ҰЛЫ АҒАРТУШЫНЫҢ ӘҢГІМЕЛЕРІ

“Кел, балалар оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық”, – деген ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің не бары төрт жолдан ғана тұратын осы өлең шумағын бүкіл қазақ даласында білмейтін адам кемде-кем десек, қателеспеген болар едік. Өйткені, бұл өлең жүз жылдан астам уақыт Қазақстанның оқулықтарына еніп, мектеп табалдырығынан аттаған әрбір баланың алғашқы әліппесі болып келеді. Сондықтан да ол, өлең жолдары әрбір қара таныған казақтың көкірегінде сакталып, жүрегінде жатталып қалды.

Біз келешекте қуатты мемлекет, зиялы қоғам құрамыз десек, бесікте жатқан бөбектерді, балабақшада жүрген балдырғандарды, мектеп шәкірттерін тектілікке, инабаттылыққа, имандылыққа тәрбиелеуді қазіргі уақыттың міндеті, талабы деп қарауымыз керек. Осы талап пен міндеттерді орындалудағы ең бір пәрменді құрал – оқу мен тәлім. Білімнің берудегі басты мақсат – бәсекеге қабілетті, кәсіби құзыреттілігі жоғары, жаңаша ойлайтын шығармашылықты мамандар даярлау және жасампаз іс-әрекетті қалыптастыру. Олай болса, тарих көшінде өзіндік орны бар айрықша зиялы қауым өкілдерінің ұрпақ тәрбиесі туралы мәселелер ауқымындағы ой-пікірлерін зерделеп, сипаттап, таразылап, жинақтап, оларды қоғамдық тәжірибеге енгізуіміз керек.
Осы орайда жоғарыдағы өлең жолдарының авторы Ыбырай Алтынсариннің шығармалары жас ұрпақты мейірімділікке, адалдыққа, ізеттілікке, ақылдылыққа, білімділікке және де тағы басқа ізгі қасиеттерді үйренуге шақыратынын көреміз. Ұлы ағартушының әңгімелерін оқи отырып, оларды тақырып жағынан еңбек пен өнерге баулитын және адамгершілікке тәрбиелейтін шығармалар деп екі топқа бөлуге болады. Ыбырай шығармаларының басты тақырыбы – еңбек. Еңбек адамның өмірінде ерекше маңызды рөл атқаратынын, еңбексіз өнер де, білім де қолға келмейтінін айтып, тәрбиенің негізі адал еңбекте деген тұжырым жасайды. Сөзімізге ұстаздың бұл тақырыпта жазған көптеген әңгімелері дәлел. Мысалы, “Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш”, “Бай мен жарлы баласы”, “Байлық”, “Әке мен бала”, “Асыл шөп” және “Қыпшақ Сейітқұл” сияқты әңгімелері – тәлім берер күші мол көркем шығармалар.
Жазушының келесі бір топ әңгімелері адамгершілік тәрбие мәселесіне жазылған. Адамзат баласы шыр етіп жерге түскеннен бастап ата-ананың аялы алақаны мен ыстық ықыласына бөленіп өсетіні белгілі. Ата-ана баласына көптеген асыл қасиеттерді үйретіп, жақсы азамат болуын тілейді және үміттенеді. Бұл тақырыпта жазылған “Бақша ағаштары”, “Таза бұлақ” және тағы басқа да әңгімелерінде тәрбиенің ізі жатыр деп толықтай сеніммен айтуға болады.
Жазушы “Бақша ағаштары” атты белгілі əңгімесінде тəрбиенің не екенін қарапайым ағаштармен салыстыру арқылы былайша сипаттап береді: “Жаздың əдемі бір күнінде, таңертең бір төре өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағаштар мен гүл жапырақтарын көріп жүрді.
– Мынау ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неге қисық біткен? – деп сұрады баласы.
– Оның себебі, балам, анау ағашты бағу-қағумен өсірген, қисық бұтақтары болса кесіп. Мынау ағаш бағусыз, өз шығу қалыбымен өскен, – деді атасы.
– Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой, – деді баласы.
– Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, бұдан сен де өзіңе əбірет алсаң болады. Сен жас ағашсың, саған да күтім керек, мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы, түзік кісі болып өсерсің, бағусыз бетімен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің.
Бұл əңгіменің ата-аналар үшін де, оқушылар үшін де тəрбиелік мəні зор. Балаға жас күнінен дұрыс тəрбие беру оның болашақ өмірі үшін өте қажет. Есейіп кеткен соң оның қисығын түзеу қиынға түседі. Ағартушының бұл əңгімесі мектеп балаларын тəрбиелеуде қазір де басшылыққа алатын басты ұстаным болып саналады.
Ыбырай Алтынсарин шығармалары қысқа болса да, олардың ішінде тәрбие берер терең мағыналы сөздердің болуы әр әңгіменің тағылымдық мәніне ерекше көңіл аудартады. Оларды түсініп оқыған адам ғана ұлы ұстаздың шебер тәрбиеші екеніне көз жеткізеді.

 

 Гүлбаршын ЖАРОВА,
Мамлют қазақ мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі.
Мамлют ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика