ВИНОКУРОВТЫҢ ІЗБАСАРЛАРЫ

Атақты жерлесіміз Александр Винокуров Лондон төріндегі Олимпиадада жеңістің ең биік тұғы­ры­на көтерілгеннен кейін солтүстік өңірде чемпионға ұқсағысы келетін жас толқынның саны күрт артты. Алды жеңістерімен қуантып та жүр. Жақында велоспорттан олимпиадалық резерв­тегі мамандан­дырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының міндетін атқа­рушы Алла Винни­коваға жолығып, велоспортты серік еткен жастардың дайындығы жайлы сұрап білдік.

– Алдымен облысымыздағы велоспорт майталмандарын даяр­лайтын мектептің тарихы туралы айта кетсеңіз. Қай жылдардан бері жұмыс істейсіздер?

– Велоспорт мектебінің тарихы тереңде деп айта алмаймын. Ашыл­ғаннан бергі 24 жыл ішінде 32 спорт шебері, 118 спорт шеберіне үміткер даярладық. Араларында республи­ка­лық және халықаралық жарыстар­да жоғары нәтиже көрсеткен шә­кірттеріміз бар. Үздік спортшылар жо­ғары спорт шеберлігі мектебіне және құрлықтық “Vino SKYTeam” команда­сы­на ауысып жатады. Біздің мектептің бес түлегі спорттық мансабын аяқтаған соң жаттықтырушы-оқытушы ретінде қайта оралып, қазіргі таңда осында бала тәрбиелеумен айналысып жатыр. Олардың төртеуі кәсіпқой командалардың шабандозы болға­нын айта кеткен жөн.

– Спорт мектебінің материалдық-техникалық жағынан жарақтандырылуы қалай?

– 1998 жылдан бері өңірді айтпа­ған­да, еліміздегі велоспорттың да­муына өз үлесімізді қосып, талапты балаларды спорттың осы түріне тал­май баулып келеміз. Осы жылдар бедеріне көз салсақ, бәрі тақтайдай те­гіс болмағанын көреміз. Алдымыздан түрлі кедергілер шыққанымен, алға қойған мақсатымыздан айныған емеспіз. Тіпті қаражат тапшылығы­нан кезінде мектепті уақытша жабуға да тура келген. Десек те, мүдделі ор­гандардың түйінді мәселелерді байыптылықпен шеше білуінің арқа­сында материалдық-техникалық база­мыз анағұрлым жақсарды. Қазір мек­тепте 10-17 жас аралығындағы 300-ге жуық тәрбиеленуші жаттыға­ды. Олардың 12-сі облыс құрама­сына алынып, байрақты бәсекелерде өңір намысын қорғап жүр.

– Бір жылдары арнайы жаттығатын орын жетіспеушілігінен қиналып жүретін едіңіздер. Түйінді мәселе шешімін тапты ма?

– Велоспортшылар жыл бойы үз­бей жаттыққанда ғана спорттық ба­бын сақтай алады. Жазда жеңілірек, Явленка, Мамлютка, Архангелка бағытындағы тасжолдарды, Борки кентіндегі трассаны пайдаланамыз. Автокөлік жолы спортшылар үшін аса қауіпті. Балғындар бастарын қатерге тігіп, автокөліктермен бірге жүруге мәжбүр. Тасжол тақтайдай тегіс болса бір сәрі. Шағын ғана Бельгияда 35 мың шақырым веложолақ бар екен. Аманшылық болса, біз де сол күнге жетерміз деп армандаймыз.

Өзіміздің шағын велодромымыз да бар. Ал қыста амалсыздан жалпы аумағы 70 шаршы метрді құрайтын екі бөлмеде дайындаламыз.

– Спорт мектебі білікті бапкер­лермен қаншалықты қамтамасыз етілген?

– Елін, жерін сүйетін, жарыстарда намысты қолдан бермейтін отаншыл азаматтар тәрбиелеуде жаттықтыру­шыларға қойылатын талап ерекше, жауапкершілік жүгі ауыр. Көпжылдық жұмыс өтілі бар тәжірибелі кадрларға арқа сүйейміз. Қазір мұнда 10 бапкер жұмыс істейді.

Бұл жерде велоспорттың пайда­сы туралы да айта кеткім келеді. Зерттеулер көрсеткендей, велосипедпен көп жүрген адамның өмір жасы ұзарады екен. Бұл – күйзелістен арылу және варикоз сияқты аяқ ауруларына қарсы қолданылатын бірден-бір ем. Жүрек, өкпе, бұлшық еттер жақсы дамиды. Міне, вело­спорттың осындай артықшылықта­рын балалар сезініп өссе дейміз.

– Биылғы маусымда қандай жетістікерге қол жеткіздіңіздер?

– 2022 жылғы спорт маусымы енді басталғанымен, балаларымыз жоға­ры нәтиже көрсетуде. Қазақстан Рес­публикасының спорт шебері, Бель­гиядағы 2021 жылғы әлем чемпио­натының қатысушысы Алексей Вага­нов наурыз айында жасөспірімдер арасындағы жеке жарыста Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Жалпы еліміздің Ұлттық құрама ко­мандасының құрамында мектебіміздің 10 тәрбиеленушісі сәтті өнер көрсетіп жүр. Оның екеуі жасөспірімдер құрамына кірсе, сегізі ересектер сапында.

– Алдағы жоспарларыңызбен бө­лісе кетсеңіз.

– Спорттық-бұқаралық іс-шаралар күнтізбесіне сәйкес қалалық және облыстық жарыстар, соның ішінде тасжолдағы, велокросс және маунтинбайк додалары өткізіледі. Маусым айында 15-16 жас аралы­ғындағы жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы А.Виноку­ровтың жүлдесі үшін және 13-14 жас аралығындағы жасөспірімдер ара­сында спорт шебері А.Мартыновичті еске алуға арналған турнирлерді өткізу жоспарымызда бар.

Сұхбаттасқан

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика