Аққу шынымен киелі құс па?

“Аттанып бара жатыр аққу-қаздар,

Қош енді, қош болыңдар, гәкку-наздар!

Кеудемде күңіренген дастан қалды,

Киелі қанатымен аққу жазған”, – деп басталатын Мұқағали Мақа­таев­тың өлеңі кімді де болса елең ет­кізбей қоймайды. Аққу жайында ай­тылар аңыз да, әпсана да көп. Бұл – өмірдің өзгерістеріне бейім­делгіш, қай жерде су болса, сонда өмір сүретін, өте сақ та, батыл құс. Дүниежүзінде оның 150-ден астам түрі кездеседі екен. Ал бізде сұң­құлдақ және сыбырлақ деп атала­тын екі түрі тіршілік етеді. Аққулар – ұзақ өмір сүретін, өте әдемі, әсіресе ақын-жазушылардың шығарма­сы­на арқау бол­ған құс. Орнитологтар­дың зерттеуінше, ол ұясын кез келген көлге сала бермейді екен. Ну қамысты, суы таза әрі тұщы, адам­дар көп бара бермейтін көлдерді таң­дайды. Әсіресе қамысты қопа­лардың олар үшін маңызы зор. Сон­дықтан да халқымыз оның кез кел­ген батпақты шалшық көлде кезде­се бермейтіндігіне қарап “талғам­паз”, “тә­каппар” құс деп атайды.

Аққу жайшылықта 3-7 жұмыртқа салып, оны 35-40 күн басады. Осы кезде еркегі ұя төңірегінен алысқа ұзамай, балапандарын қорғайды. Ақ­қулар еркек-ұрғашы болып жұп­тас­қан соң, жұптарын өлгенге дейін жазбайды. Олардың бір-біріне де­ген адалдығы туралы ел аузында ға­сырдан-ғасырға жеткен аңыздар бар. Бұл құстың бір-біріне деген сүйіс­пеншілігі сонша, біреуі өлсе, екіншісі бұл қайғыға шыдай алмай­ды жан тапсыратын көрінеді.

– Аққу – қазтәрізділер отрядына жа­татын өте сымбатты, ірі, күшті құс. Ол сонау ықы­лым заманнан бе­рі сұлулық пен махаб­баттың, таза­лық пен нәзіктіктің символы санал­ды. Олар басып шығарған бала­пан­дарын бір ай ешкімге көрсетпей, қа­мыстың арасында тығып ұстай­ды. Балапандары­ның түсі қара болады. Біздің көлдерде ұшырасатын сұң­қыл­дақ және сыбырлақ аққуларды бір-бірінен ажырату оңай. Қазтәріз­ділердің ең ірісі – сұңқылдақ аққу. Көлде қардай аппақ болып ерекше көріне­тін сұңқылдақ аққу су бетінде жүзгенде денесінің алдыңғы бөлігі суға терең батады да, артқы бөлігі көтеріңкі тұрады. Ал ұзын мойны әр­қашан да тік тұрады. Ал сыбырлақ аққу суда жүзгенде мойынын “S” әрпі тәрізді бүгіп ұстайды, басын үнемі төмен түсіріп жүзеді, – дейді Мамлют қазақ мектеп-интер­натының биология пәннің мұғалімі Жа­зира Маратбек.

Биологтың айтуынша, сұңқыл­дақ аққу­дың дауысы ащы келеді. Сы­бырлақ аққу­дың тұмсығының кей­бір жері қара, қалғаны қызғылт сары және үстінде томпақ өсінді болады. Сұңқылдақ аққу біздің өңірде бүкіл орманды да­ла және далалық аймақтағы көл­дерде, Каспий теңізінің сол­түстік шы­ғысында, Балқаш, Алакөл, Зай­сан көлдерінде кең таралған. Ал сы­бырлақ аққу Арал теңізі, Сырдария, Торғай өзендері бойындағы көл­шіктерде көбірек.

Әр тіршілік иесінің жақсы жағы­мен қоса, жағымсыз қыры да бола­ды. Аққу да дәл солай. Біріншіден, бұл құс өте қызғаншақ келеді. Өзім­шілдігі басым, балапандарына еш­кімді маңайлатпайды. Өзімен бірге мекен еткен өзге құстардың жұ­мырт­қасын көрсе қасақана жарып, балапандары кезіксе өлтірмей тын­байды. Бұл әрекетіне қарап, киелі емес, жыртқыш құс па дерсің? Ба­ла­пандарын қызғанғаны соншалық, өзге құстарды алысқа қуып жіберуге тырысады.

Екіншіден, ауыл шаруашылығы өніміне тигізер зяны мол. Мысалы, өсіп тұрған дәнді дақылдарды жеп жояды. Үшіншіден, өзіне шынайы қауіп төнген жағдайда, жан-жануар­ларға ғана емес, адамға да шабуыл жасап, тіпті шоқығанда адамның сүйегін сындырып, етін жарақат­тауы да мүмкін екен.

Климаты ыстық жерде бұл құстардың түсі – қара, ал суық ай­мақта ақ болады. Денесіне ша­ма­мен 25 мың қауырсын өседі екен. Қа­ра аққу, көбінесе, Австралия құр­лығында мекен етеді. 8000 метр биіктікте ұша алады. Орташа ұшу жыл­дамдығы сағатына 65 кило­метр. Бұл – құстар арасындағы ре­корд. Өмір сүру ұзақтығы 20-30 жыл. Еуропаның суда жүзетін ең үл­кен құсы болып табылады. Сал­ма­ғы 15 килограмға дейін барады. Су­да өсетін өсімдіктермен, құрттар­мен және жәндіктермен қоректе­неді. Көздері өте жақсы көреді. Бұл қабілет судың астынан азық табуға көмегін тигізеді.

Аққу “Қызыл кітапқа” енгендіктен оны атуға тыйым салынған. Сон­дық­тан да болар бүгінде саны күрт көбейді. Тіпті жұмыртқадан кеш шық­қандары жылы жаққа ұшып ке­те алмай, солтүстікте қыстап қала­тын жайттар кездесті. Ежелгі заман­нан аққуды ату адамның өміріне ба­қытсыздық әкеледі деген сенім бар. Сөз соңында ауруханада естіген бір оқиғаны айта кетейін. Қол-аяғы сы­нып, емделіп жатқан механизатор жігіттің айтуынша, өткен көктемде басшылық жер жетпегендей көлдің жағасын жыртқызған. Абайсызда аққудың ұясын талқандап кеткенін өзі де байқамай қалған. Дәл төбе­сі­не төніп келген қос аққуды көргенде ғана не болғанын түсінгенін айтады. Зарлы дауыс әлі құлағынан кетер емес. Содан кейін қолы мен аяғын қатар сындырған, әйелімен ажы­расып, айрандай ұйып отырған отбасының ойраны шыққан. “Аққу­дың киесі атты мені”, – деп терең күрсінген еді.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика