ЕТЕКТЕН ТАРТҚАН, ЕҢСЕНІ ЕЗГЕН ЕНЖАРЛЫҚ Қазақ балаларын орысша оқыту үрдісі әлі тыйылмай отыр

Жергілікті тіл жанашырлары Лес­ной ауылдық округінің және оның орталығы Ленинское елді мекенінің атауын өзгертуге бірнеше рет талпынғанымен, маңдайлары тасқа тигендей күй кешіп жүр. “Шешінген судан тайынбас” дегендей, жуырда осы мәселеге қайта оралып, бұл жолы Андығожа батырдың есімін бермек болған. Алайда, бұл жолы да тиісті шешім қабылданбаған. Қарсылық білдірушілердің бірталайы – өзіміздің ағайындар. Соған қарағанда етектен тартқан енжарлық ес жиғызбай, ана тіліміздің қадірін қашырып, орыс тілінің шаужайына шеңгелше жабыстырып қойған жайы бар. Оның жан ауыртар бір көрінісіне мектеп өмірімен танысқанымызда көз жеткіздік. Мұнда арнайы ат басын тіреуімізге аты-жөндерін атамауды өтінген тұрғындардың “қазақ сыныптарын көбейтумен ешкім айналысып жүрген жоқ” деген қынжылысы, бір жағынан, себеп болды.

Мектеп директорының орынбасары Сәуле Аманжолова сұратқан деректерімізді қолымызға ұстатты. Осында тәлім-тәрбие алып жатқан 155 оқушының 68-інің ұлты – қазақ. Ауылда түтін тү­тетіп отырған 390 үйдің тең жартысына жуығы өз қандастарымыз бола тұра әлі күнге дейін орыс тіліне басымдық беріп отырғаны қынжылтпай қоймайды. Былтыр бірінші қазақ сыны­бын 2 бүлдіршін ғана таңдапты. Ал орыс сыныбының табалдырығын аттаған 20 балдырғанның тең жартысы – өз қаракөздеріміз. Қазақ тілінің мәртебесі артып, нығайған бүгінгідей кезеңде бастауыш мектеппен ғана шектеліп қалғаны түсініксіз. Оқушылардың 4-ші сыныптан кейін Аралағаш елді мекеніне қатынап, оқып жүргені еш ақылға сыймайды.
“11 сыныпқа дейін мемлекеттік тілде білім алуды неге жалғастырмайсыздар?”– деген сауалымызға Сәуле Шаяхметқызы ата-аналарды кінәлай сөйледі. Оның айтуынша, осында тұратын қазақ отбасыларының біразы туған тіліне шорқақ, сондықтан ұл-қыздарын қазақ сыныбына беруден тартыншақтайды. Бұл уәжбен келісу қиын. Өйткені, бізге осы мәселені айта келген өтініш иелері ана тілін толық меңгерген, балаларын басқа жаққа жібермей, осында орысша оқытуға мәжбүр. “Қазақ тілінде жоғары сыныптар ашатын уақыт әлдеқашан жетті. Мемлекеттік тілді білмейміз деудің өзі – әншейін сылтау ғана. Оның арғы жағында ұл-қыздарының болашағына деген немкетті, ана тілімізге деген салғырттық көзқарас жатыр”, – дейді ауыл тұрғыны. Осындайда ұлт батыры Бауыржан Момышұлының: “Кейбір ұл-қыздарымыздың ана тілін білмеуі немесе шала білуі мені қатты қынжылтады. Бұған ата-ана кінәлі”, – деген сөздері ойға оралады.
– Жыл өткен сайын ауылда жер­гілікті ұлттың үлесі артып келеді. Қазақ сыныптарын көбейтіп, 11 сыныпқа дейін жалғастыру керектігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ана тіліміздің қолданылу аясы кеңіп келе жатқанын құлақтарына қанша құйсақ та, ата-аналар балаларын орысша оқытуға құмар. Қаттырақ айт­сақ, баламызды қай тілде оқытсақ та өз еркіміз деп шыға келеді. Ана тілімізге деген немқұрайдылықтың салдарынан бастауыш мектеппен ғана шектеліп отырмыз. Бұрындары қазақ мектепте­рінде білім сапасы нашар, оқу­лық­тар жетіспейді деген сын пі­кір­лер жиі кездесетін. Қазір жағ­дай көп өзгерді, бұл жөнінен мін айта алмайды, – дейді Лесной ауылдық округінің әкімі Қайрат Бабақов.
Өзекті мәселенің бір шешімі мектептің материалдық-техникалық базасына, кадрлардың сапалық құрамына келіп тірелері анық. Сыныптарда интерактивті тақталар мүлдем жетіспейді. 2-3 кабинетке ғана қойылған. Ком­пьютерлер де тапшы. “Бар мәсе­ле ата-аналарға тіреліп тұр, әйт­песе мұғалімдеріміз сабақ беруге дайын”, – деген директордың орынбасарының сөзіне келіспей­тіндер ұстаздар қауымының 80 пайызы қазақ болғанымен, сабақ беруге кәсіби шеберліктері жетіс­пейтінін басты кемшілік санайды.
Екіншіден, қазақ балаларын орыс мектептерінде оқыту үрдісі­нің тыйылмай отыруының тағы бір себебін аудандық деңгейдегі тиісті мемлекеттік орындардың (ішкі саясат, білім беру бөлімдері) дәрменсіздігінен іздеген жөн. Мәселен, бүгінгі таңда бірінші қазақ сыныбында – 2, екінші сыныпта – 1, төртінші сыныпта – 2 оқушы ғана оқып жатыр. Үшінші сыныпта оқушы жоқ. 68 қазақ оқушысының 5-еуі ғана ана тілінде білім алатыны – естір құлаққа ұят! Оның мән-жайына терең үңіліп, жан-жақты талдау жасауға бірде-біреуі талпынбаған. Демек, бұл бағыттағы іс-шаралар көбіне науқандық сипат алып, жүйелі түрде жүргізілмейді деген сөз. Бар кінәні ата-аналарға итере салу дағды болып кеткен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында: “Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі күшейіп келеді. Ол ұлтаралық қатынас тілі болатын кезеңге жетті. Алайда, ол үшін бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз керек”, – десе, “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” деген мақаласында: “Қазақ тілін, шын мәнінде, бү­кіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Мем­лекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады”, – деп атап көрсеткен болатын. Бұдан түйетін ой – қазақ тілі мәртебесінің нығайып, жаппай қолданысқа енуіне, ең алдымен, өзіміз мүдделі болуымыз керек. Келешек ұрпақ қамын ойлаған әрбір ата-ана, балабақша, мектеп, тиісті мекемелер “мемлекеттік тіл – ұлт тірегі” екенін басты ұстаным ете отырып, тұрғындардың мемлекеттік тілді меңгеруіне жаппай атсалысып, қазақ сыныптары мен мектептерінің көптеп ашылуына тиісті жағдай туғызуға мүдделі болуы тиіс. Сонда етек­тен тартқан енжарлықтан арылып, өскелең ұрпақ ойында еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тілге деген ұстаным қалыптасып, өмірлік қажеттілігіне айналары сөзсіз.

Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика