ЖАҢАРЫП ЖЕТКЕН КӨНЕ ӘДІС

Мектеп оқушыларының білімін саралауда критериалды бағалаудың маңызы зор. Білім алушылар өздерінің қазіргі деңгейін, қай бағытта даму керектігін және мақсатқа жету жолын нақты бағдарлауы қажет. Өзін-өзі бағалау, яғни рефлексия дегеніміз – өз қабілетіне, мүмкіндіктеріне, мінез-құлқына, ішкі жан дүниесіне талдау жасап, есеп беру. Мектеп оқушыларының білімін саралауда критериалды бағалаудың маңызы зор. Білім алушылар өздерінің қазіргі деңгейін, қай бағытта даму керектігін және мақсатқа жету жолын нақты бағдарлауы қажет. Өзін-өзі бағалау, яғни рефлексия дегеніміз – өз қабілетіне, мүмкіндіктеріне, мінез-құлқына, ішкі жан дүниесіне талдау жасап, есеп беру.

Абайдың шығармаларына зер салып қарайтын болсақ, елдің өсіп-өркендеуіне, ұлтының болашағына ерекше алаңдайтынын байқаймыз. Ақын қарасөздерінде білім мен ғылымды, адами құндылықтарды өзекті мәселе ретінде қарастырады. Бүгінгі жаңартылған мазмұнда білім беру бағдарламасының оқу үдерісінде қалыптастырушы бағалау, рефлексия және кері байланыс әдістері қолданылады. Қазақтың бас ақыны Абай қарасөздерінде өзінің іс-әрекетіне, ұлтының мінез-құлқына рефлексия жасап, есеп береді. Қазақ халқының болмыс-бітімін жан-жақты талдайды. Кері байланыс жасау арқылы жаман әдеттерден, жағымсыз қылықтардан аулақ болуға шақырады.
Әркім өзіне есеп бергені жөн. Бірақ мұны түсініп жатқан адам аз. Хакім зерделегенін халқына да үйретпек болған. Демек, қазір біздің оқыту үдерісінде қолданып жүрген рефлексия, кері байланыс сияқты оқыту үрдістері Абайдың қарасөздерінде ертеден-ақ көрініс тауып, бізге жаңарып жеткенін түсінеміз.
Бірінші қарасөзінде: “Бұл жасқа келгенше, жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір, бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын...” – дей келе, ақын өзінің өткен өмір жолдарын саралайды. “Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді бұдан басқа ешбір жұмысым жоқ”, – деп қалған өмірінде ақ қағаз бен қара сияны ермек етеді.
Жиырма бірінші қарасөзінде: “...Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін. Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптанады. Екінші, мақтаншақ деген біреуі “демесін” демейді, “десін” дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, “десін” деп азаптанып жүріп, “демесінді” ұмытып кетеді. Ұмытпақ түгіл, әуелі іс екен деп ескермейді...” – деп Абай әр адам кеселді әдеттер мен мінезден аулақ болу үшін өзін-өзі бағалап, есеп беру керектігін алға тартады.
Қарасөздерінде адам мен заман мәселесін де көтереді. Отыз жетінші қарасөзінде: “Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват”, – деп өзінің өмір сүрген заманына да бағалау жасайды.
Абай халықтың жоғын жоқтап, кемел болашаққа бастар жолды іздеді. Сол жолда аянбай тер төгіп, өз заманының сипатын, халқының сол кездегі жағдайы мен психологиясын, жеке адам бойындағы жақсы не жаман қасиеттерді зерделеді. Қазіргі жастарымызды тәрбиелеуде даналыққа толы Абай ілімін басшылыққа алуымыз қажет. Оның үлгісі бізді адамгершілік, имандылық жолына бастайды. Ақынның даналық сөзі сананы оятып, ойға ой қосады, асыл армандарға жетелейді, өзіңді-өзің талдап, бағалауға, ойлануға итермелейді.

Жанар ӘБІЛОВА,
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика