ШАҒЫН БИЗНЕСКЕ – ҮЛКЕН ДЕМЕУ

Бүгінгідей алмағайып заманда пан­демия өз зардабын тигізбеген сала кемде-кем. Осындай қиын кезеңде Қазақстан халқына өзінің кезекті Жолдауын арнаған ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы қалпына келтіруге баса назар аударғаны заңдылық деп білемін. “Шын мәнінде, пандемияның зардабы осы салаға ауыр тиді”, – деп Президент әділ бағасын берді.

Әрине, ауыр індет салдарынан тұралап қалған экономиканы қайта қалпына келтіру бізден көп күш-жігерді қажет етеді. Бұл ретте мемлекет қолдауы кәсіпкерлерді қанаттандырып отыр. Атап айтқанда, экономика саласының шеккен зардабын еңсеру үшін шағын және орта бизнес өкілдеріне бірқатар салық жеңілдіктері берілді. Салық кодексін және басқа да заңдарды депутаттық корпусты тарта отырып егжей-тег­жейлі қайта қарауды ел Президенті Үкіметке және “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасына тап­сырды. Біздің алдымызда қазір баршаға ұғынықты болатын са­лық саясатын әзірлеу міндеті тұр. Жолдауда айтылғанындай, “Мақсатымыз – салықтық міндеттемелерді орындауды барынша жеңілдету және салықтар мен өзге де төлемдердің санын азайту. Шағын және орта бизнес секторы бойынша пандемиядан көп зардап шеккен кәсіпкерлерге бөлшек сауда салығын айналым есебінен төлеуге мүмкіндік беру қажет”.

Тағы бір қуантарлығы, шағын және орта бизнесті негізсіз тексерулер азайтылмақ. Мемлекет басшысы келесі жылы бизнестің қызметін реттейтін жаңа нормативтік-құқықтық база әзірлеуді тапсырды. Реттеу жүйесін жазалаушы сипаттан арылту міндеті қойылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жайында: “Бұл ретте сыбайлас жемқо­рлық мейлінше жиі туындайтын сәулет-құрылыс қызметі, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, ветеринария, сертификаттау және басқа да салалардан бастау керек. Қайталап айтамын: мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек”, – деп атап айтты.

Ең басты қолдау – кәсіпкерлердің несиелерінің төлем мерзімі кейінге шегерілгендігі. Несиені же­ңілдікпен қайта қаржыландыру ұсынылып, бірқатары бұл мүмкіндікті пайдаланды. Дегенмен, бизнес-ахуалдың әлі де мәз емес екендігін ескеріп, Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің барлық несиелерінің 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойынша мемлекеттік субсидия беруді тап­сырды. Бұл мақсатқа қосымша 200 миллиард теңге бөлінетін болды.

Осы мүмкіндікті қалт жібермеген кәсіпорындардың бірі – өзім басқаратын “Restoration” ЖШС-і. Біздің бизнесіміз отбасылық кәсіп болғандықтан, қабырғамызбен ке­ңесе келе, несие төлемінен үнемделген қаржыны жаңа дәмхана ашуға жұмсауды жөн көрдік. Со­ның нәтижесінде көршілес Көкшетау қаласында ұлым Данияр басқаратын жаңа лаунжбар пайда болды. Петропавл қаласының қақ ортасында көп жылдар бойы жұмыс істеп, тұрғындардың сүйіспеншілігіне бөленген “Айналайын” асханасына ұқсас дәмхана өз жұмысын бастап та кетті.

Мемлекет басшысы қазіргідей жағдайда жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтауды басты басымдық ретінде көрсетіп отырған кезде біз де осы ұстаным­нан шет қалмай, “Алтын орда” тойханасы жабылғалы жұмыссыз отырған қызметшілеріміздің біразын Көкшетау қаласына уақытша ауыстырып, баспанамен қамтамасыз еттік. Халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесі Жолдаудың өн бойында айқын көрініс тапқан. Еңбекақы қорына түсетін ауыртпалық жеңілдетіліп, бюджеттік емес қорларға аударылатын төлемдер жыл соңына дейін тоқтатылғаны көңілге медеу болды.

Президент қойған шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек деген міндетті жүзеге асыруға біз осылайша үлес қосып келеміз. Біздің кәсіпорында жастарды жұмысқа қабылдауға басымдық беріледі. Президент биылғы Жолдауында қазіргі жастарымыздың әп-сәтте байып кетуді мақсат тұтатынын орынды сынға алды. Ал өзіндік дәстүрі қалыптасқан “Алтын орда” тойханасының қазақы ортасында жастарды еңбекке тәрбиелеуге зор мән беріледі. Еңбек құндылықтарына деген көзқарасты өзгертіп, жас буынға еңбекті бағалауды үйретуге біз осылайша үлес қосып келеміз деп айта аламын. Кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға басымдық берілетін болды. Бұл орайда “Кәсіпкерлік негіздері” пәнінің енгізілуі орынды деп санаймын.

Өзім “Атамекен” облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесін басқарып отырғандықтан, әйелдер арасындағы кәсіпкерлік жайына да тоқталып өткенді жөн көрдім. Бүгінгі таңда нәзік жандар басқаратын шағын және орта бизнес субъектілерінің 80 пайызы төрт-бес салаға маманданған. Олар: көтерме және бөлшек сауда, қоғамдық тамақтану және қонақүйлер, жылжымайтын мүлікке қатысты опера­циялар, орман, балық және ауыл шаруашылығы. Елімізде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға оңтайлы ахуал қалыптасқан: тиімді қолдау бар, гендерлік теңдік, жаппай сауаттылық, оқып-үйренуге қолжетімділік. Бүгінде кәсіпкер әйелдер өздерінің отбасы, ошақ қасының қамын ғана ойламай, қайырымдылық шараларына белсене атсалысуда. Пандемия өршіп тұрған кезде біздің кеңес мүшелері медицина қызметкерлеріне, аз қамтылған азаматтарға қолдау көрсетуден қалыс қалған жоқ.

Ауылдардағы кәсіп иелеріне келер болсақ, олар да мал-құс ұстап, жеміс-көкөніс өсіріп, қой-ешкі жүнін кәдеге жаратуда. Президент: “Ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуге, та­мақ және тоқыма өндірісін дамытуға, өнеркәсіптің өзге де сала­ларына баса назар аудару қажет”, – дегенін ескерсек, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында біздің кәсіпкер әйелдер де аянбай тер төгіп жүр.

Ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келе жатқаны­мыз, өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінетінін Президент орынды сынады. Бұл ретте азық-түлік өндірісі саласын да ауызға алды. Біздің кәсіпорынның осы салаға да қатысы бар болғандықтан, бұл олқылықтың орнын толтыруды қолға ала бастадық. Атап айтқанда, “Restoration” ЖШС-і ұжымы ұлттық тағамдар өндірісін жолға қоймақ. Ендігі кезекте дәмі тіл үйірер қазақы тағамды саудаға шығару мәселесін шешу міндеті тұр. Бұл жұмысымыз халқымыздың жаңа бол­мысын қалыптастыру, ұлт сапасын арттыру міндетімен үндес.

Айтықан ҚАЛҒАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика