АҒЫСҚА ҚАРСЫ ЖҮЗГЕН

Әр спорт түрінде өзгелерден оза шауып, дара атанған жандар болады. Мәселен, футбол десе, алдымен Пеле мен Марадона еске түссе, күрзі жұдырықты жігіттер туралы айтқан кезде алғаш болып Мұхаммед Әли мен Майк Тайсонды сөз қыламыз. Аталмыш спорт түрлерінің насихаты жақсы болғандықтан, ол жердегі чемпиондардың да атын жиі естиміз. Ал, керісінше, кейбір сайыс түрлерінде адам сенбес ерліктер жасап, сан мәрте чемпион атанса да, насихаттың тапшылығынан тасада қалып қоятын спортшылар бар. Солардың бірі – ескек есу спортының серкесі, Швецияның бағына туған даңқты спортшы Герт Фредриксон.

Герт Фредриксон 1919 жылы 21 қарашада Нючепинг қаласын­да дүниеге келген. Спорттық мансабында 6 рет Олимп биігіне көтеріліп, 7 дүркін әлем чемпионы атанған. Сондай-ақ, оның Швеция чемпионатында 71 медаль олжалап, 32 мәрте жеңістің бірінші сатысына көтерілгені де көпшіліктің қызығушылығын тудыратын дерек екені даусыз. 2006 жылдың 5 шілдесінде дүниеден өткен даңқты спортшы өмірінің соңына дейін Швеция құрамасының жаттықтырушылар тобында қызмет еткен.

Герт Фредриксон 1948 жылы өзінің алғашқы ірі жарысына қатысады. Сол жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында ешкім Герттен жүлде күткен жоқ еді. Себебі, ол кезде швед спортшысы отыз жасқа келіп қалғанды. Сондықтан ол бас бәйгенің басты үміткері болып саналмады. Соған қарамастан, Лондонда 10000 және 1000 метр қашықтықтарда жеңіске жетіп, екі дүркін Олимпиада чемпионы атанады. Аталмыш Олимпиадада ескек есушілер Темза өзенінде сайысқан болатын. Ағысқа қарсы жүзу спортшылар үшін өте қиынға соқты. Тіпті, қайықтар суда емес, қоймалжың кілегейде жүзіп келе жатқандай әсер қалдырды. Тек соңғы сәтте Фредриксон бар күшін салып, суырылып алға шығып, мәре сызығын бірінші болып кеседі. Сонымен қатар сол жылы Лондонда әлем чемпионаты өтіп, ол жерде де Фредриксонның бағы жанды. Алдымен, 1000 метрлік жарыста топ жарса, кейін командаластарымен 4x500 метр қашықтықта әлем чемпионы атанады. Содан бері швед спортшысы өзі қатысқан әрбір Олимпиада мен әлем чемпионаттарында қанжығасына кем дегенде екі жүлде байлап отырды.

Мәселен, 1950 жылы Копенгагендегі әлем чемпионатында екі алтын (1000 м., 4х500 м.) және бір күміс (10000 м.) медаль алса, 1952 жылы Хельсинки Олимпиадасында 1000 метрде чемпион атанды. Дегенмен, бұл аламанда тағы да 10000 метрлік қашықтықта қарсыласына жол беруге мәжбүр болды. 1954 жылғы әлемдік сайыста 500, 1000 және 4x500 метрлік сайыстарға қатысып, барлығында жеңіске жетті. Араға екі жыл салып, Мельбурн Олимпиадасында сегіз жыл бұрынғы жетістігін қайталап, екі қашықтықта да чемпион атанды. Яғни, 1000 метр мен есесі кетіп жүрген 10000 метрлік сайыста алдына жан салмайды. Дегенмен, келесі әлем чемпионатында алтын жүлдесіз қалды. 500 метрлікте күміспен күптелсе, 1000 және 4x500 метрлік қашықтықта қола жүлдемен ғана шектелуге мәжбүр болады. Осы кезде көпшілік Фредриксонды спортпен қош айтысады деп ойлаған. Алайда, 1960 жылғы Рим Олимпиадасына келген кезде таңғалмаған жан болмады. Өйткені, бұл кезде спортшының жасы 41-де еді.

Рим Олимпиадасынан кейін жарыс бағдарламасына өзгеріс енгізіліп, ендігі кезекте спортшылар тек 1000 метрге ғана сайысатын болды. Бұл сында қола жүлде алған Герт Фредриксон небәрі 45 минут демалып, командадағы әріптестерімен бірге 4x500 метрлік эстафеталық жарысқа қатысады. Осылайша, қатарынан төртінші Олимпиадада чемпион атанған тұңғыш спортшы ретінде есімі тарихта қалды. Иә, шведке дейін мұндай көрсеткішке қол жеткізген ешкім жоқ. Жалпы, төрт Олимпиадада қатарынан атой салған небәрі төрт спортшы бар. Олардың алғашқысы Герт Фредриксон болса, қалғаны – АҚШ-тың жеңіл атлеттері Альфред Ортер (1956, 1960, 1964, 1968) мен Карл Льюис (1984, 1988, 1992, 1996) және семсерлесуден қарсылас шақ келтірмеген КСРО спортшысы Виктор Сидяк (1968, 1972, 1976, 1980).Рим Олимпиадасында шведтің өнерін Рим папасы Иоанн ХХІІІ қалт жібермей қадағалаған екен. Олимпиадаларда барлығы 6 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль олжалаған Фредриксон бұдан кейін де бірнеше рет жарыстарға қатысады. Алайда, Италиядағы жарқын жеңістен кейін ешқандай сайыста жүлдеге іліге алмады. Дегенмен, бұл оның атақ-даңқына ешқандай нұқсан келтірмегені сөзсіз. Шебер 1977 жылы спорттан біржола қоштасқан. Байдарканы серік етіп, бәйгеге түскен спортшылардың ішінде әзірге Фредриксонның нәтижесін басып озбақ тұрмақ, қайталаған ешкім жоқ. Мүмкін, болашақта аталмыш спорттың тарихына өзгеріс енер. Ал оған дейін байдарка бәсекесінің басты тұлғасы Герт Фредриксон болып қала бермек.

Ернар МАҚСОТҰЛЫ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика