ІЗДЕНІС – ЖЕТІСТІКТІҢ БАСТАУЫ

“Ұстаздың биігі ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай” – деп Сократ айтқандай, егемен еліміздің алдыңғы қатарлы отыз мемлекеттің қатарына қосылу саясаты қоғамның барлық саласына түбегейлі өзгерістер енгізіп, жаңа талаптар қойды. Соның ішінде болашақ ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беру мақсатына орай оқыту мазмұнына жаңаша қарау – басты міндеттердің бірі. Ал мұның барлығы кәсіби білікті мұғалімдердің арқасында ғана жүзеге асады.

Аққайың ауданындағы №1 Смирнов орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Бауыржан Дүйсенбинов – болашағынан зор үміт күттіріп отырған жас мамандардың бірі. Осыдан үш жыл бұрын Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетін тамамдаған жас маман өзінің туған жеріне, 11 жыл білім алған мектебіне оралып, еңбек жолын бастады. Болашаққа құрған жоспары зор Бауыржан Есілбайұлы жұмыс істей жүріп, Ресейдің Омбы мемлекеттік педагогикалық университетіне магистратураға түсті. Ауыл мұғалімі алдағы уақытта доктарантураға құжат тапсыруды жоспарлап отыр.
– Ұстаз деген атқа ие болудың өзі – бір бақыт. Ұстаз үздіксіз ізденуші, ұшқыр ойлы болуы тиіс деп ойлаймын. Мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған бүлдіршіндер білім тұңғиығына еркін сүңгісе, шәкірттерім білім додасында қатарластарынан оза шауып, оң нәтижеге қол жеткізіп жатса, мұғалімге бұдан артық қуаныш бар ма? Кезінде ұлы ғұламалардың бірі “Баланың бақыты – жақсы ұстаздың қолында” деген екен. Бұл қанатты сөз ешқашан өзінің мәнін жойған емес. Сондықтан ертең ел тұтқасын ұстайтын бүгінгі жас ұрпақтың болашағы, бірінші кезекте, мұғалімнің берген білімі мен тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты деп ойлаймын, – деген Бауыржан Дүйсенбинов алғашқы жылдары бағыт-бағдар сілтеп, қатесін түзеп, тәжірибелерімен бөліскен әріптестеріне айтар алғысы зор екенін жеткізді.
Бүгінде оқушылары аудандық, облыстық білім сайыстарына қатысып, жүлделі орындар алып жүрген жас маманның өзі де біліктілігін жетілдіру үшін түрлі байқауларда бағын сынап жүр. Мәселен, өткен жылы “Жыл мұғалімі” байқауының аудандық кезеңінде жеңімпаз болса, облыстық кезеңінде үздік жас маман атанды. Сонымен қатар былтыр өңір мұғалімдері арасында өткен “Үздік педагогикалық дуэт” байқауында тәлімгері Гүлнәр Жолдаспаева екеуі жеңімпаз болғаны да жас маманның қабілетқарымын аңғартады.
Бауыржан Дүйсенбинов саламатты өмір салтын ұстанатын жастардың қатарынан. Әсіресе, футбол ойнағанды жақсы көреді. Жүрек қалауымен өткен жылы UEFA футбол жаттықтырушыларының курсына қатысып, бойда бар қабілетін дамытты. Спортпен шұғылданатын адамның сергек болатыны белгілі. Бауыржанның қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүретіні оның өмірге деген көзқарасы айқын екенін танытады. Бүгінгі таңда жас маман – аудандық жастар мәслихатының, “Jas Otan” жастар қанаты аудандық филиалының және волонтерлік қозғалыстың төрағасы.
– Мен қолым бос уақытта сұлу табиғатты фотоға түсіргенді ұнатамын. Өз үйімде “Family Studio” деген атаумен фотостудия аштым. Сонымен қатар өмірден көргенімді, одан түйген ойларымды қағаз бетіне түсіремін. Төтенше жағдайға байланысты бос уақытым көбейді, оны тиімді пайдаланып, “Уақыт талабы” деген әңгіме жазып шықтым. Бұл әңгімемде басты кейіпкер арқылы жасөспірімдерге уақыт талабы адамға қалай әсер ететінін көрсеткім кел ді, – деген талапты жас маманның әр күнін зая кетірмей, кәсіби және тұлғалық жағынан өсіп, жетілуге жұмсап жатқанына риза боласың.


Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика