Бірлескен жаттығу

Бүгінгі таңда жергілікті билік пен төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтердің өртке қарсы күресте бірлесе тиімді әрекет жасауына баса назар аударылып отыр. Жақында Тайынша ауданында Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының бірлескен өрт-тактикалық жаттығуы өтті.

Солтүстікқазақстандық өртсөндірушілер өздерінің ақмолалық әріптестерімен бірге орман өрттері туындай қалған жағдайда бір­лесіп әрекет ету дағдыларын пысықтады. Қос өңірдің өртсөндірушілері Амандық ауылдық округіне қарасты Ильичевка ауылында жиналды. Бұл шараның аталмыш елді мекенде өтуі тегін емес. Бұл ауыл көрші облыстың шекарасына жақын орна­ласқан. Маңызды жаттығуға екі облыстың төтенше жағдайлар департаменттерінің мамандары, азаматтық қорғау және құру қызметі, мемлекеттік емес өрт сөндіру құ­рылымдары және жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.

Оқу-жаттығу сценарийі бойынша Ақмо­ла облысындағы алқаптардың бірінде қау­лаған “өрт” жел­дің күшеюі нәтижесінде шекаралас Тайынша ауданындағы Ильичевка елді мекеніне тарлады. Тілсіз жаумен күресу туралы бұйрық алғаннан кейін барлық құрылымдар бірден іске кірісті. Өрт-сөндірушілердің және жергілікті биліктің жедел жұмылуының нәтижесінде қызыл жалын тез арада ауыздықталып, жақын маңдағы елді мекенге таралуы мүмкін отқа тосқауыл қойылды. Өрт белгілен­ген уақытта толық сөндірілді. Шара барысында дала және орман өртін сөндірудің бірнеше әдісі орындалғанын атап айтқан жөн. Ильичевка ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп, арнайы автокөліктің көмегімен апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Ал “зақымданған” электр және өзге де коммуникация желілері қалпына келтірілді.

Бұл жаттығудың мақсаты – мамандарды өрт жағдайын сыртқы белгілері бойынша бағалауға үйрету, шартты өртке барлау жүргізу, шешуші бағытты айқындау, адамдарды эвакуациялауды ұйымдастыру, өртте қарсы күштер мен құралдарды басқаруда жедел штаб ұйымдастыру, шұғыл және апаттық қызметтермен өзара іс-қимыл жасау. Жаттығу барысында өрт кезінде атқарылуы тиіс іс-қимылдың ортақ алгоритмі жа­салды. Өртсөндірушілердің алдына қойылған барлық міндеттер жүзеге асырылды.

Шара соңында жедел штабтың отырысы өтті. Жиында сөз алған Солтүстік Қазақ­стан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Рамиль Камалов екі жақтың үйлесімді әрекетіне жоғары бағасын берді. Сондай-ақ іргелес аумақтарда төтенше оқиғалардың алдын алу және оның салдарын жою мақсатында екі облыс қызметкерлері бұдан әрі де ынты-мақтаса жұмыс істейтіндіктеріне сенім білдірді.

Ведомство бастығы жаттығуды өткізуге қолдау көрсеткені үшін Тайынша ауданының әкімі Руслан Анбаевқа Азаматтық қорғау органдарының құрылуының 25 жылдығына арналған мерейтойлық медальді табыстады.

Жанат ДОНАНОВ,

Тайынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика