ҒЫЛЫМ – ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуда алда тұрған басты міндеттерінің бірі – саланы цифрландыру әрі бұл жұмыстарды ғылымға негіздеу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Сындарлы қоғамдық диалог –Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауында “ақылды технологиялар” бүгінгі таңда адамзат өмірінің барлық саласына еніп, оның ажырамас бөлігіне айналғанын, цифрландыру бәсекеге қабілетті экономиканы дамытудың басты тірегі екенін атап айтқан болатын.

Шынында да, экономиканың тірегі болып табылатын агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру – маңызды міндеттердің бірі. Себебі, барша әлем “ақылды технологиялар” дәуіріне қадам басуда. Мәселен, өркениетті елдер өз экономикаларын заман талаптарына сай оңтайландырудың арқасында цифрлық жүйелер мен автоматтандыруды, жасанды интеллект пен инновациялық технологияларды жылдам дамыта білді. Бүгіндері соның игілігін көріп отыр. Озық елдердің тәжірибесі көрсеткендей, тиімді цифрландыру шаралары экономиканың қарқынды дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторына айналды. Жылдың басты құжатында да бұл мәселе туралы нақты айтылған. Соңғы жылдары елімізде суды көп сіңіретін дақылдарды өсіруді қысқарту, оның орнына көкөніс, майлы жəне жемшөп өнімдерін егу, цифрландыру тетіктерін енгізу рет-ретімен жүргізілуде.

Осы орайда ғылым мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің басын бір арнаға тоғыстырып, олардың ғылыми инновацияларға деген сұранысын қанағаттандыра білуіміз қажет. Алайда, отандық агроөнеркəсіп кешенін ғылыми-техникалық тұрғыдан дамытпайынша, бұл мүмкін емес. Бұған “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғалымдары өздерінің күнделікті жұмысында көз жеткізуде. Себебі, дәстүрлі саланы тек жаңа технологиялардың көмегімен өзгертуге болады. Тың және тыңайған жерлерді игеру қызу жүріп жатқан тұста құрылған тәжірибе станциясы бүгінгі таңда көпсалалы шаруашылыққа айналған. Ол Қызылжар өңіріндегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін алдыңғы қатарлы серіктестік ретінде де танымал. Южный және Степной ауылдарындағы бөлімшелеріміздің әрқайсысында төрт мың гектар жерге бидай себілетін болса, егістік алқаптың жалпы көлемі 20 мың гектарды құрайды. Оның біраз бөлігіне арпа, сұлы, қарақұмық, бұршақ себіліп, картоптың элиталық сұрыпы отырғызылады.

“Ұлттық аграрлық-ғылыми білім беру орталығы” коммерциялық емес акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорны болып табылатын тәжірибелік станцияның ғылым бөлімінде 13 адам қызмет етсе, олардың барлығы – осы күрделі саланың белді мамандары. Бөлімге жүктелген міндет – жаздық бидайдың біздің қатаң климатқа бейімделген жаңа сорттарының отандық селекциясын жасау, жерді өңдеу, дәнді және майлы дақылдарды өсіру технологияларын зерттеу әрі жетілдіру. Бүгінгі таңда тәжірибелік станция бидайдың “Астана”, “Шортанды 2012”, “Қарабалық 20”, “Дамсинская Янтарная”, жүгерінің “Целинный 2005” және “Сымбат”, арпаның “Мирный”, бұршақтың “Аксай 55” сұрыптарын өсіруде. Осылайша, солтүстікқазақстандық диқандарды дәнді дақылдардың –12, ал элиталық тұқымның 43 пайызымен қамтамасыз етудеміз. Сондай-ақ, картоптың “Невский”, “Удача” және “Алая заря” атты сұрыптары жерсіндірілген.

Аграрлық секторды “ақылды технологиялар” арқылы дамыту және дәлме-дәл егіншілікті қолға алу күн тәртібіндегі мәселелердің бірі екені сөзсіз. Бұл салаға цифрлық технологияларды енгізу климаттық өзгерістерді болжауға, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін, топырақ құнарлығын, оның ылғалдығын анықтауға, жүйені автоматтандыруға, зиянкестерге қарсы шараларды уақытында қолдануға, кеткен шығындар мен түсетін пайданы есептеуге мүмкіндік береді. Мәселен, АҚШ, Еуропа, Канада, Австралия, Қытай сияқты аграрлық ғылым жақсы дамыған шет мемлекеттер цифрландыру тетіктерін ширек ғасырдан бері сәтті қолдануда. Себебі, түрлі ақпарат көздерінен алынатын мəліметтер мен заманауи геоақпарат жүйелерінің көмегімен топырақтың құнарын жоғалтпай-ақ жоғары сапалы өнім алуға болады. Елімізде бұл бағытты дамытуға С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ғалымдарының қосып отырған үлесі зор екенін атап айтқан жөн. Орталықтың бастамасымен облысымыздағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер цифрлық форматқа көшірілді. Енді диқандар алқаптарын ғарыштық суреттермен салыстырып, жерді пайдалану үрдісін бақылау мүмкіндігіне қол жеткізуде.

Дəлме-дəл егіншілік бойынша егілген егінді жинайтын оңтайлы уақытты болжау технологиялары, “ақылды суару”, зиянкестермен, арамшөптермен күресу жəне минералды тыңайтқыштарды уақытында енгізу жəне заманауи техникаларды қолдану арқылы еңбек өнімділігін бірнеше есе арттыруға болады. Тікелей себу жəне өсіру технологияларының тетіктерін өндірістік жүйеге біріктіру танаптарда эрозиялық үдерістерді қысқартуға және егіншіліктің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, қазіргі таңда елімізде цифрлы технологиялардың игілігін көріп отырған агроқұрылымдардың үлесі көп емес. Оған қоса ауыл шаруашылығы жерлерін тиімсіз пайдаланушылар да бар.

Бүгінгі таңда біздің мамандар С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ғалымдарымен бірлескен жобаны жүзеге асыруда. Биыл аяқталуы тиіс жобаның мақсаты – дәлме-дәл егістік технологияларын Қызылжар өңіріне трансферттеу және бейімдеу. Бұған дейін ғарыштағы жер серігінің көмегімен 9 мың гектар тәжірибелік алқаптың электронды картасы жасалғанды. Алқаптардағы топырақтың құрамына алдын ала жасалған агрохимиялық зерттеулердің қорытындысына сәйкес көктемгі егіс және күзгі орақ науқандарында 4 мың алқапқа минералды тыңайтқыштар сіңірілді. Арнайы құрал-жабдықтары бар екі метеостанцияның арқасында дақылдардың вегетация кезеңінде температура мен ылғалдылық, топырақтағы азоттың құрамына мониторинг жүргізілді. “Ақылды технологияларды” және дәлме-дәл егіншілік тетіктерін қолданудың нәтижесінде бидайдың әр гектарынан орташа 36-38, ал арпаның әр гектарынан 47-55 центнер өнім алынды. Тәжірибенің қорытындысына сәйкес солтүстікқазақстандық диқандарға дәлме-дәл егіншілікпен айналысу бойынша ұсыным хаттамалары жіберілетін болады.

Ерекше атап өтерлік мəселе, ғылыми-зерттеулер үдерісін жеделдетіп, оның нəтижелілігін арттыру барысында топырақ құрамы, климаттық жағдайлары арқылы алынған нəтижелер отандық тың əзірлемелер мен үздік шетелдік технологияларға негіз болуы тиіс. Бұл бағытта Солтүстік Қазақстан облысының топырақ-климаттық жағдайы түрлі дақылдың өнімділігін тұрақтандыру факторы болып отыр. Дақыл өнімділігінің атмосфералық жауын-шашын мөлшеріне тəуелділігін төмендету үшін өсіру технологияларын қарқындату қажет. А.И.Бараев атындағы орталық ғалымдарымен қоян-қолтық жұмыс істеудің нәтижесінде біздің мамандар бидайдың климатымызға төзімді “Асыл сапа”, “Солтүстік”, “Шортанды 2007”, “Шортанды 2012”, “Тәуелсіздік 20” сұрыптарын будандастырып, өңір аумағындағы танаптарға жерсіндірді. Сондай-ақ, “Агротехнологияларды трансферттеу және коммерцияландыру орталығы” ЖШС-мен бірлесіп атқарылған жұмыстың нәтижесінде “Дәнді, майлы және бұршақ тұқымдас дақылдарды кептіретін кешеннің құрылысы” атты жоба жүзеге асырылды. Аталмыш жоба аясында Аққайың ауданында “EKOPAL RM” атты экологиялық қазандық іске қосылды. Аталмыш қазандыққа зығыр сабаны пайдаланылады.

Цифрландыру тетіктерін тиімді қолданудың арқасында агроөнеркәсіп кешенін дамытып, оны жаңа деңгейге шығаруға əлеуетіміз жеткілікті. Қорыта айтқанда, ауыл шаруашылығын цифрландыру астықтың түсімі мен еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізуде. Сондықтан Қызылжар өңірінде аграрлық секторға цифрлық технологияларды біртіндеп енгізу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Белгібай ҚАНАФИН,

“Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” ЖШС-нің директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика