Игі шаралар легі

Облысымызда ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығын тойлау шаралары “Жасампаздыққа толы жылдар” тұжырымдамасы және өңірлік деңгейде бекітілген жоспар аясында жүргізілуде. Оның барысында спорттық, мәдени-бұқаралық бағыттағы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Жыл басынан бері өңірімізде мерейтойға арналған 3500-дей шара жүзеге асырылды. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының мамандары қатысқан брифингте айтылды.

– Біз халықаралық деңгейде – 1, республикалық ауқымда – 8, облыстық көлемде 943 шараны өткіздік. Облыс орталығында тағы 756, аудандық деңгейде 1782 іс-шара ұйымдастырылды. Олардың арасынан “Отан 2021”, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған облыстық “Надежда” іс-шарасын, БАҚ өкілдерінің спартакиадасын ерекше атап өтуге болады, – деді орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен брифинг барысында облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Бағдат Мұқанова.

Облыста ұйымдастырылған бірқатар ірі шаралар республикалық “30jyl.kz” сайтына орналастырылып, оларды күллі ел тұрғындары тамашалай алды. Тағы бес шара Тәуелсіздіктің бейнекүнделігіне енгізілген. Облыста жыл соңына дейін тағы бірталай ауқымды шаралар өткізілмекші.

“Бұл шаралар арқылы отандастарымыз еліміздің отыз жылда жүріп өткен жолына, жетістіктеріне куә болады”, – дейді ұйымдастырушылар. Брифинг барысында ел Президенті ұсынған “Игі істер марафонының” барысы да баяндалды. Облыста бұл бағытта бір мың шара өтуі тиіс болса, осы күнге дейін 660-ы жүзеге асырылып, оларға 7500-ге тарта жерлесіміз атсалысыпты.

– Күн сайын 300 шақты волонтер ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне, жалғызбасты зейнеткерлерге, мүгедектерге, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдеседі. Мәселен, биыл қыста оларға үйлерінің аулалары мен шатырларын қардан тазалауға көмек көрсетілді. Ерікті медицина қызметкерлері де қарияларға қажетті медициналық жәрдем жасады, – деген облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Анастасия Волкова өзге игі шараларды да тізіп шықты.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика