ТЫҢ ІЗДЕНІСТЕР БАСТАУЫ

Президенттің халыққа арнаған Жолдауын мемлекеттің стратегиялық даму жолдарын анықтап берген ауқымды бағдарлама ретінде қабылдадым.

Менің ойыма 2015 жылы білім беру жүйесінде горизонтальды және вертикальды байланыстардың сабақтастығын діттейтін тұжырымдаманың асығыстықпен қабылданғаны оралып отыр. Сонымен қатар білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға дейінгі кезеңін қамтитын мемлекеттік бағдарлама аясында үздіксіз білім беру, оны тиімді ұйымдастыру, оқыту мен тәрбие мазмұнының ұштасуын қамтамасыз ету шараларының жете ескерілмегені ұстаздар қауымы тарапынан біраз реніш тудырған болатын. Кәсіби білім берудің жергілікті тәжірибелеріне, оқушының шығармашылық әлеуетіне жете көңіл бөлінбегені секілді бір қайнауы ішінде кеткен кемшіліктер көзге байқалмай қалмайтын. Енді алдағы уақытта осындай “әттегенайларға” жол берілмейтініне ішіміз жылып қалды. Мемлекет басшысы Үкімет жіберген қателіктерді ескере отырып, толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеуді тапсырды. Бұл талап білім алудың қалыптасқан дәстүрі үзіліп, жаппай қашықтан оқытуға көшкен кезде аса маңызды.

Үздіксіз білім жүйесінде де қордаланған проблемалар аз емес. Осы себепті азаматтардың сауаттылығы мен цифрлы біліктілігін арттыру мақсатында Үкіметке Үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеу жүктелді. Оның мәні айрықша екенін бәріміз жақсы түсінгенмен, көп жағдайда таптаурындылық, жаттандылық сүрлеуінен шыға алмай келе жатқанымызды мойындауға тура келеді. Бейресми білім берудің нұсқаларын енгізуде, өз бетінше оқу нәтижелерін мойындауда, кәсіби дағдыларды сертификаттауда жүйелілік жоқ. Мектепке дейінгі, жалпы білім беру, техникалық-кәсіптік және жоғары оқу орындары арасында білім берудің мемлекеттік стандарттары бірыңғай желісі үзіліп қалған, бір-бірінен алшақтап кеткен. Күткендегідей нәтижеге жете алмай жүргеніміздің бір себебі осы. Барлық түйткіл балабақша, мектеп салумен, ғимараттарды балалармен толтырумен, күнделікті сабақ өткізумен ғана шешілмейді.

Сол сияқты елімізде бейресми білім берудің жаңашыл, баламалы нұсқалары өте аз. Мектептен, балабақшадан тыс уақытта оның зор мүмкіндіктері толық пайдаланылмай келеді. Осынау игі іске хан сарайындай сыңғырлап тұрған оқушылар сарайларын неге жұмылдырмасқа? Олардың қабырғаларында өскелең ұрпақтың спорттық, шығармашылық әлеуетін дамытуға барлық жағдай жасалуына қарап қосымша қызмет ауқымын кеңейтуге жол ашылар еді. Жолдауда “балалар үйірмесі” қызметін қайта қалыпқа келтіру, қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысу” міндеттерінің қойылуы кездейсоқ емес. Өңірде шағын жинақты мектептердің саны 76 пайызды құрайды. Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары да осы санатқа жатады.

Білім саласындағы басты мәселенің бірі мұғалімдердің де, оқушылардың да дербес жұмыс істеу, білімін жетілдіру дағдысының қалыптаспауы дер едім. Заман, уақыт ырғағына орай өз бетімен жаңашылдыққа ұмтылу, игеру белсенділігі жетісе бермейді. Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ы.Алтынсарин білім академиясы, “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, тағы басқа ұйымдар бейнеролик түрінде түсірілген сан алуан тақырыптағы сабақтар мен дәрістер ұсынады. Осындай дайын дүниелерді сабаққа қолдана білмейтініне енжарлыққа салынатын ұстаздарды көргенде кәсіптік даярлығының төмендігіне, білімінің шектеулігіне еріксіз қынжыласың.

Кәсіби дағдыларды сертификаттау мәселесі де – өзекті жайттардың бірі. Бұл да білім сапасы мен мазмұнына келіп тіреледі. “Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар” дегендей, бәсекелестік қарымы мықты мұғалім кез келген сынаққа төтеп бере алады. Мені сертификат беретін мекемелердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені алаңдатады. Оларға тиесілі ақшасын төлесе болды, мөр қойылған құжатты ұстата салатын көрінеді. Үміткердің білімі қандай деңгейге, өз мамандығы бойынша біліктілік талаптарына жауап бере ала ма деген сауал төңірегінде ойласқанымыз жөн сияқты.

Алма МЫРЗАЛИНОВА,

“Өрлеу” БАҰО облыстық филиалының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика