БОЗКІЛЕМДЕ – ПОГОНДЫ БАЛУАНДАР

Петропавлда Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай қазақ күресінен Ішкі істер ми­нистрлігі спартакиадасының және “Динамо” дене шынықтыру-спорттық қоғамы спарта­киадасының қорытындысы шығарылды. Екі күн бойы еліміздің түкпір-түкпірінен келген 150 погонды балуан алты салмақ дәрежесі бойынша өзара үздіктерді анықтады.

Жарыстың ашылу салтанатына қатыс­қан облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев ұлттық күрестің бұл түрі күш құрылымдары қызмет­кер­лерінің арасында кең таралып келе жатқанын атап өтті. Құрметті қонақ­тар арасында жарысты мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жа­расбаев пен “Динамо” дене шынық­ты­ру-спорттық қоғамы орталық кеңесі төр­ағасы­ның орынбасары Асқар Омарқұлов тамашалады. Облыстық полиция департаментінің бастығы, по­ли­ция полковнигі Айдын Қабдұлдинов те ұлттық күрес тәртіп сақшыларын төзімділікке тәрбиелейтінін айтты.

– Қазақ күресі – көнеден келе жат­қан ұлттық спорт түрі. Төзімділік, күш-жігер және шыңдалған техника – бұ­ның бәрі қызу тартыста сәтті өнер көр­сетудегі маңызды қасиеттер. Бұл спорттық мереке – 23 маусымда атап өтілетін ел полициясының мерейтойы­на дайындықтың бір кезеңі, – деп атап өтті Айдын Қабдұлдинов.

Ішкі істер министрлігі спартакиада­сында жалпыкомандалық есеп бойынша Қарағанды облыстық полиция департаментінің командасы жеңіске жет­ті. Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті екінші орынды қанағат тұт­са, үшінші орын Алматы қаласының полиция департаментіне бұйырды. Жекелей сында Жәнібек Дүйсембаев (Алматы облысы 100+ килограмм), Александр Косачев (Алматы облысы 100 килограмм), Әсет Жүнісов (Ақмола облысы 90 килограмм), Еркеғали Қуандық (Түркістан облысы 82 килограмм), Дәурен Қамаш (Алматы қаласы 74 килограмм), Ерболат Құнанбаев (Нұр-Сұлтан қаласы 66 килограмм) үздіктер қатарынан көрінді.

Ал “Динамо” дене шынықтыру-спорттық қоғамының ведомствоаралық спартакиадасында бірінші орынды Ішкі істер министрлігінің командасы жеңіп алды. Ұлттық ұлан екінші орынға қол жеткізсе, үшінші орынға Төтенше жағдайлар министрлігінің командасы жайғасты. Аталған жарысқа “Qyzyljar arlandary” командасының өкілдері де қатысты. Батырхан Қайырбек 74 килограмм салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, “Динамо барысы” атанса, 82 килограмда сынға түскен Ела­ман Қойшыбаев күміс медальға ие бол­ды. Үздіктерге “Динамо барысы” бел­дігі табысталып, кубоктармен, гра­моталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика