ҚЫСТА ҚОЛДАН ҚОРЕКТЕНДІРЕДІ

Омбы қарда орғып ойнаған елікті көрген де арманда, көрмеген де арманда! Қандай ерке, неткен сұлу! Шаңырақ мүйіз маралдардың тәкаппар жүріс-тұрысы, тіпті, тамаша! Шалт қимылдасаң, жалт бұрылып тым-тырақай қаша жөнеледі. Түз тағысы болған соң үрікпей қайтсін?! Алайда, қолдарында шелегі бар қорықшыларға бауыр басқан сыңайлы. Жапа-тармағай келіп, арпаға бас салады. Осынау көріністі сырттай бақылаудың өзі адамның табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыра түсердей.

Есіл ауданындағы "Красный бор" жан­уар­лар дүниесін қорғау және өсімін мо­лай­ту жөніндегі мемлекеттік мекемесінің қо­ры­ғы облыс орталығынан 87 шақырым жерде орналасқан. Қорықта жануарлардың онда­ған түрі бар. Мысалы, табиғаты көркем осы жерге бас сұқсаңыз, елік, марал, қабан, қоян мен тиіндерді кезіктірмей кетпейсіз. Осындай ұзын-ырғасы 5 мыңға жуық аң мекендейді.
Қорықтың байлығы – бұғы тұқымдасына жататын марал. Дене тұрқы – 250-265 сан­тиметр, салмағы 300-340 килограмм бола­тын бұл жануар өңірімізге осыдан 30 жыл бұрын көршілес Ақмола облысынан жет­кізіліпті. Мекеме директоры Николай Гу­сельников атап өткендей, сол жылдары атал­мыш қорықта марал саны 20 шақты ғана болса, қазір едәуір артқан. Соңғы, яғни былтырғы есеп бойынша мұндағы марал­дар – 1400-ден, ал еліктер 3 мыңнан асып жығылады. Жабайы қабандардың саны да 400-ге жуықтаған. Түз тағыларының осын­шалық көбеюіне жақсы күтімнің арқасында қол жеткізіліп отыр.
Үстіміздегі жылы облыста қар қалың түс­ті. Қысы алты айға созылатын өңірде жа­байы аңдарға азық табу қиын. Сондықтан аталмыш мекеменің ұжымы оларға көмек­ке келіп, белгіленген жерлерді техникамен қардан аршиды.
– Ақ түтек борандарда, сарышұнақ аяз қысып, қалың қар жауғанда жабайы аңдар қорек таппай қиналатынын білеміз. Олар аш­тан өлмеуі үшін осы кезде біз қолдан қо­ректендіруді бастаймыз. Оттықтар да­йындап, ішін жем-шөпке толтырамыз. Жан­уарларға азықтанатын орындарға жету же­ңіл болу үшін қарларды тазалаймыз. 5 азықтандыру алаңымыз бар. Биылға 8 мың сыпыртқы, 250 тонна шөп және 59 тонна ар­па әзірледік. Бұл азық жануарлардың қытымыр қыстан аман шығуына жеткілікті. Сон­дай-ақ, кейде жақын маңдағы шаруа­лар да көмектесіп, рапс, зығыр жеткізіп тұрады, – дейді Николай Александрович.
Алдағы күндері қорыққа Ақмола облы­сы­нан 10 марал жеткізілмек. Бұл қан араластыру үшін аса қажет. Тек сонда ғана жануарлардың төлі кемістіксіз туылады екен.
Жалпы аумағы 60 мың гектардан астам жерді бақылайтын мамандар табиғаттың ар­да перзенттерінің емін-еркін тірлік кешуі үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды. Жа­нуарлар тәулігіне 2 рет жем жейді. Елік­тер мен маралдарға күніне – 150, қабанға 300 грамм жем беріледі. Тіпті, марал­дар­дың иммунитетін нығайтып, мүйіздерін бе­рік ету мақсатында апта сайын тұз жалат­қызады.
– Түз тағыларын күтіп-ұстау жұмысы 6 бі­лікті қорықшыға сеніп тапсырылған. Был­тыр олардың орман ішінде еш қиындықсыз жүріп-тұруы үшін 3 арнайы көлік сатып алынды. Дегенмен, жігіттер кейбір кезде үлгермей, түннің бір уағына дейін жүреді. Сол себепті, бізге тағы бір жұмысшы аса қажет болып тұр. Осыған дейін бірнеше рет хабарландыру таратып, жұмысқа жастар­ды шақырып едік, нәтиже жоқ. Өйткені, жалақы аз, – дейді Николай Гусельников.
Қорық аумағында емін-еркін жайылған аң-құсқа көз алартып қарайтындар да жоқ емес. Облыстық табиғи ресурстар және та­биғат пайдалануды реттеу басқар­масының бөлім басшысы Ерлан Тәшімовтің айтуын-ша, былтыр заңсыз аң аулау фактісі жиі­леп, 60 заң бұзушылық тіркелген. Сон­дықтан маман табиғат заңнамасын белден басқандардың жазасыз қалмайтынын ескертеді.
– Егер әлдекім орман жануарларының өміріне қауіп төндіруге оқталса, ескерту алады. Ал ешбір құжатсыз аңшылық құрып оқ атса, қомақты көлемде айыппұл төлейді. Мұндағы әр жануар – қорықшылардың жіті бақылауында, – дейді Ерлан Бекенбайұлы.
Жалпы, облыста 47 аңшылық алқабы бар. Жалға алынған мекемелерде жабайы жануарларды тамақтандыру жұмысын ша­руашылық жүргізуші нысандар атқарса, ре­зервте тұрғандарға жергілікті атқарушы ор­гандар жауапты. Биылға аңдар үшін 35 мың сыпыртқы, 60 мың тонна шөп, 60 тонна жем дайындалған. Жемдеуден бөлек, қауіпсіз­дік шаралары да үнемі жүргізіліп тұрады.
Иә, түрлі түз тағыларына толы қорық – біздің ортақ байлығымыз. Кім-кімді де өзіне ын­тықтыратын ақ қайыңдар мен қарағай­лардың ортасында орналасқан бұл жер – Тәңірдің өзі сыйға тартқан ғажайып мекен. Табиғаттың осынау бөлшегіне қол сұқпай, көздің қарашығындай қорғау – әрбіріміздің міндетіміз.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика