ТАГИРДІҢ ТАҢДАУЫ

Петропавл тұрғыны Тагир Рама­занов экзотикалық жәндіктердің түр-түрін жинап, асыраумен айналысады. Қазір жерлесіміздің үйінде түрлі рептилиялар, өрмекшілер, сондай-ақ сарышаяндар мен кесірткелердің 40-қа жуық түрі бар. Енді сирек кезде­сетін тіршілік иелерін көргісі келетін­дерге шетел асудың қажеті жоқ. Тагир өңірде алғашқылардың бірі болып экзотариум ашты.

Петропавл тұрғыны Тагир Рамаза­нов биолог емес, бірақ жануарларға жаны жақын. Сүйікті ісімен айналысу үшін 13 жыл еңбек еткен кәсіп­орын­нан кетті. Ол жылу-электр орталы­ғында темір ұстасы болып еңбек ет­кен екен. Енді бала күнгі арманы орындалып, сүйікті ісімен айналысып жатыр. Экзотариумында Оңтүстік Америка, Бразилия, Вэнесуелла, Мек­сикада ғана кездесетін экзотикалық жәндіктердің түр-түрі бар.

– Құрт-құмырсқаға бала кезден әуеспін. 2018 жылы алғашқы пиранья балықтарын сатып алдым. Бұл – жыртқыш балықтар. Экзотариум ашу туралы ой содан басталды десе де болады. Пираньяларды тамақтан­дыр­ған сәтті видеоға түсіріп, әлеу­мет­тік желіге сала бастадым. Бұл жұрттың қызығушылығын тудырды. Көрермендер саны артты. Бірде үлкен Мадагаскар тарақанын сатып алдым. Оны пираньяларға азық ре­тінде беріп, ролик түсірмек болдым. Алайда үйге келгесін балам тарақан­ды көріп: “Әке, бұл шуылдайтын Мадагаскар тарақаны ғой”, – деп қуанғаннан айғайлап жіберді. Мен оның атауын да білмеген едім, – дейді Тагир Рамазанов.

Осыдан кейін оны үйде қалдыруды ұйғарған. Біраз уақыттан соң сирек кездесетін өрмекшілер пайда болған. Осылайша экзотикалық жәндіктер көбейе түсіпті. Омбыдан жүгері жыла­нын тапсырыспен сатып алған. Әкел­генде үлкендігі бәтеңке бауындай ғана болса, екі жарым жылдың ішінде өсіп, ұзындығы бір метрден асыпты. Одан кейін кап кесірткесі пайда болды. Африкалық бауырымен жор­ға­лаушыны Алматыдағы зоодүкен­нен сатып алыпты. Қазір өрмек­шілердің көптеген түрі, жыландар, сарышаян­дар, геккон бар. Барлық жәндіктерінің саны қырықтан асады.

– Өзіме ұнағандарын сатып ала­мын. Соның ішінде суыққандылар то­бына жататындарды жақсы көремін. Өйткені оларға ерекше күтім қажет емес, яғни ит пен мысық сияқты дала­ға бір мезгіл шығарудың қажеті жоқ. Олар таза, жағымсыз иісі болмайды, сондай-ақ аллергия туғызбайды. Кей­бірінің түріне қарап қорқасың, ерекше эмоция сыйлайды. Достарым келген­де үлкен өрмекшіні көрсеттім, сол кездегі олардың көздеріндегі үрейді көрсеңіз ғой, – дейді экзотаруим иесі.

Гоша атты кілем жыланын Петро­павл тұрғынынан сатып алыпты. Са­тып алғанда кішкентай ғана болған, қазір ұзындығы 1,5 метр шамасында. Аптасына бір рет егеуқұйрықпен та­мақтандырады. “Жыланның терра­риуы­мында өрмелеп ұйықтауы үшін міндетті түрде ағаштың кепкен бұтағы болуы тиіс. Термо кілемше керек. Сон­дай-ақ су ішіп, шомылуы үшін ыдыс­пен су қою қажет. Біз оны террариум­нан шығара қоймаймыз, өйткені қол­мен ұстағанды жек көреді. Шақпаға­ны­мен, ысылдап мінез көрсетеді. Жал­пы жыландар айына бір рет тері­сін ауыстырады. Түлейтін кезде жы­лан аз қозғалып, жата береді. Терісі қа­рая­ды, көзі ағарып, көрмей алады. Ке­йін 20-30 минуттың ішінде ескі терісін тастайды. Бес жылан асырап отыр­мын”, – дейді Петропавл тұрғыны.

Тагир Рамазановтың коллекция­сын­дағы ең қымбаты – Сальвадор ке­сірткесі мен Жолбарыс жыланы. Олардың әрқайсысын 250 мың теңге­ге сатып алған. Сальвадор кесірткесі әлемдегі ең үлкендердің қатарында. Ұзындығы 3 метрге дейін жететін Ко­модо кесірткесінен кейін екінші орын­да тұр. Негізінен Жаңа Гвинеяда ме­кендейді, кейде оны қолтырауын ке­сіртке деп те атайды. Ұзындығы 2,5 метрге дейін жетеді. “Мендегі кесірт­ке­нің ұзындығы бір метр ғана, ол әлі өседі. “Райли” деп ат қойдым. Жалпы мінезі жұмсақ, қолға үйренген. Тама­ғын уақытында беріп отыру қажет, балықтарды, құс етін жейді, кеміргіш­терді беремін”, – дейді Тагир.

Тагир Рамазанов террариумдар пәтерге сыймағандықтан, бөлек ғи­маратты жалға алып отыр. Хоббиі аз да болсын табыс әкеле бастаған. Экзотикалық жәндіктердің көрмесін де ұйымдастырады.

– Мен келушілерге кей жәндіктерді қолға ұстауға рұқсат беремін. Суретке түсіп жатады. Біздің облыста мұндай сирек кездесетін жәндіктердің осын­дай үлкен топтамасы ешкімде жоқ. Негізгі мақсатым – келушілерге таби­ғаттың алуандығын көрсету, оның аз да болсын құпиясын ашу. Жылан, өр­мекші, кесірткелер туралы көптеген тың мәлімет алады. Мысалы, өрмек­шілер де жылан сияқты терісін ауыс­тыратындығын, ал пиранья балықта­рының, әдетте, киноларда көрсете­тіндей суға шомылған адамдарды ша­буыл­дамайтынын жұрт біле бермей­ді, – дейді ол.

Жәндіктерге қажетті жемазықты Та­гир өзі дайындауға тырысады. Сол үшін тарақандардың он шақты түрін өсі­реді екен. Бірақ бұл жеткіліксіз, сон­дықтан қосымша сатып алуға тура ке­леді. Негізінен Теміртау және Ал­маты қалаларынан тапсырыспен алғы­зады.

Тагир Рамазановтың жоспары көп, жәндіктер санын әлі де көбейткісі ке­ле­ді. Нақтырақ, Кайман қолты­рауы­нын алғысы келеді. Сондай-ақ ке­сірт­ке, тарақандар мен өрмекшілер­дің, са­рышаяндардың да жаңа түрле­ріне қы­зығып жүр. Жерлесіміздің тағы бір ар­маны – ветеринар мамандығын игеру. Өйткені жәндіктері ауырып қал­са, олар­ды апарып көрсететін емхана не­месе маман жоқ. Мұндайда өз бе­ті­мен интернеттен қарауға немесе ма­мандардың кеңесін онлайн алуға ту­ра келеді. Сондықтан осы салаға ма­ман­данған ветеринар болғысы ке­леді.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика