Үш ауысымдық үш мектеп бар

Үш ауысымдық мектептер жайы республика бойынша өткір тұр. Былтыр елімізде 43 мектеп салынып, 11 білім ордасында бала санының қысқарғанына қарамастан барлық оқушылар контингентінің 7 пайызы үш ауысымда оқуға мәжбүр. Оның себептері әрқилы. Оңтүстік жақтарда демографиялық жағдайдың жақсаруы белгілі дәрежеде әсер етсе, солтүстік өңірлерде ғимараттар тар әрі әбден ескірген. Білім ошақтарында оқушылар санының шамадан тыс көптігі мұғалімдер үшін де елеулі қиындықтар тудырып, жүктеменің көптігінен білім сапасының төмендеуіне соқтырып жатады. Үкімет бекіткен бағдарлама шеңберінде 2025 жылға дейін 800 мектептің құрылысы жүргізіліп, 5 мың­ға жуық ауылдағы білім ошақтары қалпына келтірілетін болады.

Облыста үш ауысымды оқытуды жою, сыныптар тапшылығын азайту және инфрақұрылымды жақсарту мақсатымен былтыр 2 мектеп тұрғызылды. Атап айт­қанда, Петропавл қаласындағы “Жас өркен” шағынауданында 900, Қызылжар ауданы Бескөл ауылында 300 орындық білім үйі бой көтерді. Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметтеріне сүйенсек, үш ауысымда оқытатын мектептер Петропавл қаласында (№23 мектеп), Аққайың (№3 Смирново мектебі) және Ғабит Мүсірепов атындағы (№1 Новоишим мектебі) аудандарда орналасқан.
Іргетасы 1979 жылы қаланған №23 аралас мектеп 480 орынға лайықталған. Қазіргі уақытта оқушылардың саны – 1250. Мектепалды даярлық сыныптарында 72, шағын орталықта 20, инклюзивті қолдау кабинетінде 6 тәрбие­ленуші бар. Үшінші ауысымға 401 оқушы мен 31 тәрбиеленушінің баруына тура келеді. Чкалов және Уәлиханов көшелерінің қиы­лысында салынып жатқан 900 орындық мектепті биыл 1 қыркүйекке дейін тапсыру жоспарланған. Сонда осындағы және жақын маңайдағы мектептердегі қазақ сыныптары түгелімен жаңа үлгідегі еңселі ғимараттың есігін айқара ашатын болады.
170 орынға шақталған №3 Смирнов қазақ мектебінің пайдалану мерзімі 35 жылға жуық. Әу баста білім үйіне лайықталып тұрғызылмаған. Оқушылар санының көбеюіне байланысты өткен жылы үш ауысымдық жүйеге көшірілді. Әлі 150 орын тапшы. Мәселенің түйінін тарқатуды көздеген аудан әкімдігі 5 жылға өтеусіз пайдалану құқығымен жер телімін бөліп, жобалықсметалық құжаттарын рәсімдеуді бастады.
512 орынға жобаланған №1 Новоишим орыс орта мектебінің ғимараты 1968 жылы салынған, қазіргі жағдайы қуантарлық емес. Мұнда 854 оқушы, мектепалды даярлық сыныптарында 50 тәрбиеленуші, шағын орталықта 25 балдырған тәлімтәрбие алады. Бір жылдан бері үш ауысымда оқиды. Бүгінгі таңда 300 орындық мектеп құрылысын салуға жобалықсметалық құжаттар әзірленуде.
Өңір бойынша апаттық жағдайдағы мектептердің саны – төртеу. Тайынша ауданына қарасты №1 және Вишневка, Айыртау ауданы Новосветловка мектептерін күрделі жөндеуден өткізуге конкурс жарияланды. Ал Уәлиханов ауданы Елтай орта мектебінің спорт залын қалпына келтіру мақсатымен тиісті құжаттар ресімделіп, арнайы орындарға жолданды.

Дулат ӘУЕЛБЕКОВ,
білім саласында сапаны қамтамасыз ету
департаментінің бас маманы.

  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика