МЕКТЕПТЕ ОҚЫҒАНҒА ЖЕТПЕЙДІ

Бүгінгі таңда етек жайған қауіпті індеттің салдарынан бүкіл әлем бойынша 870 миллионнан астам оқушы қашықтан білім алуда. Алғашында мұғалімдер мен ата-аналар тарапынан онлайн оқытуға қатысты көптеген сұрақтар туындаған болатын. Төртінші тоқсанның алғашқы үш аптасы да көзді ашып жұмғанша өте шықты. Жаңашылдыққа қоғамның бойы үйренгендей. Қашықтан білім алудың артықшылықтары мен қиындықтары жайлы оның тікелей қатысушыларынан, яғни оқушылар мен мұғалімдерден және ата-аналардан білгенді жөн көрдік.


Ақтұла ТӨЛЕБАЙ, 

Жұмабек Тәшенев
атындағы №20 орта
мектептің оқушысы:

– Қашықтан оқу жүйесіне көшкенімізде алаңдағаным рас. Әдетте жылы жүзді мұғалімдерімізді көріп, сабақ барысында оның айтқан әрбір сөзін санамызға құйып алуды мақсат еткен біздер үшін мониторға қарап отыру оңай болған жоқ. Десек те, жаңашылдыққа тез үйрендік. Маған телеарна арқылы берілетін сабақтардың мазмұны ұнағанымен, тым аз уақыт берілгені көңілімнен шықпады. Себебі, сыныпта отырып оқығанымызда мұғалім тақырыпты толыққанды түсіндіріп, біздің қаншалықты меңгергенімізді бақылай алады. Егер бір тақырыпты түсінбей қалсақ, қайталап сұрап алатынбыз. Қашықтан оқудың мен үшін тағы қолайсыз тұсы – осыған дейін барып жүрген үйірмелерге қатыса алмауым. Сол себепті тезірек қалыпты білім алу үлгісіне көшсек екен.

Динара ТӨЛЕГЕНОВА,

Петропавл қаласының
тұрғыны:

– Менің қызыма қашықтан оқу ұнайды. Бұрынғыға қарағанда бос уақыты көп. Оны өзін-өзі жетілдіруге, алған білімін пысықтауға арнайды. Сонымен қатар әр сағатын жоспарлауға, уақытты үнемді пайдалануды үйренді. Бір сөзбен айтқанда, өздігінен жұмыс істеуге дағдыланды, жауапкершіліктің не екенін жете түсінгендей. Алайда, үй тапсырмасының көлемі артқандықтан, соны орындаймын деп ноутбук алдында көп отыратыны ұнамайды. Әрі сабақ мектеп қабырғасында өткенде, оқушының қабылдауы да басқаша болады ғой. Төтенше жағдайда баланың үздіксіз білім алуы үшін бұған да шыдауға болатын шығар. Себебі, мұның барлығы уақытша амалдар ғой. Менің ойымша, қашықтан оқу технологиясын жетік меңгерген жас буын ұтылмайды. Ертең оны жоғары білім алған кезде де пайдалана алады.


Бақытжан ТҰРСЫНОВ,

Назарбаев зияткерлік
мектебінің мұғалімі:

– Мен қызмет істейтін Назарбаев зияткерлік мектебі “Microsoft Teams” бағдарламасы арқылы қашықтан білім беруде. Техниканың аты техника, сабақ барысында интернеттің өшіп қалуы немесе баяу жұмыс істеуі салдарынан біршама уақытты жоғалтамыз. Одан бөлек, оқушылардың өз бетімен білім алу дағдысын қалыптастыруға да айтарлықтай уақыттың қажет екенін түсіндім. Тағы бір ескере кететін жайт, оқушы саны 20-дан асатын сыныптарда барлық оқушымен байланыс орнату сәл қиындау. Күнделікті сабақтан тыс уақытта да әлеуметтік желілердің көмегімен оқушылардың тарапынан туындаған сұрақтарға жауап беруді де қолға алдық.

 

Сауалнаманы жүргізген
Самал ЖҮНІСОВА,
М.Қозыбаев атындағы
СҚУ-дің студенті.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика