Игі істерге ұйытқы болған ұйым

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде: “Басты игілік – халықтар достығын қазақстандықтардың бір ғана ұрпағы сомдаған жоқ. Бүгіндері біз­дің тарихымыздағы көп жағдайды қайта ойлай келіп, біздің осы байлығымызды жоғалтуға, жақсы дәстүрімізді ұмытуға қақымыз жоқ”, – деп атап көрсеткен болатын. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық келісімге жетудің бірегей институты ретінде бекіп қалыптасса, беделді саяси құрылымның аясында біріккен, басты қызметі бір шаңырақ астында өмір сүретін халықтың тату-тәтті тірлігі мен ауызбірлігіне бағытталған этномәдени орталықтарға жүктелетін міндеттер ауқымы өте кең. Қоғамның әлеуметтік-саяси өміріне белсене араласумен қатар өзара үнқатысуды, берік сенім мен тәжірибелік құндылықтарды тиімді диалог алаңына айналдыра білген түрлі диаспора өкілдері өңірдің дамуына, экономиканың өркендеуіне, әлеу­меттік мәселелердің орнықты шешілуіне жұмыла атсалысып келеді.

Этномәдени ұйымдар төрағаларына “Қазақстан халқы Ассамблеясына – 25 жыл” мерекелік медалін тапсыру рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов құттықтау сөзінде биыл ширек ғасырлық мерейтойы кеңінен атап өтілетін Қазақстан халқы Ассамблеясының барша қазақстандықтарды бір арнаға, ортақ мақсатқа топтастырушылық, жетелеушілік, достыққа, бейбітшілікке негізделген тұрақтандырушылық рөлін ерекше атап өтті. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының, этномәдени ұйымдардың бастамашылдығымен, белсене қатысуымен өткізілетін “Ауыл – ел бесігі”, “Салт-дәстүр”,“Память во имя будущего”, “Өз еліңді тану”, “Караван милосердия”, “Бір ел – бір тағдыр”, “Өзім тура­лы”, тағы басқа сан-салалы іс-шаралар мен акциялардың жас ұр­пақ үшін танымдық, өнегелі мәні айрықша. Қазақ тілін меңгеруге үн­дейтін “Мәміле” пікірсайыс клубының үйретері де көп.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылды волонтер жылына айналдыру бастамасы өңірде кеңінен қолдау тауып, бұқаралық сипат алды. Ассамблея жанынан құрылған волонтерлер штабы, этномәдени орталықтардың жастар қанаты коронавирустың жеке бастарына үлкен қауіп төндіргеніне қарамастан өздеріне жүктелген тапсырмаларды адал орындады. Көпбалалы отбасылардың, қарттар мен мүгедек жандардың екі мыңға жуық өтініш-тілектерін орындады. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері “Біргеміз!”, “Караван милосердия”, “Таза ауыл”, “Мың алғыс”, “Донор күні”, “Мектепке жол”, тағы басқа акциялардың бел ортасынан көрініп, қайырымдылық шараларына 7 млн. 865 мың теңге аударды.

Ғани Нығыметов этномәдени орталықтардың төрағалары мен белсенді мүшелеріне өңірдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан зор үлес­тері үшін алғыс білдіріп,мерекелік медальдарды салтанатты түрде табыс етті.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика