БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында бірінші кезекте жұмыспен қамтуды қолдау шаралары қаралды. Бұл мәселе жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов, Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев, Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ.Есқалиев баяндама жасады.

Басты міндет – жұмыспен қамту

Биыл “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасының, “Жұ­мыспен қамту – 2020” жол картасының жəне басқа да салалық бағдарламалардың аясында 743 мың адам еңбекке тартылды. Жылдың соңына дейін 1 млн. 220 мың адамға қолдау көрсетілуі тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жол кар­та­сы аясында тұрақты жұмыс орындарын құруға жə­не өңірлердің əлеуметтік инфрақұрылымын жақ­сар­туға баса назар аударылып, инфрақұрылымдық жобалардың тізбесі оңтайланды. Осы жобалар (6 702 жоба) аяқталған соң аралас салаларда қосым­ша 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашы­лады.

Премьер-Министр Шымкент қаласында, Жам­был, Солтүстік Қазақстан жəне Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыспен қамтуды қолдау шарала­рын іске асыру қарқыны жоғары екенін атап өтті. Ор­таша көрсеткіштер Қарағанды, Ақмола, Түркіс­тан, Ақтөбе, Қостанай, Маңғыстау, Алматы, Павлодар, Атырау облыстарында, Нұр-Cұлтан мен Алматы қалаларында байқалады. Сонымен қатар жекеле­ген көрсеткіштер бойынша екі өңір артта қалып отыр: Қызылорда облысында мемлекеттік гранттар беру – 47,5%, қоғамдық жұмыс – 50,1%, жобаларға бөлінген қаржыны игеру – 56,2%, жұмыс орындарын құру 44,4%-ға орындалды; Батыс Қазақстан облысында микрокредит беру бойынша баржоғы 28,6%, жастар тəжірибесі – 37,7%, жобаларға бөлінген қаржыны игеру – 58,9% жəне тұрақты жұмыс орындарын құру 25,8% деңгейінде.

– Жыл соңына дейін төрт-ақ ай қалды. Əкімдік­тер бағдарламаларды іске асыруды жандандыруы қажет. Қазіргі жағдайда бірінші кезектегі міндет – азаматтарды жұмыспен қамту. Қажетті ресурстар бөлінген, барлық құралдар бар, еңбек нарығында теңгерімсіздікке жол бермеу керек, – деді А.Мамин. Үкімет басшысы мемлекеттік бағдарламаларда қа­рас­ты­рылған іс-шараларды жүзеге асыруды, сон­дай-ақ, Электронды еңбек биржасының бизнес-про­цестерін оңтайландыру, жұмыспен қамту шара­ла­рымен проактивті қамтуды дамыту жəне оларды іске асыру мониторингін күшейтуді тапсырды. Жұ­мыспен қамтудың жоспарланған индикаторларына қол жеткізіп, тұрақты жұмыс орындарын құруға ерек­ше назар аудару қажет. Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне “Атамекен” ҰКП жəне əкімдіктермен бірлесіп, бизнес баста­маларды дамыту жəне қолдау бойынша жұмысты жандандыру тапсырылды.

Балық өндіру барысы қалай?

Сондай-ақ, отырыста еліміздің балық шаруашы­лы­ғын дамыту мəселесі қаралды. Экология, гео­логия жəне табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев, Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, сон­дай-ақ, “Хамит” балық шаруашылығының өкілі Б.Сер­манизов, “Caspian Riviera” балық шаруашы­лы­ғы­ның өкілі Р.Хамитова, “KingFish” балық шаруа­шылығының өкілі М.Тұрсынəлі баяндама жасады.

Экология, геология жəне табиғи ресурстар ми­нистрінің айтуынша, елімізде балық шаруашылы­ғын дамытудың мол мүмкіндіктері бар. Экспорт əле­уетін де жоғары деуге болады. Балық өнеркəсібінің негізгі түрлері – балықты аулау, өсіру жəне қайта өңдеу. Еліміздің балық жəне балық өнімдері на­рығының жалпы көлемі 2019 жылы, шамамен, 66 мың тонна болды. Сонымен қатар Қазақстан Нор­вегия, Ресей, Исландия, Қытай жəне Балтық жаға­лауы елдерінен мұхит балықтары мен теңіз өнім­дерін импорттайды.

– Негізінен біз балық сүбесін, кептірілген-ыс­тал­ған өнімдерді жəне тоңазытылған балық экспорт­тай­мыз. Мысалы, көксерке сүбесі Германия мен Ни­дерландта қазақстандық бренд болып табылады. Ал кептірілген, ысталған өнімдер Ресей, Украина, Литва, Қытай жəне басқа елдерге экспортталады. Экспортты арттыруға болатын əлеуетті нарықтар бар, – деді М.Мырзағалиев. Өкінішке қарай, елі­міз­де жан басына шаққанда балық өнімдері аз тұты­ны­лады. Айталық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы əр адам жылына 16 килограмм балық жеуі қа­жет­тігін ескертсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 ки­лограмнан ғана келеді. Бұл көрсеткіш көршілес Ре­сейде 23 килограмм, Қытайда 45 килограмм. Бүгінгі таңда Қазақстанда бір мыңнан астам балық шаруашылығы субъектісі бар. Оларға 1646 су ай­дыны мен учаскелер бекітілген. Салада 11 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

БҰҰ жанындағы Азық-түлік жəне ауыл шаруашы­лы­ғы ұйымының (ФАО) мəліметі бойынша, акваөсі­ру саласы ақуыз өнімдерін өндіруде ең қарқынды дамып келе жатқан бағыт. Мəселен, өсірілетін балықтың əлемдік көлемі 60 жыл бұрын небəрі 1 млн. тоннаны құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 82 млн. тон­надан асады. Қазақстанда балық өсіру саласы­ның əлеуеті өте жоғары. Соңғы 7 жылда өсірілген балық көлемі 9 есе, яғни 800 тоннадан 7,4 мың тоннаға дейін өсті. Елімізде осы іспен 180 балық өсіру шаруашылығы айналысады, онда мыңнан ас­там адам жұмыс істейді. М.Мырзағалиевтің айтуынша, бұл жеткіліксіз. “Жасанды балық өсіру шаруашы­лық­тары бұдан да көп болуы керек. Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы ұсынған жан басына шақ­қанда 16 килограмм балық тұтыну нормасына қол жет­кізу үшін, шамамен, 300 мың тонна балық өсіруі­міз қажет”, – деді ол. Балықты жасанды өсіру бо­йын­ша Түркістан облысы көш бастап тұр. Одан ке­йінгі орындардағы Алматы облысында, шама­мен, 1000 тонна, Солтүстік Қазақстанда – 380 тон­на, Шығыс Қазақстанда, шамамен, 300 тонна балық өсіріледі.

Биыл ақпан айында Атырау қаласында балық шаруашылығын дамыту мəселелері жөнінде өткен көшпелі жиында Премьер-Министр А.Мамин сала­ның дамуына кедергі келтіретін негізгі кемшілік­тер­ді анықтауға тапсырма берген еді. Министрлік осы тапсырманы орындау үшін бизнеспен бірге талдау жүргізіп, 3 басты мəселені анықтады. Олар – су қой­маларын балық аулаудан балық өсіруге бейімдеу, заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын арттыру. Еліміздегі су қойма­ларын зерттеу нəтижесінде онда жылына 600 мың тонна балық өсіруге болатыны анықталды. Соның негізінде балық өсірудің өңірлер үшін тиісті схемасы жасалды. Мысалы, Түркістан облысындағы Шар­дара су қоймасы сазан жəне бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіруге қолайлы болса, Шығыс Қазақстан­дағы Өскемен, Бұқтырма су қоймаларында фо­рель, сиг тұқымдас балықтарды өсіруге болады.

Экспортқа екпін берілмек

Мəселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қоры­тын­дылады. Премьер атап өткендей, балық аулау жəне оны көбейту – азық-түлік өндірісіндегі басым салалардың бірі. Қазақстанда тауарлы балық өсі­румен 180 шаруашылық айналысады. Биыл ақпан айында Атырау қаласында Үкімет басшысының төрағалығымен өткен кеңестің қорытындысы бо­йын­ша əкімшілік кедергілерді азайтуға жəне сала­ны дамытуға оңтайлы жағдайлар жасауға бағыт­тал­ған бірқатар заңнамалық бастамалар əзірленді. Су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемді оңтай­ландыруға, шаруашылықтарды тиімді аймақтарға бөлуге жəне орналастыруға, балық аулаудың жəне балық аулайтын кемелер жұмысының тиімді кесте­сін белгілеуге, тыйым салынған құралдар айналы­мы үшін жауапкершілікті қатаңдатуға ерекше назар аударылды. Барлық қажетті заңнамалық түзетулер биыл қыркүйекте Парламентке енгізіледі. Жемшөп­ті субсидиялау (25%-ға дейін) жəне инвестициялық шығындарды өтеу (30%-ға дейін) тұрғысынан қо­сымша мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіліп жатыр. Тауарлы балық өсіруді дамытуға бағыттал­ған инвестициялық жобаларға жеңілдетілген несие беру көзделген. Қабылданып жатқан шаралардың нəтижесінде биыл өсірілген тауарлы балықтың көлемін 9 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Премьер-Министр балық өндірісінің көлемі ай­тарлықтай ұлғайып, 2030 жылға қарай 600 мың тон­наға дейін жеткізілуі мүмкін екенін атап өтті. Сала АӨК құрылымында негізгілердің біріне айналуы тиіс. Экспорт көлемін 10 есе (300 мың тоннаға де­йін) ұлғайтып, кемінде 100 мың қосымша жұмыс ор­нын құру көзделіп отыр. Үкімет басшысы 1 қара­шаға дейін балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағ­дарламаларын əзірлеуді жəне бекітуді тап­сырды, онда басым субсидиялау, жер телімдерін бөлу, ин­фра­құрылым жүргізу бойынша нақты индикаторлар мен іс-шаралар жəне басқа да мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуі тиіс. Экология министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдар мен бірге бір ай мер­зімде бизнес қауымдастықтармен балық шаруашы­лығы саласын субсидиялауды кеңейту жөніндегі ұсы­ныстарды пысықтау, Білім жəне ғылым ми­нистр­­лігімен бірге жоғары оқу орындарының оқу жə­не тəжірибелік бағдарламаларын балық аулау­дан балық өсіруге баса назар аудара отырып, қайта қа­рау жүктелді. Қаржы министрлігіне Сауда министр­лігімен бірге шетелден балықтың бағалы түрлерінің ба­лық өсіру материалын жеткізуді жəне оларды тасымалдау кезінде шекарада бақылаудың барлық түрлерінен өтуді рəсімдеуді оңайлату жөніндегі ұсыныстарды пысықтау тапсырылды.

“Egemen Qazaqstan”,

19 тамыз 2020 жыл).

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика