ОНЛАЙН ТІРКЕЛГЕНДЕР ЕКІ ЕСЕ КӨП

Жыл басынан бері 1,2 миллион­нан астам қазақстандық тұрғылықты жері бойынша “Электронды үкімет” порталы арқылы тіркеуге тұрды. Ал 699 мың қызмет алушы халыққа қызмет көрсету орталығына барып тіркелуді жөн көрген. Осылайша, 2020 жылы “egov.kz” порталындағы “Қазақстан Республикасы азаматтарын тұрғылықты жер бойынша тіркеу” қызметіне сұраныс екі есеге жуық өскені байқалады. Өткен жылдың сәйкес мерзімі ішінде көрсеткіш түбегейлі басқа болған. ХҚО арқылы 2,1 миллионнан астам қызмет алынса, 726 мың тіркеу “Электронды үкімет” порталында жүзеге асқан.

“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы мамандарының айтуынша, электронды қызметтерге деген сұраныстың күрт өсуі “COVID-19” пандемиясы мен төтенше жағдай кезінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жабылуына байланысты болған. Пандемия электронды қызметтердің дамуына үлкен серпін берді. Егер бұрын үлкен де, кіші де қарапайым анықтамалар алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына баруды жөн көретін болса, карантин жағдайында денсаулықтарына алаңдаған азаматтар мемлекеттік қызметтерді өз бетінше онлайн түрде ала бастады. Күн сайын мыңда­ған адам қызмет алуға жүгінетін мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдері сұранысқа ие болуда. Азаматтарға бұдан да күрделі қызметтерді ұсыну мүмкіндігі жасалуда.

“Электронды үкімет” порталында тұрғылықты жері бойынша тіркелу үшін өтініш берушінің және жылжымайтын мүлік иесінің элек­тронды цифрлық қолтаңбасы болуы керек. Тіркелуші азамат өтініш жасап, мүлік иесі оны растауы тиіс. Тұрғындарды тіркеу қызметін “Азаматтық, миграция және иммиграция” – “Халықты тіркеу және тіркеу есебінен шығару” бөлімінен табуға болады.

2019 жылдың маусым айынан бастап азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметін “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері жүзеге асыра бастады. Бұл халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесіне сәйкес тіркеу қызметтерін ұсынуға мүмкіндік берді, сондай-ақ, көші-қон полициясының деректер базасына тіркеу мүмкіндігі бар қызметкерлердің санын көбейтіп, осы қызмет түріне кезекті азайтты.

Әсет ҚАНАФИН.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика