Мұғалімдерді марапаттаудағы өзгерістер

Білім және ғылым министрі Ас­хат Аймағамбетов ұстаздарды марапаттау жүйесіне өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді. Министр жұмыста міндетін өте жақсы орындаған кез келген маман тиісті түрде ынталандырылуы керекті­гін атап өтті.

“Бұл қызметтегі өсу ғана емес, бел­гілі бір жетістіктер үшін берілетін ақша­лай сыйақылар немесе грамоталар мен төсбелгілер болуы мүмкін. Тіпті жұ­мыстың сапалы орындалғаны үшін бас­шылық тарапынан айтылатын алғыс­тың өзі үлкен мотивация береді. Осы ретте көтермелеу жүйесінің маңызы зор екені белгілі. Біз марапаттарды тағайындау үдерісінің барынша объективті, ашық және меритократия қағидаттарына толығымен сәйкес болуына ұмтыламыз. Осы мақсатта Білім және ғылым министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапаттау жүйесіне қатысты жаңа өзгерістерді енгізуге негіз болатын бұйрық дайындадық”, – деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, барлық күмәнді жою үшін педагогтар, оқу ісінің меңгерушілері, мектеп директорлары, әдіскер­лерден тұратын жұмыс тобы құрылған. Бұйрыққа енгізілген ұсыныстарды осы жұмыс тобы әзірлеген. Бұл құжаттың бұған дейін қолданыста болған бұйрық­тан айырмашылығы айтарлықтай көп. Қойылған жаңа талаптар бойынша: жұ­мыс көрсеткіштерінің нақты тізбесі көрсетіледі; көрсеткіштер маңыздылығына қарай әртүрлі балмен бағаланады, бәсекелестік болуы үшін марапат көп балл жинаған адамға беріледі; көтермелеудің жаңа түрлері енгізіледі (дең­гей бойынша білім беру ісінің үздігі, құрмет грамотасы); марапаттау реттілікпен беріледі (бірден ең жоғары марапат берілмейді, реттілік сақталуы тиіс); марапат алатын тұлғалар бойынша ақпарат цифрландырылуы, есепке алынуы және ашықтық қамтамасыз етілуі тиіс.
Аталған бұйрыққа сәйкес марапаттарды тағайындау тәртібі нақты ретке келтірілген. “Жыл сайын біздің бастама­мыз бойынша педагогтар мен ғылыми қызметкерлердің нормаланған саны марапатталатын болады. Бұл ретте басшылық міндеттерін атқаратын азаматтар саны (директорлар, меңгеру­шілер және т.б.) 20 пайыздан аспауы тиіс. Марапаттау рәсімдері “Тәуелсіздік күні”, “Білім күні”, “Мұғалімдер күні”, “Ғы­лым қызметкерлері күні” мерекелеріне орайластырылады. Сондай-ақ, жұмыс тобы 25 жылдан астам уақыт бойы ұс­таздық еткен әріптестерімізді “Мамандығына адалдығы үшін” төсбелгісімен марапаттауды ұсынды”, – деді Асхат Аймағамбетов.
Марапаттарды алудың нақты жүйелігі де енгізіледі. Атап айтқанда, әр марапаттың жеке сәйкестендіру коды болады. Ол 12 саннан құралады және марапаттау жылын, мереке күнін, марапатталған адам жұмыс істейтін саланы, көтермелеу түрін және реттік нөмірін көрсететін бес бөлімнен тұрады. Барлық марапатталушылар бойынша министрдің бұйрығы шығады. Ол бұйрық міндетті түрде көтермелеудің бірыңғай электронды есебінде сақталып, министрліктің интернет-ресурсында жарияланады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.

 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика