БАЛУАННЫҢ БАБЫН ТАПҚАН БАПКЕР

Облыс орталығынан шалғай орналасқан Ақжар ауданы ел үшін қызмет етіп, құрмет деңгейінен көріне білген азаматтарымен мақтана алады. Олардың қатарында әдебиеттанушы, профессор Серік Негимов, әйгілі балуан Малғаждар Омаров, мемлекет және қоғам қайраткері Қажымұрат Нағыманов сынды белгілі тұлғаларды атауға болады. Ауданымызда осы аты аталғандардан кем көрмейтін, өнеге тұтар аға буын өкілдері де аз емес. Өмірінің басым бөлігін спорт саласына арнап, қазақ күресінен талай кәсіби спортшыны тәрбиелеген Жанболат Мүсіпов – солардың бірі.

Тәуелсіздіктің ауасымен ты­ныстаған жылдары Ақжар ауда­нының өсіп-өрендеуі экономика­сынан, спорты мен білім, мәде­ниетінің дамуынан көрінсе керек. Айтса айтқандай, ауданда бұл са­лалардың барлығында да ерек­ше серпіліс байқалды. Да­муы­мыздың барометріндей болған оң істерді аудан халқы да сезіну­де. Бұл уақытта спорттың ден­сау­лық кепілі екендігі ұмыт қал­дырылған жоқ. Спорттың дамуы саламатты өмір салтын қалып­тас­­тыруға жасалған игі қадам еке­ні анық. Барлық тірліктің алға басуы жанашырлық пен қамқор­лық, нақты қолдаулар арқылы іс­ке асатыны аян. Қолдаудың ая­лы алақанын сезінген жергілікті жастардың шар болаттай ширы­ғып, алдына биік мақсаттар қоя­тыны хақ. Әсіресе, ауылдарға, шағын елді мекендерге көп көңіл бөлініп жатқаны қазақтың талай қара домалақ балаларының се­німін нықтап, үмітін үстемелей­ті­ні даусыз. Ақжарлық спортшы­лар бәсі биік додаларда жеңістің биік тұғырына көтеріле білді. Жер­­лестеріміздің толайым та­бы­­сы талай жастың жігерін жа­ны­ды. Сол жетістіктердің өмір­шең болуына Жанболат Мүсіпов бір адамдай үлесін қосқан болатын.

Жанболат Ешкенұлы 1964 жы­лы Ақжар ауданындағы Ұялы ауылында дүниеге келген. Кейін Ақмола облысындағы Көкшетау университетіне оқуға түсіп, дене шынықтыру және спорт маман­дығын меңгереді. Дипломын кеу­де­сіне басқан азамат 1981 жылы Уәлиханов ауданындағы Чапаев ауылында еңбек жолын бастай­ды. Әр жылдары мектепте дене шы­нықтыру пәнінің мұғалімі, "Ұя­лы" кәсіподақ кеңесінің төраға­сы, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушы­сы, білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы және бөлім басшысы қызметтерін атқарады. Ол мемлекеттік қыз­метте жүрсе де, күрестен алыс­тамады. Ұлттық спортымыздың жанашыры бүгінгі таңда Ақжар ау­данындағы балалар-жасөс­пі­рімдер спорт мектебінде бапкер­лік қызметті абыроймен атқарып келеді. Балуан әрі бапкер ретін­де алған марапаттары да аз емес.

Ақжар және Уәлиханов аудан­дарында атадан балаға мұра бо­лып қалған төл өнер – қазақ күре­сінің жақсы дамығаны белгілі. Жанболат Мүсіпов те бар уақы­тын өскелең ұрпақты күрес өне­рі­не тәрбиелеуге жұмсауда. Атап айтқанда, 1988-2018 жылдар ара­лығында ел ағасының қазақ кү­ре­сінен аудандық және аудан­ара­лық сайыстарды ұйымдас­тыруға атсалысқанын біреу біл­се, біреу білмес. Әсіресе, 1992-1996 жылдары Ахметжан Қазым­бетовты еске алуға арналған ауданаралық турнирлерге мұ­рын­дық болған еді. ҚСРО-ның құр­метті спорт шебері, Қазақстан КСР-ның еңбек сіңірген жаттық­тырушысы, Қазақстанның жеті дүр­кін чемпионы Ахаң кеңес за­манында республикалық "Қай­рат" ерікті спорт қоғамын да көп жыл басқарған болатын. Ұялы ауылында кіндік қаны тамған ол залда аянбай тер төгіп, одақтық деңгейдегі біріншіліктер мен тур­нирлердің жүлдегер балуаны­ның бірі әрі бірегейі бола білді. Осындай асыл тұлғаның тәлімін алып, соған қарап бой түзеген, оның ізін жалғаған азаматтар аз емес. Солардың қатарынан көрі­нуді алдына мақсат етіп қойған Жанболат Ешкенұлы мектепте оқып жүрген кезінде қазақ күре­сімен айналысуға бел буады. Ба­ғына орай қазақ күресінің білікті ма­маны Ақжар ауданының құр­мет­ті азаматы, Қазақстан Рес­пуб­ликасының құрметті спорт қай­раткері, ҚазССР-іне еңбегі сің­ген бапкер Малғаждар Омаров­тың шәкірті атанады. 1974-1976 жылдары ауыл мектебінде білікті бапкердің жетекшілігімен жат­тыққан ол аудандық және об­лыс­тық біріншіліктерде боз кілемнің шаңын қағып, жүлделі орындар­ға ие болады. Ал 1989 жылы Жам­был облысында өткен рес­пу­бликалық турнирде спорт ше­бері нормативін орындайды. Жер­лесіміздің төл өнерді дамы­тып, өскелең ұрпақ арасында насихаттау жолында атқарған еңбегі ескеріліп, Көкшетау қала­сында "Жоғары санатты төреші" атағына ие болады. Тәжірибелі бапкер бүгінге дейін бір топ спорт шеберіне үміткерлер мен спорт шеберлерін даярлаған. "Ұстаз­дан шәкірт озса игі" демекші, оның шәкірттері қазақ күресінен өткен республикалық сайыстар­да топ жарып, жүлдегерлер қата­рынан көріне білді. Тәжірибелі маманға 2014 жылы елімізде ал­ғаш рет Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен өткізілген "Қазақстан барысы" республикалық тур­ни­рінде төреші болу бақыты бұйыр­ды. Бұл ақжарлық спортшының көпжылғы еңбегіне берілген зор баға еді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Ақжар ауданының орталығында Малғаждар Омаровтың құрме­тіне қазақ күресінен республика­лық турнир өткен болатын. Сол сайыста Жанболат Мүсіпов өзінің ұстазына "темір тұлпар" мін­гізіп, құрмет көрсеткенді. Жо­ғары кәсіби шеберлікке ие, тәжі­рибелі ұйымдастырушы, мінезі ашық әрі көңілі дарқан ел аға­сына қандай құрмет көрсетілсе де артық емес.

Серік ӘБІЛХАМИТОВ,

Көкшетау қалалық әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика