Экологиялық мәселелер – басты назарда

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай, экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері қаралды.

Алғашқы мəселе жөнінде баяндаған Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, Қазақстандағы санитарлық-эпидемиялық жағдай жақсарып келеді. Коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша «жасыл» аймақта Шымкент қаласы, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстары, «сары» аймақта – Нұр-Сұлтан жəне Алматы қалалары, Қарағанды жəне Шығыс Қазақстан облыстары орналасқан. «Қызыл» аймақта Қостанай, Павлодар, Ақмола жəне Солтүстік Қазақстан облыстары тұр.  8,3 млн.-нан астам адам вакцинаның бірінші компонентін, 7,5 млн.-нан астам адам екінші компонентін алды.

Мəселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Көрші елдердегі күрделі санитарлық-эпидемиялық жағдайды ескере отырып, Үкімет басшысы барлық өңірлерде шектеу шараларының сақталуын жəне мониторинг топтарының күшейтілген жұмыс режімін қамтамасыз етуді тапсырды. Нұр-Сұлтан қаласының, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарының əкімдеріне коронавирусқа қарсы вакциналау қарқынын арттыру тапсырылды. Əкімдіктер мен Денсаулық сақтау ми- нистрлігіне тексеру жүргізіп, емдеу мекемелері мен қоймаларда қажетті дəрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың болу нормаларын қамтамасыз ету тапсырылды.

Үкімет отырысында экология жəне қоршаған ортаны қорғау мəселелері қаралды. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, Ақтөбе облысының əкімі Оңдасын Оразалин, Атырау облысының əкімі Махамбет Досмұхамбетов, Қарағанды облысының əкімі Жеңіс Қасымбек баяндады.

Биылғы 1 қарашада Глазго қаласында өткен БҰҰ-ның СОР26 саммиті шеңберінде Қазақстан климаттың өзгеруіне қарсы күреске бейілділігі туралы ұстанымын растады. Қазақстан парниктік газ шығарындыларын 15 пайызға азайту міндеттемесін қабылдай отырып, Париж келісімін əлемде алғашқылардың бірі болып ратификациялады. Қазақстан алға қойған мақсатына қол жеткізу үшін ұлттық деңгейде айқындалған үлес (ҰДАҮ) жаңартылды, сондай-ақ жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. 2030 жылға қарай жаңартылатын көздерден алынатын энергия үлесі  5 есеге, газ генерациясы есебінен энергия үлесі  2 есеге артады. Көмірден өндірілетін энергия үлесін 70 пайыздан 40 пайызға дейін төмендету жоспарлануда. Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, қазіргі уақытта жер бетінде климаттың өзгеру мəселесі əлемдік қауымдастық алдында тұрған жаһандық сын-қатерлер қатарында. Қазақстан үшін климаттың өзгеруіне қарсы күрес басым бағыт болып отыр, себебі бүгінгі күні жаһандық жылынудан туындаған əсер айтарлықтай байқалады.

Қазақстандағы негізгі экологиялық проблемалар атмосфералық ауаның ластануы, жерүсті сулары жəне қалдықтармен жұмыс істеу жүйесінің нашарлығы болып отыр. Атмосфералық ауа мониторингіне сəйкес, 45 өнеркəсіптік қаланың ішінде 10-ы атмосфералық ауа ластануының жоғары ластану деңгейіне жатады. Олар – Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған жəне Шымкент қалалары. Жабдықтардың тозуы, зауыттардағы шаң тазарту қондырғылары жұмысының тиімсіздігі, жаңғырту мен қайта құрудың болмауы, көмірді пайдалану жоғары ластанудың себебі болып отыр.

Серікқали Брекешев қалдықтармен жұмыс істеу мəселесіне  тоқталды. Түзілген қатты тұрмыстық қалдықтар көлемін айтарлықтай қысқарту үшін заңнамалық деңгейде «Waste to Energy» тетігі енгізілді. Қоқыс жағатын зауыттар салу үшін 6 қала анықталды. Алғашқы аукциондық сауда-саттық өткізілді. Инвестор анықталды. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Бүгінгі күні 7,3 мың үйіндінің 86 пайызы жойылды. Шығыс Қазақстан жəне Маңғыстау облыстарының көрсеткіштері республикалық орташа деңгейден төмен. Рейдтік іс-шаралар өткізілді. 17 мыңға жуық құқық бұзушы жауапкершілікке тартылып, 25 млн. теңге сомасына айыппұл салынды. Қазақстанда 3 мыңнан астам қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар, олардың тек 20 пайызы ғана нормаларға сəйкес. Бұл мəселе Павлодар, Батыс Қазақстан жəне Солтүстік Қазақстан облыстарында өте өзекті болып тұр. Жалпы, қоқыс шығаратын ұйымдардың қызметін реттеу жəне бақылау мақсатында жаңа Экокодексте хабарлама жасау тəртібін енгізу көзделген. Олар көлікке GPS-датчик терін орнатуға жəне көліктің қозғалысы туралы толық ақпаратты беруге міндетті. Оған қоса, қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін айып пұл дар жоғарылады.

Орман қорында 2 млрд.-тан астам ағаш отырғызу жұмыстары жалғасып жатыр. 5 жылға арналған кешенді жоспарлар бекітілді. Орман қорын көбейтуді бақылау мен мониторингілеуге арналған интерактивті карта жасалды. Атап айтқанда, бүгінгі таңда жоспарланған 129 млн. ағаштың 89 млн. ағашы отырғызылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арал теңізінің құрғаған түбіне жалпы көлемі 1,1 млн. гектар жерге сексеуіл отырғызуды нақты іске асыру басталды. Биыл сексеуіл егу 100 мың гектар алқапта, келесі 4 жылда жыл сайын 250 мың гектар алқапта жүргізіледі. Өзбекстан Республикасының оң тəжірибесін қолдана отырып, алғаш рет сексеуілді аэро егуді жүргізуді жоспарланғанын атап өту қажет. Ынтымақтастық жөніндегі тиісті Жол картасына қол қойылды.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында мынадай шараларды қабылдау қажет: Біріншіден, мүдделі мемлекеттік органдар мен əкімдіктер «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының шаралары мен көрсеткіштерін жəне өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі Жол карталарын уақтылы іске асыруды қамтамасыз ету. Екінші мәселе, әкімдіктер стихиялық қоқыс үйінділерін толығымен жоюды қамтамасыз етуі керек, полигондарды экологиялық жəне санитарлық нормаларға сəйкес келтіру, сондай-ақ қоғамдық көлікті газға немесе электр көлігіне ауыстыру жөніндегі жұмысты жалғастыру. Үшіншісі энергетика министрлігі əкімдіктермен бірлесіп, неғұрлым ластанған 10 қалада жеке сектор мен шаруашылық жүргізуші субъектілерді газға немесе баламалы энергия көздеріне қосу мəселесін пысықтау. Əрі қарай тиісті мемлекеттік органдар автокөліктерге техникалық байқау жүргізуді күшейтуі тиіс жəне жанар-жағармай материалдар сапасына бақылауды қамтамасыз ету керек.

Мəселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Маминнің айтуынша, 2025 жылға қарай 2 млрд.-тан астам ағаш отырғызу есебінен көміртекті сіңіру əлеуеті артады. Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі бойынша қабылданған міндеттемелер шеңберінде 2060 жылға қарай Үкімет энергетика, өңдеу өнеркəсібі, ауыл жəне орман шаруашылығы, көлік, ТКШ жəне қалдықтарды кəдеге жаратуға баса назар аудара отырып, экономиканың барлық секторларында елеулі реформаларды көздейтін стратегиялық құжат əзірлеуде. Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне 2022 жылдың 1 сəуіріне дейін көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі Стратегияның пысықталған жобасын енгізуді тапсырды. Экология министрлігіне əкімдіктермен бірлесіп, қолданыстағы заңнаманың жаңа талаптарына сəйкес құрылыс полигондарын құру мəселесін пысықтау, сондай-ақ еліміздің 10 қаласында ірі кəсіпорындардың ластаушы заттар шығарындыларын азайту көрсеткіштеріне қол жеткізу жəне жол карталарын əзірлеу бойынша шаралар қабылдау жүктелді. Энергетика министрлігіне əкімдіктермен бірлесіп, жеке сектор мен шаруашылық жүргізуші субъектілерді газдандыру мəселелерін жандандыру міндеттелді. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сəйкес 2025 жылға қарай халықты газдандыру үлесі 60 пайызға жетеді, 11,7 млн. адам газға қол жеткізеді. Барлық өңірлердің əкімдіктеріне экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі Жол карталары шеңберінде 2021 жылға жоспарланған барлық іс-шараның орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

(«Egemen Qazaqstan»,

5 қараша 2021 жыл).

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика