ДИПЛОМЫ БАР, ЖҰМЫСЫ ЖОҚ

Осыдан он жыл бұрын бір танысымның мектепті тамамдап, мамандық таңдаған кезі есімде қалыпты. Анасы екеуі Петропавл қаласындағы оқу орындарын түгел аралап, ондағы мамандықтарды тегіс саралап, таңдаулары затынан гөрі аты ұнаған “саясаттануға” түсті. Ақыры төрт жыл бойы ақылы бөлімде оқып, әупірімдеп алған дипломы үйдегі көп құжаттардың ішінде шаң басып жатыр.

Жаз шыға оқу аяқталып, біл­дей бір мамандықтың иесі атанған жастардың қатары көбейеді. Жоғары және кәсіптік білім алған мамандардың жұмыс іздеп, табан тоздырар шағы да осы кез. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы 17 жылда жоғары оқу орындарын 2 миллионнан астам адам тамамдаған. Алайда, олардың 30 пайызы ғана өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасыпты. Осы жерде неге еңбек нарығында сұраныс жоқ мамандықтар бойынша кадр даярланады деген заңды сұрақ туындайды.
Өңіріміздегі М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Жанар Таласпаеваның айтуынша, аталмыш оқу орнын бітірген түлектердің 80-85 пайызы жұмысқа орналасады. Өкінішке қарай, соңғы жылдары қаншасы өз мамандығы бойынша жұмыс тапқаны жөнінде есеп жүргізілмеген. Университет түлектердің екі қолға бір күрек тапқанына риза сияқты. Үстіміздегі жылы тағы 1543 жас диплом алады. Ал олардың қаншасы өз мамандығына адалдық танытатыны әзірге беймәлім.
Биыл дефектология мамандығы бойынша оқуын тамамдайтын Әлия Сыздықова банк саласында еңбек етуге ниет танытып отыр. Себебі мүгедек балалармен жұмыс істейтін дефектологтар негізінен арнайы түзету мектеп-интернаттарында жұмыс істейтіндіктен, бұл мамандарға сұраныс жоқтың қасы.
Жоғары оқу орны осы оқу жылында география, тарих, математика, химия сынды бірқатар мамандықтар бойынша қабылдау жүргізбепті. Себебі мектептерде бұл пәндер бойынша сағат саны аз. Керісінше, тарих-география, химия-биология сынды аралас мамандықтар бойынша кадр даярлануда. Облыс мектептерінің 77 пайызы шағын жинақты болғандықтан, біздің өңір үшін бірнеше пәнді оқытатын мұғалім аса қажет. Облыстық жастар саясаты мәселесi жөнiндегi басқарманың берген мәліметіне сүйенсек, өңірімізде мұғалімдер мен медицина қызметкерлеріне, қызмет көрсету саласы мамандарына сұраныс жоғары, ал техникалық мамандықтарды игергендердің екі қолға бір күрек табуы қиын.
Өңірімізде ауыл шаруашылығы саласының мамандары, құрылысшылар тапшы екені жиі айтылады. Алайда, жастар арасында бұл мамандықтарға сұраныс жоқ. Осы оқу жылында М.Қозыбаев атындағы СҚУ-де ауыл шаруашылығы саласына қажет мамандықтар ашылғанымен, онда негізінен “Серпін – 2050” бағдарламасы бойынша келгендер ғана оқуда.
Оның үстіне облыс орталығындағы құрылыс компаниялары жұмысшы жетіспейтінін айтқанымен, жастарды қабылдауға аса құлықты емес. Құрылыс компанияларына оқуды кеше ғана бітіріп келген жас маман емес, тәжірибесі мол даяр құрылысшы қажет.
Жұмыс берушілердің жас мамандарға сенімсіздік танытуының да өз себебі бар. Бірқатар жекеменшік жоғары оқу орындары “Ақшаңды төле де, оқи бер” деп сапасыз кадрларды даярлап, білімнің деңгейін төмендетіп жіберді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: “Диплом сатып, жоғары білімнің беделін түсіретін жекеменшік оқу орындарынан біржола құтылу керек”, – деп тапсырма беруі де осы сөзімізге дәлел. Жоспарсыз маман даярлап, дипломы бар жұмыссыз жастардың қарасын көбейтудің соңы абырой әпермейді. Өңірімізде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өзге облыстарға қарағанда төмен болғанымен, бұл салада да түйінді мәселелер жетерлік. Соның бірі – жастардың ауылдық жерде тұрақтап қалмауы. Мәселен, үстіміздегі жылдың басында үш аудандағы 40 мектепке тағайындау үшін директор табылмады. Мыңдаған кадрдың ішінен мектепті басқаруға лайық жанның болмауы да көп жайтты аңғар­тады. Бұл – бізге ғана емес, өзге өңірлерге де тән мәселе. Еліміз бойынша 330 мың мұғалімнің 27 пайызы – зейнет жасына жақындаған немесе жеткен мамандар. Білім саласына енді келген жастарды тұрақтандыру оңай болмай тұр.
– Оқушы кезімнен биология пәніне қызығушылығым жоғары болды. Мектепті тамамдар кезде биологияға қатысы бар мамандықтар жайлы білгенде, ата-анам ауыл шаруашылығы саласына қатыстыларына түбегейлі қарсы болды. “Сені ауылда емес, қалада жүрсін деп оқытпақшымыз”, – дегені әлі есімде. Менің ойымша, жастар да, ата-ана да ауылдың бүгінгі әлеуметтік жағдайына қарап, қалалы жерде жұмыс істеуге болатын мамандықтарды таңдайды, – дейді биология пәнінің мұғалімі Жәмила Жылқайдарова.
Бұл жерде бар айыпты мамандық таңдауда кеткен қателікке ғана артып қоя салуға болмайды. Оқу орындарының да нарық сұранысын ескермейтіні аңғарылып тұр. Жұмыс берушілердің еңбек өтілін талап етуі де жас маманға үлкен тосқауыл. Осының бәрі – дипломы бар, бірақ жұмысы жоқ жастардың қатарын қалыңдатып отырған негізгі себептер.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.

 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика