ЕЛБАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМАЛАРЫ — ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІГІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН БАҒДАРЛАМАЛАР

Өткен жылы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Президенттің Бес әлеуметтік бастамасы” жөнінде халыққа арнаған Үндеуінде: “Бұл қадам талайдан бері менің көкейімде жүр. Бірақ Қазақстан алдымен бойына күш, қазынасына қаржы жинап, қуатты елге айналуы керек еді. Міне, сол күн де туды!” – деп, әрбір қазақстандық отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмыскерлердің еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие беруді көбейту және елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру жөніндегі кең ауқымды шараларды жариялаған болатын. Олар ел экономикасының алға басуының, қоғамдағы саяси тұрақтылықтың арқасында жүйелі іске асырылып қана қоймай, ауқымдары одан әрі кеңейтіле түсуде.

Парламент Елбасының ел игілігіне бағытталған бастамаларын қажеттілігіне қарай заңнамалық тұрғыдан уақтылы қамтамасыз етті. Мәселен, Мәжілістегі “Nur Otan” партиясы фракциясына мүше – депутаттардың бастамасымен қолданыстағы заңнамаға “7-20-25” бағдарламасын іске асыруға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді.
Аталған бағдарлама бойынша былтыр екінші деңгейлі 8 банк арқылы 4350 отбасының өтінімдері мақұлданып, соның 3497-сі жалпы сомасы 42 миллиард теңгенің жеңілдетілген несиесін алды. Әйткенмен, 1237 отбасының өтінімдері қанағаттандырылған жоқ. Бұған олардың жеткілікті кірісі болмауы және несиелік тарихының нашарлығы, яғни бұрынырақ банктерден алған қарыздарын өтемегендігі себеп болды.
Көптеген азаматтардың 20 процент мөлшеріндегі бастапқы жарнаны төлеуге мүмкіндігі жоқтығын ескерген Елбасы 2018 жылғы 5 қазанда жария еткен “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауында әкімдерге жергілікті бюджет есебінен біліктілігі жоғары педагогтарға, медицина қызметкерлеріне, полицейлерге және өңірге қажетті басқа да мамандарға тұрғын үй сертификаттарын беруді тапсырған болатын. Бұл ретте Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі өзге өңірлерге өнеге көрсетіп, баспанаға мұқтаж 100 отбасының әрқайсысына бастапқы жарнаны төлеу үшін 1 миллион теңге мөлшерінде қаржылай көмек берді.
Қазір “7-20-25” бағдарламасын іске асыру тетіктерін одан әрі жетілдіру қарастырылуда. Осы орайда біздің сайлаушылармен болған кездесулерімізде ата-аналар өз балаларына жеңілдетілген ипотекамен баспана сатып әперуге рұқсат беруді сұрағандығын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде қызмет істейтін мұғалімдер мен дәрігерлер де аталмыш бағдарламамен қаладан пәтер сатып алғылары келеді. Үкімет тұрғын үй жағдайларын жақсартуды ойлаған қазақстандықтардың әртүрлі топтарының сұраныстарын мұқият зерделеп, қолда бар мүмкіндіктерге қарай тиісті шешімдер қабылдайды деп сенеміз.
Елбасы кірісі төмен көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың қамын ойлап, “Nur Otan” партиясының ХVIII съезінде оларға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несие өсімінің мөлшерлемесі 2-3 процентті құрайтын тұрғын үй займдарын беруді тапсырғаны мәлім. Бұл мақсатқа жақында республикалық бюджетті нақтылау кезінде 50 миллиард теңге бөлу қарастырылды. Осы игі бастамаға 7 жыл ішінде 350 миллиард теңге жұмсалмақшы. Мұның өзі жыл сайын 6 мың көпбалалы отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Елбасының жалақысы төмен жұмыскерлердің еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту жөніндегі бастамасы да заң жүзінде негізделіп, жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылдан бастап жалақысы 25 айлық есептік көрсеткіштен (немесе 63 мың 125 теңгеден) төмен 2 миллионға жуық адамның жеке табыс салығының мөлшері бұрынғы 10 проценттен 1 процентке дейін азайтылды. Бұған қоса, Елбасы “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауында Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырған болатын. Бұл тапсырма да заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етіліп, іске асырылды. Соның нәтижесінде барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның жалақысы көбейтілді. Сондай-ақ, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға өсірілді.
Халықтың әлжуаз топтарын әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатын көздеген Елбасының “Nur Otan” партиясының ХVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың жиынтық кірісін есептеу кезінде мынадай төлем түрлері – “Күміс алқамен” және “Алтын алқамен” наградталған көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар, мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы және студенттік стипендиялар есепке алынбайтын болып шешіліп, заңдастырылды. Осы жөнінде Мәжіліс депутаттары өткен жылғы қарашада болған “Үкімет сағатында” Үкіметке тиісті ұсыныстар енгізген болатын.
Сонымен қатар қазір қоғамда отбасылардың жиынтық кірісінен зейнетақы төлемдерін де алып тастау қажет деген пікір айтылуда. Осыған орай Үкімет отбасы кірісінің әрбір түрін жиынтық кіріске кіргізудің қаншалықты орындылығын талдай отырып, алдағы уақытта тиісті шешімдер қабылдауы қажет.
Елбасының “Nur Otan” партиясының ХVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес 2019 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтық қызметшілердің, мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы 30 процентке көтеріледі. Бұл шара денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа салалардағы 1 миллионнан астам азаматтық қызметшінің әл-ауқатын біршама арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі буын қызметкерлерінің жалақысы орташа алғанда 25 процентке көбейтіледі.
Сонымен бірге депутаттар жалақыны есептеу үшін негіз ретінде қарастырылып келген базалық лауазымдық айлықақыны алып тастау арқылы еңбекке ақы төлеу жүйесін қайта қарау туралы ұсыныс айтып жүр. Бұл ретте базалық лауазымдық айлықақының мөлшері 2011 жылдан бері өсірілмегенін де ескерген жөн. Біздің ойымызша, келешекте базалық есептеу көрсеткіші ең төменгі жалақы болғаны дұрыс.
Елбасының жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту жөніндегі бастамасы да іске асырыла бастады. Осы мақсатта Парламент кейбір заңнамалық актілерге жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша тиісті түзетулер енгізіп, студенттік жатақханалар құрылысы үшін және мемлекеттік гранттар санын көбейту үшін құқықтық негіздер жасады.
Үстіміздегі оқу жылында білім гранттарының саны 20 мыңға ұлғайтылды. Қазіргі таңда 69 мың 59 студент жоғары оқу орындарында мемлекет есебінен оқып жүр. Жоғары білімді техникалық кадрлар мен ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға жұмсалатын шығын әрбір грантқа шаққанда 346,6 мың теңгеден 635,8 мың теңгеге дейін көбейтілді.
Әйткенмен, ветеринария саласының мамандарын даярлауға бөлінетін бюджет шығындары бұрынғы мөлшерде қалғандығы қисынсыз деп санаймыз. Алдағы уақытта бұл мәселе де оң шешімін табуы тиіс.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазір 91 мың студент жатақханаға мұқтаж. Өткен жылы оқу орындары өз қаражаттары есебінен жалпы саны 2780 студентке арналған 10 жатақхананы пайдалануға берген. Үстіміздегі жылы тағы 5 мың студентті жатақханамен қамтамасыз ету жоспарланған болса, іс жүзінде қазір 8 мың 294 орынға арналған жатақханаларды пайдалануға беру жөнінде 19 шарт жасалған.
Бірақ бұл ретте ойланарлық мәселелер де бар. Мысал үшін, біз жуырда елордадағы KAZGUU университетінің жаңадан салынып, іске қосылған жатақханасын аралап көргенімізде студенттердің тұрып жатқан бөлмелері олардың санына шаққанда тарлық қылатынын, яғни санитарлық нормаға сай еместігін аңғардық. Жоғары оқу орнының басшылығы осы жайлы айтылған сыни ескертпеге құлақ асып, орын алған кемшілікті түзетуге уәде берді. Демек, студенттік жатақханаларды салу барысында орын санын қуалап, көзбояушылыққа ұрынуға жол бермеу қажет.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Семей мемлекеттік медицина университетінің республикалық бюджеттен 2 миллиард 246 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген 1000 орындық студенттік жатақханасының құрылысы 2014 жылдан бері салынып бітпей, қазір тоқтап тұрғандығын ескермей болмайды. Мұндай сорақы кемшіліктің себебі – аталған нысанды салу бойынша өткізілген конкурста материалдық-техникалық базасы да, құрылыс салу тәжірибесі де мүлдем жеткіліксіз, екінші санаттағы құрылыс ұйымы жеңіске жеткендігінде. Сондықтан да студенттік жатақхана сияқты маңызды нысандарды салуға тек бірінші санаттағы құрылыс ұйымдарын тарту мәселесін қарастырған жөн деп білеміз.
Елбасының шағын несие беруді көбейту жөніндегі бастамасын іске асыруға өткен жылы республикалық бюджеттен қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, қаржыландыру көлемі 62 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды. Алайда, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған осынша қаржының 59,5 миллиард теңгесі немесе 95 проценті ғана игерілген. Бұл бағытта Қызылорда (132 процент), Батыс Қазақстан (116 процент), Жамбыл (114 процент), Алматы (110 процент) және Солтүстік Қазақстан (109 процент) облыстары жақсы нәтижелерге жеткен, ал Астана (34 процент) және Алматы (36 процент) қалаларында, Павлодар (75 процент) және Маңғыстау (82 процент) облыстарында мемлекет қазынасынан бөлінген қыруар қаржының елеулі бөлігі игерілмей қалған.
Біз ауылдық елді мекендерде болған сайын жеке кәсібін ашқысы келетін азаматтардың екінші деңгейлі банктердің филиалдары талап ететін кепілдің болмауына байланысты несие ала алмай жүргендіктері жайлы шағымдарын естіп жүрміз. Өйткені, оларға ауадай қажетті ақпарат жетпей жатыр. Айталық, олар “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы (АҚ) ауылдағы тұрғын үйлерді де, жерді де, автокөлікті де, өзге техниканы да кепілдік мүлік ретінде қабылдайтындығынан бейхабар болып шықты. Осы қор былтыр “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті қолдау” бағдарламасы аясында жалпы сомасы 30 миллиард теңгені құрайтын 9 мыңға жуық шағын несие берген. Ал биыл ауыл кәсіпкерлерін несиелендіру көлемін 50 миллиард теңгеден асыруды көздеп отыр.
Өткен жылдан бастап сатып алынатын ауылшаруашылық техникасы үшін субсидия беру де енгізілген. Атап айтқанда, лизингтік компаниялар техника алу үшін сұрайтын 25 проценттік бастапқы төлемді шаруалар “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті қолдау” бағдарламасы бойынша берілетін субсидия арқылы төлей алады.
Жалпы, ауыл тұрғындары кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін адамдарға мемлекет тарапынан әртүрлі жеңілдіктер қарастырылып отырғандығын және “Сыбаға” сияқты бағдарламалардың тиімділігін біле бермейді. Себебі, оларды көпшілікке түсіндіру, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау жеткіліксіз. “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ басқармасының төрағасы Жандар Омаровтың айтуынша, тіпті мемлекеттік телеарналардың өздері де мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру үшін қыруар ақы төлеуді сұрайды екен. Халық үшін өте маңызды ақпараттың қалың бұқараға жетпей, қолға алынған кейбір маңызды істердің онша өрге баспай тұрғандығының бір кілтипаны осында. Сондықтан мемлекеттік тапсырысты орындайтын республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында жаппай кәсіпкерлікті насихаттауға арналған айдарлар мен бағдарламалар ашып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын барынша жандандыру қажеттігі анық.
Қыста жағылған көмірдің қара түтіні будақтап, тынысты тарылтып тұратын өңірлердің тұрғындары Елбасының елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру жөніндегі бастамасының игілігін көретін күн де алыс емес: “Сарыарқа” магистральды газ құбырының бірінші кезеңіндегі желісінің құрылысы өткен жылғы желтоқсан айында басталды. Оны аяқтау және гидросынақтан өткізу үстіміздегі жылдың соңына белгіленіп отыр. Осы мақсатқа әртүрлі қаржыландыру көздерінен 267,3 миллиард теңге жұмсалмақшы. Газ құбырын салу барысында 1690 жұмыс орны құрылады, ал оны пайдалану кезінде 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Энергетика министрлігінің мәліметіне қарағанда, келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласына, Ақмола және Қарағанды облыстарының елді мекендеріне “көгілдір отын” беріле бастайды.
Түйіндей айтсақ, Елбасының әлеуметтік бастамалары бүгінгі таңда ел билігіндегі салиқалы сабақтастықтың арқасында дәйекті жалғасын тауып, халық игілігіне бағытталған, аса маңызды әрі ұзақмерзімді бағдарламалар ретінде іске асырылу үстінде.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

“Nur Otan” партиясы фракциясының мүшесі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика