Медициналық қызмет көрсетуде 51 мыңнан астам кемшілік анықталған

Солтүстік Қазақстан облысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалының сарапшылары биылғы 6 айдағы медициналық көмектің сапасы мен көлеміне мониторинг жасап, қорытындысын шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылдың 6 айында қордың СҚО бойынша филиалы сарапшылары 114 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 51 мыңнан астам кемшілік анықталды.

«Бұл кемшіліктер сырқаттың денсаулығына кері әсер еткен жоқ. Десек те, ең көп кездесетін кемшілік консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету кезінде жасалады. Бұл - 88,9 %-ын алады. Оның ішінде ең көп үлес көмек-қызмет көлемін негізсіз арттыруға қатысты – 83,72%, емдеу-диагностикалық іс-шараларды жүргізуде стандарттардан, денсаулық сақтау саласындағы ережелерден, клиникалық хаттамалардан негізсіз ауытқу – 9,7 %-ды, медициналық құжаттаманы дұрыс ресімдемеу - 5,2 %-ды алады», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО филиалы директоры Лариса Гордеева.

Сарапшылар онкологиялық көмек көрсететін жеті денсаулық сақтау нысанын: онкологиялық орталықты, төрт қалалық емхананы және екі аудандық аурухананы тексерді. Тексеру кезінде көмектің үш деңгейде - амбулаториялық, стационарлық, стационарды алмастыратын жағдайларда, сондай-ақ үйде диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес көрсетілуі негізге алынды.

«Онкологиялық көмек - ісіктердің алдын алуға, оларды ерте анықтауға, онкологиялық пациенттердің денсаулығын сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызметтер кешені. Онкологиялық көмек медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін көрсетіледі. Кешенді іс-шаралар жүргізілуі тиіс. Сарапшылар медициналық ұйымдарды тексеру кезінде осы іс-шаралардың толықтығы мен орындалу мерзімдерінің сақталуын бағалады», - дейді Лариса Гордеева.

Маманның айтуынша, қатерлі ісікпен күресте ең бастысы - алдын алу, диспансерлеу, яғни сырқаттар медицина қызметкерлерімен бірге өз денсаулығы үшін жауапты және дәрігердің барлық тағайындауларын мүлтіксіз орындауы тиіс.

«Онкологиялық көмек көрсетуде мәселелер бар. Яғни, сырқаттар дер кезінде емдеу мекемесіне жатқызылмайды, профилактикалық тексеру жоқ, қатерлі ісікке күдік болғанда және ол диагнозы расталған кезде сырқат толық тексеруден өткізілмейді. Консультативті-диагоностикалық қызмет ұзақ көрсетіледі. Компьютерлік томография, магнитті-резонансты томография сияқты қосымша зерттеу әдістерін ұзақ күту қажет және аудандық медициналық ұйымдар онколог дәрігерлермен толық қамтылмаған», - дейді филиал басшысы.

Барлық анықталған мәселелер шешім қабылдау үшін СҚО денсаулық сақтау басқармасына және медициналық ұйымдардың басшыларына жеткізілді.

https://www.inform.kz/

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика