ҚЫЗУ ЕҢБЕК ҚАЙНАҒАН

Жыл құсындай сағындырып жеткен ерте көктем айналаға жылы шуағын төгіп еді, жер-дүние құлпырып сала берді. Табиғаттың бар бояуымен түрленген тамылжыған осы шағы жапан даланы қызу еңбек дүбіріне бөлеген шаруалардың ерен құлшынысымен астасып, ерекше жарасым тапқандай. Біз өңірдің суреттеуге тіл жетпейтін сұлулығына сұқтана отырып, аудандағы ірі агроқұрылымдардың бірі – “Бабық-Бұрлық” ЖШС-нің егістік алқаптарын аралап келеміз. Күн жылынысымен-ақ “бес қаруын” сайлап, дала жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеткен шаруашылық диқандары дәнді және майлы дақыл тұқымдарын Жер-Ананың қойнына мерзімінде сіңіргенше асық.

– Жалпы, теріскейге көктемнің ерте келуі өте сирек кездесетін жағдай. Күз, қыс маусымдарына өкпеміз жоқ. Топырақта ылғал жеткілікті. Жауапты науқанға күні бұрын мұқият дайындалудың арқасында уақтылы аяқтап шығуға бек сенімдіміз, – дейді тәжірибелі диқан Сейілбек Махметов.
Бидай – ішкі қажеттілікпен қатар сыртқы нарықта да үлкен сұранымға ие дақыл, 21 мың гектарға жуық алқаптың 14 мыңына “Астана”, “Шортанды” секілді бірінші, екінші репродукциялы тұқымдар сіңірілуде. Табанды агрегаттармен жабдықталған егістік кешендері бір мезетте бірнеше операцияны атқаруға қауқарлы. Дәнді дақылдар себілген алқаптарға міндетті түрде бораналау әдісі қолданылады. Сонда ылғал көбірек сақталады әрі дән арамшөптен бұрын жетіледі.
Сейілбек Ғазизұлы әңгіме арасында өткен жылдың күзінен бері барлық егістік алқаптарға минералдық тыңайтқыштар енгізілгенін жеткізді. Қуатты техникалар ен даланы жаңғыртып, атшаптырым алқаптың бір басына жеткенше қара ноқатқа айналады. Әнеміне дегенше қайта айналып келіп, тағы да жер апшысын қуыра жөнеледі.
Жалпы, егістіктің 1,5 мың гектары – зығыр, 2 мың гектары жасымық дақылдарына тиесілі.
Бір мезетте жанымызға “Джон Дир” маркалы заманауи егістік кешені тоқтай қалды. Штурвал иесі, жас механизатор Савелий Ткаченкомен танысып, халжағдай сұрастық. Ол бас бармағын көрсетті. Оның әкесі де майталман механизатор екен. Жауапты науқанға, шамамен, 75 адам жұмылдырылған. Жұмыс екі ауысымда ұйымдастырылғандықтан, еңбек етулеріне барлық жағдай жасалған. Дала асханасында дәмділігі тіл үйіретін ас мәзірін әзірлеумен аспаздар Анастасия Чепрасова мен Наталья Денчук айналысады.
Серіктестік егіншілікпен қатар мал шаруашылығымен де шұғылданады. Мұнда бір мыңға жуық етті бағыттағы қазақтың ақбас тұқымды ірі қарасы өсіріледі. Осылайша, бабықбұрлықтар тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Негізгі дақылдардан басқа арпа, сұлы, жемазықтық шөптер егуге де басымдық берілген. Себебі, шаруашылықтың малынан бөлек тұрғындарға да қосалқы шаруашылыққа жемшөп қажет.
Біз дала қосынан механизаторлардың қажырлы қимылына сүйсініп аттандық.

 

Бағлан ҚОЖАҚОВ. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика