ҰСТАЗҒА ҚАРЫЗДАРМЫЗ

Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған жандар қашан да зор құрметке лайық. Сондай абзал жандардың бірі – Уәлиханов ауданындағы Ақтүйесай ауылында өмір сүрген Мәриаш Қажымқызы. Ол өнегелі ұрпақ өсіруде адал еңбегімен таныла білді. Білім бұлағынан сусындатумен қатар балаларды адалдыққа, кішіпейілділік пен еңбекқорлыққа баулыды. Бүгінде марқұмның білім саласында салып кеткен сара жолын ауыл мектебінің ұстаздары жалғастырып келеді.

Ақтүйесай орта мектебінің ұла­ғатты ұстазы Мәриаш апай мектеп­ті тамамдаған соң анасы Қорлы­ға­йын Әбукәрімқызының жолын қуып, Көкшетау қаласындағы Шоқан Уә­лиханов атындағы университет­тің орыс тілі және әдебиеті факультеті­не оқуға түседі. Төрт жылдан кейін жас маман атанып, қызмет орнын таңдау уақыты туған сәтте өз ауы­лы­на аттанып, еңбек жолын осы жерден бастауды ұйғарады. Мек­теп ұжымы да арман қуып келген жасты жылы шыраймен қарсы алып, өз ісінің біл­гірі атануына жәр­демдеседі. Мә­риаш Қажымқызы тәжірибелі әріп­тестерінің үмітін ақтау мақсатында алғашқы жыл­дар­дың өзінде-ақ ба­ла оқытудың тың әдістерін ойлап та­уып, жаңа­шыл­дығымен көзге түсті.

Тәлімгер еңбегі төрт-бес жыл­дың ішінде жемісін бере бастады. Оның алдынан білім алған жастар еліміздің әр өңірінде абыройлы қыз­мет етіп, білікті маман атанды. Мә­риаш апайдың адал еңбегі аудан жә­не облыс көлемінде жоғары ба­ға­ға ие болып, ол білікті ұстаз ретін­де Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды.

Жоғары санатты ұстаз жас мұға­лім­дердің жанашыры ретінде де көп еңбек етті. Ол ұжымға жаңадан қосылған мамандарды қамқорлы­ғына алып, бар білгенін үйретуден жалыққан емес. Әсіресе, жастарға сабақ барысында өздерін қалай ұстау керектігін үнемі айтып отыра­тын. "Ұстаз – мектептің жүрегі. Сен­дер оқушылар мен ата-аналардың алдында мәдениетті сөйлеп, мінсіз жүріс-тұрыстарыңмен ерекшеле­нулерің керек", – деп ақыл айтумен қатар артынан ергендерден жаңа­шылдықты талап ететін.

Мәриаш Қажымқызы өмірінің соң­ғы сәттеріне дейін мамандығы­нан қол үзген жоқ. Зейнет демалы­сына шықса да, бала тәрбиелеу ісі­не белсенді араласып жүрді. Об­лыс орталығына барған тұсында кі­тап дүкеніне ат басын бұрмай кет­пеу­ші еді. Сондағы мақсаты – ауыл мектебі үшін балалардың ой-өрісін дамытуға арналған кітаптарды са­тып алу болатын. Қазақ, орыс және әлем әдебиеті классиктерінің туын­дыларын сатып алып, оқушылары­на тегін тарататын. Түрлі семинар­ларға қатысу оның сүйікті істерінің бірі болатын. Осының нәтижесінде шәкірттері білім жарыстарында жүлделі орындарға ие болып, ауыл атын шығарды.

Саналы ғұмырын шәкірт тәрбие­леуге арнаған аяулы ұстаздың қыз­дары да бүгінде ұстаздық жолды таңдап, ана жолын жалғастырып жүр. Олар үнемі жаңашылдыққа ұмтылып, ұстаз деген ұлы атқа кір кел­тірмеуге тырысу арқылы отба­сында қалыптасқан игі дәстүрді де абыройлы жалғап келеді.

Мақтан тұтар ауылдасымыздың жарқын бейнесі мен адал еңбегін есте қалдыру мақсатында ауыл мек­тебіндегі орыс тілі мен әдебиеті сы­ныбына Мәриаш Қажымқызының есімін беру туралы бастама көтер­ген едік. Бұл өтінішіміз жергілікті білім бөлімі басшылары тарапынан қолдау тауып, жақында ол толы­ғымен іске аспақ.

Малғаждар ОМАРОВ,

Ақжар ауданының құрметті азаматы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика