ӘЛЕМНІҢ ӘМІРШІСІ — ЕҢБЕК

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақ­стан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында қоғам бойынша еңбек құндылықтарына деген көзқарасты өзгертетін мезгіл жеткенін атап көрсетті. “Жас буынға еңбекті бағалауды, оны абыройлы және абыройлы емес деп бөлмеуді үйреткеніміз жөн”, – деді халыққа арнаған сөзінде Мемлекет басшысы. Дәл осы талап өз қызметкерлері мен мүшелік ұйымдардың өкілетті өкілі болып табылатын кәсіподаққа қарата айтылғандай. Қатары қалың Кәсіподақтар федерациясы жұмыс берушілермен, мемлекеттік органдармен тығыз әлеуметтік әріптестік байланыс орната отырып, жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешуге, келісімшарттар жасасуға қатысу, заң талаптарына сәйкес қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, қалып­ты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету секілді көптеген функционалдық кепілдіктерді жүзеге асырады.

Біз облыстық кәсіподақтар орталығы­ның төрағасы Ерік Нұрақаевпен әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті қою, еңбек адамын бағалау, ынталандыру, жұмысты жалақысына қарап бағалайтын жас буынды масылдық, тұтынушылық, пиғылдан арылту, тағы басқа мәселелер төңірегінде сұхбаттасқан едік.

– Қазіргідей күрделі жағдайда әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтау секілді басты талаптарды мүлтіксіз орындауға айрықша басымдық беріліп отыр. Осыған орайда Мемлекет басшысы еліміздің жаңа экономикалық бағдарының басты жеті қағидатын негіздеп, бәсекеге қабілеттілігімізді көрсететін артықшылығымыз бен нақты мүмкіндіктерімізді белгілеп берді. Сын сәтте дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданып, уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге мөлшерінде көмек берілді. Бұл мақсатқа 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Елбасы – “Nur Otan” партиясы Төрағасының бастамасымен 550 мыңнан аса отбасына қаржылай жәрдем көрсетілді. Көршілес елдерде, тіпті, ірі мемлекеттерде болмаған мұндай қадамдар биліктің Қазақстан тұрғындарын қамқорлықсыз қалдырмайтынын, олардың өмірінен, денсаулығынан асқан байлық жоқ екенін айғақтаса керек.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі өз қызметінде “Кәсіптік одақтар туралы” Заңды басшылыққа алып, басты назар қоғамның негізгі құндылығы – еңбектің қадір-қасиетін дә­ріптеу, ел игілігі жолында тамшылата тер төккен еңбек адамы үшін әлеуметтік қатынастардың барлық жүйесінде шынайы әді­леттілікті қалыптастыру, атап айтқанда, еңбек даулары мен жанжалдарын реттеу, өндірістегі еңбек қауіпсіздігін сақтау, жұмыс берушілердің құқықтық жауапкершілігін арттыру жайттарына аударылған. Кейде маған кәсіби білікті, жауапкершілігі жоғары, ой-өрісі кең, адами келбеті биік еңбек адамының бағасы түсіп, құны кетіп қалғандай көрінеді. Олай дейтінім, әке-шешесінің табысына, зейнетақысына күн көріп, “ауырдың үстімен, жеңілдің астымен” жүруге бейім ұрпақ шоғырының көбейіп келе жатқаны алаңдатады. Аяқ-қолы балғадай, бойы соқталдай, тепсе темір үзетін жігіттер екі қолын қалтасына салып, “жұмыссыздар” санын толықтырып жүргеніне налисың. Бұл – ауылдық жерлерге де тән көрініс. Жағдай дәл осылай жалғаса берсе, түбінде осы құбылыс жаңбырдан кейін қаптай өсетін саңырауқұлақ құсап бой бермей кете ме деп шошисың. Көзін тырнап ашқаннан қолына ұялы телефон ұстап, күні бойы компьютерге телміретін ұрпаққа жасампаз еңбектің құдіретін, бір үзім нанның қандай бейнетпен келетінін ұғындыруға от­басы, балабақша, мектеп, қоғамдық орта кешенді түрде жұмыла кіріспесе, кеш қалып, сан соғып қалуымыз әбден мүмкін. Әлеуметтік масылдық бір күнде пайда болмайды. Осындай пікірдегі адамдармен келісе алмаймын. Қаншама өндіріс, құрылыс орында­­ры ашылып жатыр. Көбі орта буын мамандарға, жас кадрларға зәру. Олардың тарапынан ұсынылатын қызметтер де, берілетін жалақылары да тәп-тәуір. “Асатпай жатып құлдық деу” астамшылықтың бір белгісі емес пе? Отызында орда бұзған, қырқында қамал алған замандастарынан олардың қай жері кем?

Президент Жолдауда осы мәселеге арнайы тоқталып, жастарымыздың әп-сәтте байып кеткісі келетін тоғышарлық мінезін сынға алды. Шынында да, олардың лотереяға, бәс тігуге, букмекер агенттіктеріне жаппай әуестігінің сыры біреу ғана. Ол – жанын қинамай, маңдайдан шып-шып тер шығармай-ақ жамбастап жатып күреп ақша табу. Алаңдаумен өткен соңғы айларда еңбек етудің баға жетпес қадір-қасиетін көпшілік жете түсінгендей болды. Осыны өскелең ұрпақ біліп өссе, жағымсыз құбылыстардың тамырына балта шабылар еді. 1200-ден ас­там бас­тауыш ұйымдарға біріккен 64 мыңға жуық кә­сіподақ мүшелері арасында еңбек мектебінде шыңдалып өсіп, өз кәсібінің шебері атанған жастар аз емес. Тұла бойы құрыштан құйылғандай еңбек адамының беделін көтеру қажеттігін уақыттың өзі ұсынып отыр. Бүгінгідей озық технологиялар қарыштап дамыған заманда табыстың тайқазанын тасытқан, ақылына ісі сай жандардың әлі-ақ бәсі озады, мәртебесі биіктейді. “Жоқтан бар жа­сауды” кәсіп еткендер електен екшеп өткіз­гендей кейінге сырылып қала береді. Еңбек жолын енді бастаған жас маманды бір қинай­тыны – жалақының аздығы. Осындай түйткілді мәселелерді шешу мақсатымен ме­кеме-кәсіпорындармен 5364 ұжымдық шарт жасалып, берілетін қосымша жеңілдіктер, басқа да әлеуметтік пакеттер анық көрсе­тілді.

– “Әлемнің әміршісі – еңбек”. Елбасының “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына – 20 қадам” еңбегі осы сөйлеммен басталады. Мақала еңбектің шешуші ұлттық фактор екенін, әлеуметтік жаңғыртудың жаhандық трендіне айналғанын айна-қатесіз ұқтырады. Мақала мен Жолдаудың арасында қандайда бір сабақтастық бар ма?

– Нұрсұлтан Әбішұлының бұл мақаласы өзгелер секілді маған да үлкен ой салған болатын. Онда көптеген қызықты тұжырымдар бар. Коммунизмнің “кемелденген социализм” формациясында өмір сүрген аға буын өкілдері сол кезең тұтынудың “бүлдіруші идеологиясы” болғанын біле ме екен? Әлемнің дамыған елдерінде жаппай әлеуметтік масылдық туындатып, жаhандық дағдарыстың басты себептері болғанын төрткүл дүние амалсыз мойындады. Оның зардаптары Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Барлық экономикалық байлықтар мен мәдени игіліктер адамның еңбегімен, кәсіби біліктілігімен, шығармашылық әлеуетімен жасалатыны ешқандай талас тудырмайды деген пайым шүбәсіз сендіреді. Ордалы ойдың түпкі түйіні масылдық пен әлеуметтік инфантилизм секілді құбылыстарды еңсеріп, жеке адам мен бизнестің жоғары жауапкершілігіне, барлық еңбек субъектілерінің мемлекетке қатысты әріптестік өзара қарым-қатынасына негізделген еңбек қызметі мен игілікке жаңа тартымдылық енгізу қажет дегенге тіреледі.

Жолдауда Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы секілді практикалық, прагматикалық идеяға балама ретінде айтылатын тұжырымдар аз кездеспейді. Мәселен, медицина, коммуналдық және қызмет көрсету саласында еңбек еткен адамдардың жанқиярлық жұмыстары нағыз еңбектегі ерліктің жарқын үлгісіне бағаланады. Болмаса, ортақ жауапкершілік, әріптестік қатысу, кәсібилік қағидаттарын алайық. Мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимыл тепе-теңдігі қамтамасыз етілмей келгені жасырын емес. Ахуалдың күрделенгені соншалық, сала реформалауды қажет етеді. Өйткені, реттеу жүйесі әлі де қолайсыз, тіпті, жазалаушы сипатынан арыла алмай отыр. Осы себепті реттеушілік саясатың негізгі қағидаттары өзгеретін болады. Сонда шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбейеді. Азаматтардың мемлекетті басқару саласына қатысуы саяси саладағы реформалар арқылы жүзеге асырылады. Жаңғыртудың негізгі мақсаты тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру, тұрғындарды осы істерге белсенді түрде тарту болмақ. Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісінде кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне, оларды орындау жауапкершілігіне айрықша басымдық беріледі. Кез келген салаға кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандар аса қажет. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жас кадрларды тұрақтандырудың бір жолы –жалақыны көтеру. Мемлекеттік аппараттың қызмет жүйесі ретке келтіріліп, шенеуніктер саны қысқарады. Жұмыстың барысы емес, нәтижесі аса маңызды. Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің көріністері әр алуан. Оны әркім әрқалай бағалауы мүмкін. Қалай десек те, түбегейлі өрелі өзгерістер, айналып келгенде, ел игілігіне мінсіз қызмет ететін жасампаз еңбек адамдарын қалыптастырары анық.

– Ерік Есімұлы, жуырда Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының кезекті ХХVІ съезі өтті. Онда қоғамның негізгі құндылықтарына қатысты өзекті мәселелер талқыланған болар?

– Форумда Мемлекет басшысының құттықтау хаты оқылып, кәсіподақтардың әлеуеті зор ресурстарға ие екені атап өтілді. Саяси өмірдегі, экономикалық, әлеуметтік, рухани, мәдени бағдарламалардағы жүзеге асырудағы белсенділігіне оң баға берілді.

Делегаттар федерацияның бес жылғы жұмысын қорытындылап, алдағы қызметінің басым бағыттарын анықтады. Күн тәртібінде қаралған қай мәселені алсақ та, Жолдаумен өзектес. Еңбекті, еңбек адамын дәріптеу басты ұстаным болып қала бермек. Федерация еңбекке қатысты дау-дамайларды шешудің басты бастамашысына айналады. Республикалық ведомстволармен, әкімдіктермен бірлескен іс-қимыл жоспарын қалыптастыру қажеттігі ерекше сезілді. Әлеуметтік серіктестік жөніндегі екіжақты келісімшарттар негізінде ұжымішілік тұрақтылыққа қол жеткізу маңызды. Жұмысшы-қызметкерлердің жалақысын арттыру, еңбек, демалыс жағдайларын жақсарту, еңбеккерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаудың орны ерекше.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Әңгімелескен

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика