ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫН БОЛУЫМЫЗ ҚАЖЕТ

Азаматтардың мүддесіне қызмет ететін “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” құру міндеті құқық қорғау жүйесінен жұмысты бұрынғыдан да ширата түсуді қажет етеді. Ендігі орайда адамдардың түрлі мәселелер бойынша арыз-шағымдарын тыңдап, көріп қана қою аздық етеді. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты орындалмайтынын ерекше атап көрсетті. “Әділетті мемлекет” құру тұжырымдамасын жариялап, осы тұрғыдан құқық қорғау және сот жүйелеріне жаңа талаптар жүктеді. Бұдан былай азаматтардың сұраныстарына бірінші кезекте ықылас таныту, құқығы мен бостандықтарына нұқсан келтірмеу мүдделігі мен кепілдігі бұрынғыдан да арта түсетін болады. Қалыптасқан ахуалға орай бейімделу, халықаралық тәжірибелерді игеру, мүмкіндіктерді дұрыс пайдалану, таптаурын дағдылардан бас тарту жаңашылдыққа, ізденіске, жедел іс-қимылға ұмтылдырары, ең бастысы, қылмыстарды анықтайтын жедел процессуалдық шешімдер қабылдауда қателіктерден сақтандырары сөзсіз.

Облыстық полиция департаментін қылмысты азайту, қызмет сапасын көтеру, тиімділігін арттыру бағытында көптеген жұмыстар күтіп тұр. Қылмыс туралы барлық арыз-хабарламалар бойынша шұғыл әрекет ету, қолданыстағы заңнамаға сәйкес уақтылы есепке алу-тіркеу, ұдайы бақылауда ұстау қоғамдық тәртіп пен құқық бұзушылықтың алдын алуға игі ықпал жасары анық. Сонда ғана полиция жұмысының ашықтығы мен жариялылығы қамтамасыз етіліп, халықтың оған деген берік сенімі беки түседі. Жолдауда атап көрсетілгендей, “Жұртқа жақын полиция” қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Осыған орай учаскелік полиция инспекторлары институтын жетілдіру, олардың мәртебесін арттыру, рөлін кеңейту уақтылы қабылданған шара екенін баса айтқым келеді. Облыс аумағында 202 учаскелік полиция пункті құрылған. Тұрғындармен 289 инспектор жұмыс істейді. Полицияның бұл бөлігіне әкімшілік құқық бұзушылықтардың, рецидивтік және жасөспірімдер қылмысының, масаң күйде және отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын заң бұзушылықтардың алдын алу секілді ауқымды міндеттер жүктелген. Негізінен азаматтардың өтініштеріне ден қою және бұрын сотталған, пробация қызметінің есебінде тұрған, әкімшілік бақылауға алынған адамдарды, қолайсыз отбасыларды және есепте тұрған басқа да адамдарды тұрақты түрде тексеруді жүзеге асырады. Әрқайсысымен профилактикалық шаралар жүргізіп, жағдайын зерделеу, ықтимал құқық бұзушылықтарды ескертудің қылмыстардың жасалу ықтималдылығына әсері айтарлықтай. Бұдан басқа, учаскелік инспекторлар барлық іздеу жұмыстарына, жедел-іздестіру іс-шараларына да қатысады.

Жұмысымыздың келесі бір маңызды бағыты – халықпен жиналыстар және есептік кездесулер өткізу. Онда тек құқықтық тәртіптің жай-күйі ғана емес, аула іші мәселелері, жекелеген пәтерлердің проблемалары кеңінен талқыланады. Учаскелік инспектор барлық мән-жайды анықтап, адамдардың ескертулері мен өтініш тілектеріне құлақ асуға міндетті. Мұның бәрі “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыру негізінде жүзеге асырылады. Бұл қызметті “жауапкершілігі зор міндет” деп атау тегіннен-тегін емес. Учаскелік инспекторлар халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтіндіктен, ең маңыздысы жұртшылықтың сенімі, қоғамда тәртіпсіздік пен құқық бұзушылыққа төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру, құқықтық мәдениетті арттыру болмақ.

Тарихи құжатта барлық озық елдерде полиция институты сервистік модель негізінде дамып келе жатқаны алға тартылды. Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мүмкіндіктер көп. Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, олардың құқығын қорғауға тиіс. Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғынбаевтың бастамасымен 2020 жыл “учаскелік инспекторлар жылы” ретінде жарияланып, оның аясында көп іс тындырылды. Ішкі істер органдары учаскелік инспекторлардың халықпен қарым-қатынасын барынша жақындату мақсатын қойды. Петропавл қаласындағы көпқабатты үйлердің кіреберістеріне учаскелік полиция инспекторларының суреттері және байланыс нөмірлері көрсетілген постерлер ілінді. Осы арқылы әрбір тұрғын өзінің учаскелік инспекторын танитын және телефон нөмірін білетін болды. Облыс орталығының барлық учаскелік полиция пунктері бейнебақылаумен жабдықталған. Инспекторлар үздіксіз бейнемониторинг жүргізе алмайды. Дей тұрғанмен, камералар учаскедегі жағдайды бақылауға, құқық бұзушылықтарды жедел анықтап, ашуға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері учаскелік полиция инспекторларының көмегімен 16 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде қоғамдық орындарда масаң күйде жүрудің 3600-ден астам, түнгі уақытта тыныштықты бұзудың 1400-дей фактісі тіркелді. Бұдан бөлек, учаскелік инспекторлардың қатысуымен 1810 қылмыс әшкереленді.

Жасыратыны жоқ, материалдық жолмен алғыс білдіру қалыпты жайтқа айналып барады. Осындай жағымсыз құбылыстардың жолын кесу қызмет көрсету саласындағы басым бағыттардың бірі саналады. Цифрландыру, автоматтандыру үдерістері тәртіп сақшыларының жұмысын жеңілдетумен қоса ашықтықты, айқындықты қамтамасыз етеді. Бүгінде патрульдік полиция қызметкерлерінің планшеттермен хаттамалар толтыруы, көші-қон қызметінде сервистік модель үлгісінде құжаттардың рәсімделуі таңсық емес. Полицейлер қызметінің 90 пайыздан астамы электронды форматқа көшкен. Қылмыстарды анықтау мен тергеудің 43 пайызы осылайша жүзеге асырылады.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық көрсеткіші екі есе азайғанына қарамастан, әр фактіні төтенше жағдай ретінде қарастырып отырамыз. Өзіндік қауіпсіздік басқармасы төрт қызметкерге қатысты қылмыстық тергеу амалдарын жүргізуде. Қарамағындағы қызметкерлердің заңсыз әрекеттері үшін құрылым басшылары жазаға тартылды. Жолдауда мемлекеттік қызмет жүйесін қайта жүктеу мәселелеріне баса назар аударылып, құқық қорғау органдарына да зор жауапкершілік жүктелгендіктен, тұрмыстық жемқорлықтың кез келген түрімен ымырасыз күрес жүргізіледі.

Марат ТӨЛЕБАЕВ,

облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика