БІЛІМДІНІҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢ

Жаңашыл ұстаз болу – заман талабы. Бұл талаптың үдесінен шығу үшін кейінгі буын педагог­тар өзін-өзі жетілдіруге, зерттеушілік қабілетін дамытуға, белсенді, сауатты, шығармашыл тұлға болуға талпынуда. Осын­дай мұғалімдердің бірі – Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі физика кафедрасының жетекшісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты Дина Құдабаева.

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-ді физик-астроном мамандығы бойынша тамамдаған Дина Құдабаева алған білімін жетілдіру мақсатында магистратураға оқуға түсіп, Швецияның Кируна қаласындағы Швед ғарыш физикасы институтында тағылымдамадан өтеді. Білімді жастың талпынысын байқаған швед ғалымдары оған институтта қалуға ұсыныс жасапты. Алайда, туған жерін, ата-анасын қимаған Дина Айтжанқызы Қазақстанға оралады. Оның бұл шешімі жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.
– 2012 жылы магистратураны тамамдағаннан кейін докторантураға түсуге бел байладым. Бірақ елімізде менің мамандығым бойынша докторантурада оқу мүмкіндігі жоқ екен. Осы кезде өзім тағылымдамадан өткен Швед институтынан Мәскеу қаласындағы А.М.Обухов атындағы атмосфера физикасы институтында аспирантураға қабылдау жүріп жатқаны, ондағы ғалымдардың менің зерттеулеріме қызығушылық танытқаны жайлы жазылған хат келді. Бұл хабарды оқи сала Мәскеуге барып, үш емтиханды үздік тапсырып, оқуға түстім, – дейді ол.
Алдына қойған мақсатына қол жеткізген Дина Айтжанқызы 2017 жылы аспирантураны тамамдап, ғылыми диссертациясын сәтті қорғады. Комиссиядағы 20 ғылым докторы мен 5 академик қаршадай қыздың біліміне, ғылымға деген талпынысына, зеректігіне тәнті болып жұмысын жоғары бағалады. Диссертациялық жұмыстар әлемнің ең ірі кітапханаларына жіберіліп, өзгелерден көшіріп алынбағандығы тексерілетіні белгілі. Жартыжылдық тексерістен сүрінбей өткен Дина Құдабаева физика-математика ғылымдарының кандидаты атанып, көптен күткен дипломы қолына тиеді. Ал өткен жылы оған PhD доктор дипломы берілді.
– Осы жылдар ішінде 10 ғылыми мақала жарияладым. Оның төртеуі шетелдік журналдарда жарық көрді. Бірқатар мақалаларым NASA AIM сайтында жарияланды, – деген Дина Құдабаева әлі де ізденіс үстінде екенін айтады. “Ең жақсы мұғалім – шәкіртінің жанын түсінеді, оны өздігінен білім алуға жетелейді” деген ұстанымға адал педагог оқушыларын ізденімпаздық пен алғырлықты талап ететін ғылым әлеміне жетелеуде. Оларды білім мен ғылымға еліктіру үшін өзі де тынбай ізденіп, білімі мен білігін жетілдіру мақсатында түрлі байқауларға қатысады. Жуырда еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептері ұстаздары арасында өткен “2020 жылдың үздік мұғалімі” байқауына қатысып, екінші орынды иеленді. Нағыз ұстаз ғана осындай жетістіктерге қол жеткізеді.

 

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика