ЖЕҢІСТІ ЖОЛ

Олимпиада ойындары бағдарламасына енетін су спорты елімізде қарқынды дамып келеді. Оған әлемдік, құрлықтық жарыстарда жерлестеріміз жеңіп алған жүлделер дәлел. 2016 жылы Риода өткен Олимпиадада Дмитрий Баландин алтыннан алқа тақса, мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы Паралимпиадада Зүльфия Габидуллина үздік атанды. Олардың жеңісті жолы жас өрендердің су спортына деген қызығушылығын арттырғаны сөзсіз. Облысымызда да су спортымен айналысуға бел буғандар қатары қалың. “Дельфин” мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі тәрбиеленушілерінің жеткен жетістіктері де – бір төбе.

Петропавл қаласындағы “Дель­фин” жүзу бассейнінің ғимараты 1972 жылдың желтоқсанында ашылған. 1979 жылы “Авангард” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жа­нында жүзу бөлімшесі құрылып, оның негізінде кейінірек су спорты түрлері бойынша спорт мектебі ашыл­ған болатын. 2006 жылы оған олимпиадалық резервтегі мамандан­дырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі атауы берілді.

Спорт мектебінде 10 жаттықтыру­шы жұмыс істейді. Олардың – үшеуі жоғары, екеуі бірінші және үшеуі екін­ші санатты бапкерлер. Жүзу бассей­нінде ұзындығы 25 метрді құрайтын үлкен және 12,5 метр болатын кіші бассейін мен спорт залы бар. Төрт топта 7-18 жас аралығындағы 349 бала жүзу спортымен шұғылданып жүр.

– Жүзу спортының бір артықшы­лығы, дене мүшелерінің қызметін жақ­сартып, омыртқа сүйектерінің жанын­дағы кішкентай бұлшық еттерді шы­нықтырады. Сонымен қатар сабақтан шаршап, күйзеліске ұшыраған жас­өспірімді жаман ойлардан арылтуға сеп. Суық су бойдағы жағымсыз эмо­ция мен негативті көңілді шайып әке­теді десе де болады. Баланың бойына қуат беріп, өзін сергек сезінуіне мүмкіндік жасайды. Суда жүзген ба­ланың дене бітімі түзу, буындары иіл­гіш, қимылы шапшаң келеді, – дейді жүзу спорты бойынша облыстың аға бапкері Александр Савельев.

Аталмыш мектеп ашылғалы көп­те­ген атақты спортшылар қанат қақ­ты. Солардың қатарында халықара­лық дәрежедегі спорт шебері, Афи­ныдағы Олимпиада ойындарының финалисі, Катардағы Азия ойында­рының чемпионы Владислав Поля­ков та бар. Азия чемпионы Ильдар Габ­телмаликов, Омандағы ашық суда жүзуден өткен Азия ойындары­ның финалисі Александр Труш пен 2005 жылғы Азия чемпионатының жүлде­гері Дмитрий Гапотченко да “Дель­финнің” түлектері.

Өткен жылы карантиндік шектеу­лерге қарамастан, спорт мектебінің тәрбиеленушілері 13 додаға қаты­сып, әр түрлі дәрежедегі 86 жүлдеге ие болды. Оның 29-ы алтын, 24-і күміс және 33-і қола медальдар. Спортшылар 4 республикалық додада бақтарын сынап, 24 медальға ие болса, соның 4-уі алтын, 10-ы күміс , қалған 10-ы қола.

Бүгінгі таңда “Дельфин” спорт мекте­бінің 23 тәрбиленушісі еліміздің ұлт­тық құрамаларына алынған. Ересектер арасында еліміздің намысын – 2, жастар арасында – 9, жасөспірімдер сапында 12 жеткіншек қорғап жүр.

– Сәуір айының басында біздің команда ересектер арасындағы Қазақ­стан Республикасының ашық жазғы чемпионатына қатысты, аталған до­да халықаралық жарыстарға іріктеу ретінде өтті. Жарыс қорытындысы бо­йынша қоржынымызда 2 күміс, 1 қола медаль бар. Егор Василенко 2023 жылдың қыркүйек айында Қытайда өтетін Азия чемпионатына қатысуға жолдама алды. Мирослава Пригожен­ко, Артем Казанцев, Егор Василенко Францияның Нормандия қаласында жалауы желбірейтін халықаралық жазғы мектеп ойындарына қатысу үшін ел құрамасының сапына алынды. Яна Лукьянчикова мен Егор Василенко “Азия балалары” халық­аралық ойынына барады, – дейді “Дельфин” олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Серік Қасымов.

Қазіргі уақытта спорт мектебінің тәрбиеленушілері 2006-2007 жылдары туғандар арасында Нұр-Сұлтан қа­ласында өтіп жатқан ел чемпиона­тына, Шымкент қаласында болатын 2010 жылғы және одан кіші жеткіншектер арасындағы біріншілікке дайындалуда. Жалпы биылғы оқу жы­лының соңына дейін республикалық деңгейдегі 5 жарысқа қатысуды жоспарлап отыр.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика