ҚИЫНДЫҚПЕН КҮРЕС

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында эпидемияға қарсы іс-шараларды іске асыру барысы және үстіміздегі жылдың жеті айының экономикалық қорытындысы қаралды.

Экономиканың негізгі салалары дамып келеді

Бұдан кейін Үкімет еліміздің 2020 жылғы қаңтар-шілдедегі əлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылуын қарады. Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы Ұлттық экономика министрі Р.Дəленов, Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев, Қаржы министрі Е.Жамаубаев, өнеркəсіп пен энергетика секторындағы ахуал туралы Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов пен Энергетика министрі Н.Ноғаев, агроөнеркəсіп кешені туралы Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, өңірлердің дамуы туралы Алматы облысының əкімі А.Баталов, Ақмола облысының əкімі Е.Маржықпаев, Маңғыстау облысының əкімі С.Трұмов, Атырау облысының əкімі М.Досмұхамбетов, Ақтөбе облысының əкімі О.Оразалин баяндады.

Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау жəне Солтүстік Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан жəне Алматы қалалары əлеуметтік-экономикалық дамудың 7 негізгі көрсеткішінің 5-еуі бойынша өсім көрсетті. Қарағанды, Түркістан, Павлодар, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласында 4 көрсеткіш бойынша оң динамикаға қол жеткізілді. Тек 3 көрсеткіш бойынша өсім Атырау, Қызылорда жəне Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 4 трлн. 468 млрд. теңге сомасында кіріс түсіп, жоспар 94,7%-ға орындалғанын мəлімдеді. Соның ішінде республикалық бюджетке 2 трлн. 714 млрд. теңге сомасында кіріс түсіп, жоспар 83,3%-ға орындалған. Кірістер бойынша жоспардың атқарылмауы 544 млрд. теңгені құрады. Негізгі атқарылмау сомалары қосылған құн салығы жəне корпоративтік табыс салығына тиесілі болды. Ал жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 1 трлн. 754 млрд. теңгені құрап, жоспар 120%-ға орындалған.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Əлихан Смайыловтың айтуынша, өткен кезеңнің корытындысы ел экономикасы дамуына сыртқы факторлардың кері əсерін тигізгенін көрсетті. Осыған орай ол ел экономикасын қорғау мақсатында тиісті қаражаттың бөлінгенін жеткізді. Мəселен, биылғы жылдың нақтыланған республикалық бюджетінің шығыстары 14,2 трлн. тенгені құрайды, бұл былтырғымен салыстырғанда 19%-ға көп. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары мұның дағдарысқа қарсы контрфискалдық саясат екенін атап айтты. “Осы қаражатты жыл соңына дейін толығымен тиімді игерілуін қамтамасыз ету керек. Министрліктер жəне жергілікті атқарушы органдар инвестиция тарту жөнінде Үкімет алдында міндеттеме алды. Инвестиция көлемін ағымдағы жағдайға сəйкес жақын арада қайта қарап, жаңадан бекіттік. Осы жұмыс əріптестерімнің ерекше бақылауында болуы керек”, – деді Ə.Смайылов.

Халықаралық резервтер ұлғайды

Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев атап өткендей, коронавирус пандемиясының салдары дамыған жəне дамушы елдер экономикасының рекордтық төмендеуіне алып келді. Үстіміздегі жылғы екінші тоқсанда АҚШ-тағы ІЖӨ көрсеткіші өткен тоқсанға қарағанда 9,5%-ға, Еуроодақта – 14,4%-ға, оның ішінде Испанияда – 18,5%-ға, Германияда 10,1%-ға төмендеді. Испания мен Германия үшін бұл көрсеткіш тоқсандық есептеулер тарихындағы ең төменгі мəн болып табылады. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша əлемдік экономика екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең терең құлдырауға тап болды. Ол үстіміздегі жылдың соңына қарай 5,2%-ға төмендеуі мүмкін. “Соған қарамастан, Қытай, Еуроодақ елдері жəне АҚШ-тың өнеркəсіптегі іскерлік белсенділік көсеткіштері айтарлықтай жақсарғаны тіркелді. “Global Manufacturing PMI” индексі 2020 жылғы қаңтардан бастап алғаш рет оң аймаққа өтіп, 50,3 тармаққа жетті”, – деді Е.Досаев.

Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі үстіміздегі жылғы маусымда 46,8 тармаққа дейін қалпына келгеннен кейін, енгізілген карантиндік шектеулер аясында үстіміздегі жылғы шілдеде 44,7 тармаққа дейін төмендеді. Бұл жағдай қызмет көрсету саласындағы белсенділіктің қысқаруына байланысты орын алды. “Жедел деректер бойынша, 2020 жылғы бірінші жартыжылдық қорытындысында Қазақстанның ІЖӨ Ұлттық банктің болжамына сəйкес -1,5%-бен салыстырғанда, жылдық мəнде 1,8%-ға қысқарды, бұл қызмет көрсету секторындағы, атап айтқанда, сауда мен көлік секторындағы қатты құлдырауға байланысты. Осыған орай инфляциялық күтулердің тұрақтануын ескере отырып, Ұлттық банк биылғы 20 шілдеде Қазақстан экономикасының өсуін қалпына келтіруді қолдау үшін пайыздық дəлізді +/- 1,5 пайыздық тармаққа дейін тарылта отырып, базалық ставканы 9,0%-ға дейін төмендетті”, – деді Е.Досаев.

Жылдық инфляция үстіміздегі жылғы шілдеде 7,1% құрап, Ұлттық банктің болжамдарына сəйкес қалыптасады. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі 11,3% болды жəне инфляцияның орын алуына негізгі үлес қосуын жалғастыруда. Нан-тоқаш өнімдері мен жарма, жеміс-көкөніс өнімдерінде өсудің барынша жоғары қарқыны сақталуда, бұл ретте ет жəне ет өнімдері бағасының өсу қарқыны біршама баяулады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының жылдық өсуі жанар-жағармай бағасының төмендеуі аясында 5,4% деңгейінде сақталды. Төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызмет тарифтерін уақытша төмендету əсерінің ақылы қызметтер бағасының жылдық өсуі 3%-дан шілдеде 3,2%-ға дейін артты. Алдын ала деректер бойынша, шілденің соңында халықаралық жалпы резервтер 3,2%-ға ұлғайып, 93,5 млрд. долларды құрады. Сонымен қатар Е.Досаев “7-20-25” бағдарламасы бойынша үстіміздегі жылғы 6 тамызға 240,7 млрд. теңгеге 20 693 өтінім мақұлданғанын, оның ішінде 199,3 млрд. теңге сомасына 16 868 қарыз берілгенін айтты. “Баспана хит” нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша үстіміздегі жылғы 6 тамыздағы жағдай бойынша 296,4 млрд. теңге сомасына 34 904 өтінім мақұлданды, 235,6 млрд. теңгеге 28 347 қарыз берілді.

Ауыл шаруашылығы 2,5 пайызға өсті

Еліміздің агроөнеркəсіптік кешенінің жай-күйі туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады. Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,5%-ға ұлғайып, 1,7 трлн. теңгені құрады. Министр хабарлағандай, бұл өсім, негізінен, мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 2,6%-ға, оның ішінде тірі салмақтағы еттің 3,6%-ға, сүттің 3%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Облыстар бөлінісінде республикалық деңгейден жоғары қарқын Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан жəне Ақмола облыстарында байқалды. 6 айдың қорытындысы бойынша ірі қара мал саны – 4,5%-ға, қой саны –2,5%-ға, жылқы саны – 8,5%-ға, түйе саны – 4%-ға, шошқа саны 0,7%-ға өсті. “Бүгінгі таңда Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда жəне Түркістан облыстарында дəнді дақылдарды жаппай жинау жүргізіліп жатыр”, – деді министр.

Биылғы 10 тамыздағы жағдай бойынша 929,4 мың гектар немесе егіні жиналуы тиіс алқаптың 37,3%-ы жиналды. Орташа түсімділік гектарына 19,1 центнерді құрап, 1,8 млн. тонна дəнді дақыл жиналды. Сонымен қатар республиканың негізгі егін егуші өңірлері де жаңа егін көлемін жинауға кірісіп кетті. Солтүстік өңірлер жаппай егін жинауды 20 тамызға қарай бастайтын болады. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 13,5%-ға ұлғайып, 261,2 млрд. теңгені, азық-түлік өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 13,8%-ға артып, 45,7 млрд. теңгені құрады.

Өңірлерден белсенді жұмыс күтіледі

Мəселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Ол экономиканың базалық салаларында өсімнің оң көрсеткіштері сақталып отырғанын, бірақ көңіл бөлетін мəселелер аз емес екенін атап көрсетті. “Өңірлер белсенді жұмыс істеп, экономикалық өсімді қалпына келтіру жолында қабылданған барлық шараларды, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясындағы шараларды тиімді іске асыруы қажет. Отандық өндірісті қолдауды, инвестиция тартуды, экспортты ілгерілетуді, халықтың жұмыспен қамтылуын сақтауды жəне тұрақты жұмыс орындарын құруды барынша қамтамасыз ету қажет”, – деді А.Мамин. Үкімет басшысы өңірлік дағдарысқа қарсы штабтардың жұмысын жандандыруды, кəсіпкерлер көтерген мəселелерді шұғыл қарауды жəне тиісті шешімдерді қабылдауды тапсырды.

(“Egemen Qazaqstan”,

13 тамыз 2020 жыл).

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика