүрі Жұмаділовтер әулетінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. 2005 жылы Петропавл қаласындағы әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтегеннен кейін ол келісімшарт бойынша қызметін жалғастыру туралы шешім қабылдаған.

Күшік кезінен күзету, іздеу, тінту, құтқару сияқты тапсырмаларды орындауға үйретілген иттер патрульдік кезекшілік кезінде қылмыскерді тауып, әртүрлі келеңсіздіктердің алдын алуға көмектеседі. “Лев” есімді бельгиялық овчарка Рауанның сенімді серігіне айналған. Таң атқаннан күн батқанға дейін қауіпсіздікті қадағалайтын Рауан Сергейұлы иісшіл иттің көмегімен бірнеше қылмыстың жолын кесіпті. Атап айтқанда, жуырда кезекшілік кезінде полиция қызметкерлеріне көмекке келді. Белгілі болғандай, тәртіп сақшылары құжатын тексеру барысында қаша жөнелген күдіктіден Уәлиханов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің ауласында айырылып қалған екен. Әскери жасақ өкілдерімен бірге оқиға орнына жеткен кинолог иісшіл итін ізге салады. Күдікті “Семейный” сауда үйінің артында өскен ағаштардың арасына тығылған жерінен құрықталған. Полицияның тірек қосынына жеткізілген азаматты тінту кезінде қалтасынан есірткі заты табылыпты.

Әскери салада он үш жылдық еңбек өтілі бар Рауан Сергейұлы марапаттардан да құр алақан емес. 2010 жылы мінсіз қызметі үшін Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың Алғыс хатына ие болса, 2015 жылы Қарағанды қаласында кинолог мамандардың арасында өткен көпсайыста екінші орынға ие болған. Тәжірибелі кинолог – төрт баланың әкесі. Үлкені жоғары оқу орнының студенті болса, үйдің кенжесі балабақшаға барады. Ол алдағы уақытта ұл-қыздары әке жолын қуып, әскери саланы таңдаса, қарсы болмайтынын айтады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика