Желаяқтар қызылжарға жетті

Бір апта бұрын Талдықорған қаласында бастау алған “760greenkm” республикалық экомарафонға қатысушылар өңірімізге жетті.

Петропавл – тізімдегі сегізінші қала. Марафоншылар бұған дейін Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды, Нұр-Сұлтан және Көкшетау қалаларында болыпты.

Алыс қашықтықта жүгіруден бірнеше жылдық тәжірибесі бар үш әуесқой спортшы бастаған марафоншылар жексенбі күні таңғы сағат 8.00-де қала әкімдігінің алдындағы орталық алаңда жиналды.

– Мұндай марафонды өткізу идеясы биыл Барселонада триатлоннан өткен “IronMan” жарысына дайындық кезінде туды. Бұған дейін де қоғам үшін пайдалы шараға бастамашы болуды ойлап жүрген едік. Қазақстандағы экология мәселесіне қоғам­ның назарын аудару қажет деген ой келді. Спорттық шара аясында біз 760 шақырымды бағындырып, 18 күннің ішінде 18 қаланы жүгіріп өтетін боламыз. Сөйтіп, әр шаһарда 42 шақырымды еңсеріп қана қоймай, сонымен қатар жалпы 760 көшет отырғызамыз. Идеямызды қолдап, демеу көрсеткен азаматтарға алғысымыз зор, – дейді марафонға қатысушы Ғалым Чуашев.

Бұл күні саламатты өмір салтын ұстанған ондаған марафоншы жоспарлы 42 шақырымның жартысын облыс орталығының көшелерімен жүгіріп өтті. Ал қалған бөлігін “Динамо” дене шынықтыру спорт қоғамының ста­дионында жалғастырды. Әр жеті шақырым сайын демалуға тоқтаған жүгірушілердің жағдайын ақ халаттылар бақылап отырды. Шара соңында марафонға қатысушылар қалалық Мәдениет және демалыс саябағында 42 көшет отырғызды. Ұйымдастырушылар қоршаған ортаға көңіл бөлген әр қазақстандық бір көшеттен отырғызған жағдайда елімізде экологиялық жағдайдың түзелеріне сенімді екендерін жеткізді.

Экологиялық марафонның соңғы нүктесі 7 қазан күні Алматы қаласында қойылады деп күті­луде.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика