АРДАҚТЫ МАМАНДЫҚ ИЕСІ

Елімізде кәсіптік-техникалық мамандық иелеріне сұраныс зор. Сол себепті олардың жұмыс берушінің талабына сай білім алуы, технологиялық үдерістерді терең меңгеруі, кәсіби машығы жоғары болуы аса маңызды. Отандық өндірісті өркендетеді деген мамандық иелерін даярлауда кәсіптік және техникалық колледждердің ұстаздарына зор жауапкершілік жүктелген. Осы талап үдесінен шығып, өз саласында жетістікке жетіп, білікті мамандардың бірі атанған Серік Құлатаевтың Солтүстiк Қазақстан кәсiптiк-педагогикалық колледжiнде еңбек етіп жүргеніне он жылға жуықтады.

Ол – М.Қозыбаев атындағы Солтүстiк Қазақстан университетiн “Автокөлiк, автокөлiк шаруашылығы” және Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетiн “Көлiк, көлiктiк техника және технология” мамандықтары бойынша тамамдап, техникалық ғылымдар магистрi дәрежесіне ие болған оқу орнындағы абыройлы мамандардың бірі. Серік Құлатаев жұмысшы мамандықтарын меңгеруге ынта танытып жүрген жастар қатары жыл санап көбейіп келе жатқанын да айтып өтті.
– Кәсіптік білім алып жүрген жастарға сенім артып, жан-жақты мүмкіндік жасау керек. Әсіресе, ауыл жастарының қабілеті зор. Шәкірттерімнің арасында осы саланы дамытуға серпін беретін тың ойларын жасырмай айтып, ұсыныс-тілектерін білдіріп жататындар да бар, – деген арнайы пәндердiң оқытушысы Серік Құлатаевтың республикалық “Ең үздiк жас педагог” конкурсының жеңiмпазы екенін де айтып өткен жөн. Ол Малайзияда халықаралық тәжiрибеден өтіп, білімін толықтырды. Бүгінгі таңда оның “Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кәсiби құзырлықта пайдалану” атты тәжiрибесiн өңіріміздің ұстаздары да өз сабақтарында кеңінен пайдаланып жүр. “Кәсiпқор холдинг” коммерциялық емес акционерлік қоғамының штаттан тыс тренерi ретінде бiлiктiлiктi арттыру курсы арқылы облыстың 60 инженер-педагог маманына өз білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісті. Серік Алпысбайұлы студенттерге сапалы білім беріп қана қоймай, олардың түрлі байқауларға қатысуына да мүдделі. Осындай талаптың нәтижесінде шәкірттері “Менiң колледжiм – менiң болашақ мамандығым”, “Еңбек адамын ардақтайық!”, “Мәңгiлiк ел жастары – индустрияға!” – Серпiн” әлеуметтiк жобасы аясында өткен республикалық кәсiби конкурстарда жүлделі орындарды иеленді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика