КӨҢІЛ АЛАҢ

Жас өскін тәрбиесіне тонның ішкі бауындай қоян-қолтық ара­ласқаныма 60 жылдан асыпты. Сондықтан мен үшін бала өмірі­нен қымбат ештеңе жоқ. Ат жа­лы­на жармасып ержеткен ұл, тал шыбықтай бұралып бойжет­кен қыз – еліміздің ертеңі, мем­ле­кетіміздің болашағы, тірегі, алтын діңгегі, негізгі байлығы. Олар тәрбиелі, көргенді, ибалы болса, қарияларымыздың қаба­ғын мұң шалмайды, отбасы ір­гесі сөгілмейді.

Кейде жаhандану үрдісіне ащы ішектей шырматылған мы­на заманның беталысына қарап отырып, ауыр ойға шомамын. Қа­зақтың бір анасы ретінде мен де ұлтымның алдағы тағдыры­на алаңдаймын. Өс­келең ұрпағымыз ауыр қайғы мен қасірет тарта көрмесінші деп бір Жаратқанға жалба­ры­намын. Осы тоқшылық, аста төк өмір, есепсіз байлық, ғаламтор­ға жіпсіз байлап тастаған бой­күйез­дік, марғаулық іргемізді ұлт­тық құндылықтарымыздан ажыратып, рухани құлдыратып бара жатқанын көргенде жа­ным­ды қоярға жер таппаймын. Ауылда өсіп, сонда тірлік кеш­сек те, ешкімнен кем болған жоқ­пыз. Өмірден өз орнымызды тап­тық. Әлі есімде, 1991 жылы жол­да­сым Қайыркеш қызмет бабы­мен облыс орталығына ауысып, мен Петропавл педагогикалық учи­ли­щесіне жұмысқа орналас­тым. Осы кезде қазақ бөлімі ашы­лып, педагогика пәнінен дәріс оқу ма­ған жүктелді. Орыс тілінде 4 түрлі авторлық бағдарлама бол­ды. Ал қазақша оқулықтар жоққа тән, әдістемелік нұсқаулықтар­дың мүлдем тапшы кезі. Сондық­тан газет-журналдардың мате­риал­дарын пайдаланып, жоқтан бар жасауға тура келген еді.

Өткенді қоламтадағы қызыл шоқтай қозғап отырған себебім, бүгінгі балалар не ішемін, не кие­мін, не жеймін деп еш алаңда­май­ды. Біздің өңіміз түгіл түсіміз­ге кірмеген техника жетістіктерін әбден меңгеріп алғандары сон­шалық, шыбық басын сындыруға ерінеді. Сый-құрмет, бедел-абы­рой жанкешті еңбекпен, те­рең біліммен, іргелі ізденіспен ке­летініне бойлай бермейді. Адами қасиеттер кейінге ысырылып, жақ­сы мен жаманның парқын айы­ра алмайтын, жеңілдің асты­мен, ауырдың үстімен жүруге үй­ренген дүбәра ұрпақ шоғыры пай­да болды. Президент Қасым-Жо­март Тоқаев биылғы Жолда­уын­да қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үр­дісі белең алғанына қатты алаң­даушылық білдірді. Мемле­кет басшысы әлеуметтік жеңіл­дікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен та­быс табу қабілетінен айыраты­нын, мұндай жағымсыз өмір сал­ты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзін­де кері әсер ете бастағанын, сон­дықтан заң да, қоғам да, адам­дардың сана-сезімі де өзгеруі тиістілігін атап көрсетті.

Былай қарасаң, бәрі тыныш, өмір өз арнасымен ағып жатқан­дай көрінеді. Ғасырлар бойы ар­мандаған Тәуелсіздікке қол жет­кізіп, 30 жылдық мерейтойын кең кө­лемде атап өтпекпіз. Көк бай­ра­ғымыз желбіреп тұр. Сонда да көңіл құрғыр бебеулеп, құлын дау­сы шырқырап шыққандай бо­ла­ды. Мені қатты толғандыратын та­ғы бір мәселе – енді ғана отау тік­кен жас жұбайлар шаңыра­ғының тез шайқалуы. Бойынан қуа­­ты ке­міген қарттың, жанары жаутаңда­ған сәбидің қорғансыз қалуы, же­тім-жесірдің көбеюі не­ліктен де­сек, оның бір ұшығын от­басы ошақ қасында, балабақ­ша­ларда, мектептерде, арнайы оқу орын­да­рында бала тәрбие­сін бо­саң­сытып алғанымызға ке­ліп ті­ре­леді. Келешек қоғам иеле­рін ақыл-парасаты мол, ғылымға құш­­тар тұлға етіп шығару – бәрі­міз­дің абзал борышымыз. Сонда көте­рер жүгіміз жеңілдеп, көк­жие­­гіміз кеңеймек. Сөз соңында Мағжан Жұмабаевтың “Жас бала – жас бір шыбық, жас күнде қай түр­­де иіп тастасаң, есейгенде сол иіл­ген күйінде қатып қалмақ” деген пайымын еске сала кеткім келеді.

Қымбат ЕСМҰҚАНҚЫЗЫ,

ардагер ұстаз.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика