ТАРАЗДАН ТАМСАНЫП ҚАЙТТЫҚ

2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласында “Рухани жаңғыру: туған жердегі киелі орындар, зерттеу, оқып-үйрену” ғылыми-тәжірибелік семинар өткен болатын. География пәні мұғалімдерінің көне шаһардың тарихын танып, білуі мақсатында өткен семинарға жүзге жуық педагог қатысты. Бұл шара елімізде төтенше жағдай жарияланғанға дейін өткенін айта кеткен жөн.

Еліміздің әр өңірінен жиналған ұстаздардың басын қосқан жиынға географиядан республикалық атаулы мектептің ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ұлжалғас Есназарова қатысты. Үздік ұстаздар тәжірибелерімен бөлісе отыра, сабақ барысында еліміздің қасиетті орындарын жас ұрпаққа қалай таныстыруға болатынын айтты. Сонымен қатар еліміздің басқа өңірлерінен келген география пәнінің мұғалімдері де өз аймағының киелі жерлері жайлы баяндап, мәлімет беруге тырысты.
Осы сапарымыз барысында Жамбыл облысының киелі жерлерін аралап, Қарахан, Айша Бибі және Бабаджа кесенелеріне бардық. Тараздан 40 шақырым қашықтықта орналасқан “Ақыртас” тарихи кешенінде болып, ертеде қазақ жерінде сәулет өнерінің қалай дамығанының куәсі болдық. “Ақыртас” тарихи кешені – қасиетті қазақ жеріндегі ежелгі ескерткіштердің бірі. Бұл тарихи ескерткіш – бабаларымыздың жаңа дәуір мен орта ғасырлардың межесінде қала құрылысын қарқынды жүргізгенінің дәлелі. Ғалымдардың болжамы бойынша бұл қалашықтың құрылысы VIII ғасырда басталғанымен, толық аяқталмаған.
Ақыртасқа жұрт назары ауған шақтан бері бірталай зерттеу жұмыстары жүргізілді. Патшалық Ресей тұсында басталған зерттеу жұмыстары кеңес өкіметі кезеңінде жалғасын тапты. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары бұл жұмыс қарқынға қарқын қоса жүргізілуде. Сондай-ақ, Тараз қаласының орталығында орналасқан көне қаланың қазбаларымен танысып, Қарахан әулеті әскерінің танымал қолбасшысы Дәуітбек кесенесін де көрдік. Қазақ хандығын құрған Жәнібек пен Керей хандардың ескерткішінің басына бардық. “Мың рет естігенше, бір рет көрген артық” демекші, көне тарихтан хабар берер киелі жерлерді аралап, Тараздан тамсанып қайттық.

 

Ементай АМАНЖОЛОВ,
Келлеровка орта мектебінің мұғалімі.
Тайынша ауданы. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика