ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АЯСЫНДА

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде қазақстандық білім беру жүйе­сінің сапасын арттыруға мүмкіндік беретін халықаралық ынтымақтастық бір жолға қойылып, оқу орны жұмысының басты бағытына айналғаны белгілі. Осы орайда, агротех­нология факультеті де студенттерді сапалы әрі жан-жақты біліммен қамтамасыз ету мақса­тында Израиль, Италия, Қытай, Польша, Германия, Ресей, тағы басқа елдердің агрокомпа­ния­ларымен және оқу орындарымен тығыз байланыс орнатты. Ондағы басты мақсат – тәжірибе алмасу, шетелдік мамандар мен өндірушілерді оқу үрдісіне тарту арқылы студенттердің қызығушылығын арттырып, білімін жетілдіру.

Соңғы жылдары жергілікті жас­тар арасында "Агрономия және ор­ман шаруашылығы", "Азық-түлік қауіпсіздігі" кафедраларының жұмысын үйлестіретін агротех­но­логия факультетіне деген сұра­ныс жоғары. Оқу орнын аталған ма­мандықтар бойынша тамамда­ған түлектер Ауыл шаруашылығы министрлігінде, сондай-ақ, өсім­дік және мал шаруашылығы ба­ғыт­тарындағы ауыл шаруашы­лы­ғы мекемелеріне, ғылыми-зерттеу ұйымдарына жұмысқа орналаса алады.
Болашақ мамандарды оқыту үр­дісі баяуламас үшін еліміздегі пан­демиялық жағдайға байла­ныс­ты жарияланған карантин ке­зінде де халықаралық байланыс жалғасуда. Бұл кезде онлайн-кез­десулер мен шаралардың тиімді­лі­гін пайдалануға айрықша көңіл бөлінуде. Осы орайда, жергілікті сту­денттердің білімін жетілдіруге шетелдік мамандар оқыған дәріс­тер септігін тигізетінін айта кеткен жөн. Мәселен, үстіміздегі жылдың мамыр айында Израильдегі "Agri Mechanization and Technology" ком­паниясының кеңесшісі, PhD доктор Юрий Озиранскийдің "Тә­жі­рибелік қолдануға арналған там­шылатып суару принциптері" та­қы­рыбындағы дәрісін факультет студенттері аса қызығушылықпен тыңдады.
Қазан айының басында жоғары оқу орнындағы агрономия және ор­ман шаруашылығы кафедра­сын­да өз жұмысын бастаған "Ауыл шаруашылығы өсімдіктері­нің биотехнологиясы" заманауи зертханасы да халықаралық ын­тымақтастықтың жемісі деуге не­гіз бар. Осыдан екі жыл бұрын жер­гілікті Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен әріптестік бай­ла­ныс орнатқан біздің универси­тет зерттеулер мен тәжірибелер жүргізетін заманауи агротехно­парк ашқан еді. Қазіргі таңда әле­уеті жоғары агротехнопаркте фа­культеттің оқытушылары мен сту­денттері ауыл шаруашылығы да­қылдарының жаңа әрі суыққа тө­зімді сұрпын өсірумен айналысып жатыр. Агротехнопарк құрыл­ған­нан бері сыналған дақылдардың оннан астам сұрпы өңіріміздің кли­матына төзімді болып шыққан. Аталған бағыттағы жұмыстарды жетілдіріп, тәжірибені арттыру мақ­сатында факультеттің төрт оқытушысы шетелдегі иннова­ция­лық зертханаларда білікті­лік­терін арттырып, 12 студент Қы­тай­да білімдерін жетілдірді.
Өсімдік вирустарын анықтап, жаңа түрлерін өсіріп шығаруға мүм­­кіндік беретін заманауи зерт­ханада жас ғалымдар картоп сияқ­­ты өзге де дақылдарды отыр­ғызудың биотехнологиялық әдіс­тері бойынша ғылыми ізденістер­ді жүзеге асыратын болады. Онда сараптамалар жүргізуге қажетті барлық жағдай жасалған. Қытай­лық тарап жергілікті универси­тет­ке 11 млн. теңгені құрайтын төрт ша­­ғын ауыл шаруашылығы тех­ни­­ка­сын және 15 млн. теңгенің за­манауи құрал-жабдығын сыйға тартты.
Халықаралық ынтымақтастық ая­сында алған сапалы білімді жер­гілікті жердегі агротехноло­гияны жетілдіру бағытында тиімді пай­да­лана білу аса маңызды. Осы орай­да жоғары оқу орны теория­лық бі­лімді тәжірибе жү­зінде іске асыру үшін бірқатар жер­гілікті кә­сіп­орындар мен ұйым­дармен бай­ла­ныс орнатты. Онда­ғы білікті ма­ман­дар студенттердің диплом­дық жұмыстары мен ма­гистрлік дис­сер­тацияларын орын­дау ба­ры­сын­­да көмектеседі. Мәселен, аг­ро­номия және орман шаруашы­лы­ғы факультеті "Сол­түстік Қа­зақстан мал және өсімдік шаруа­шы­лығы ғылыми-зерттеу инсти­тут", "Шага­ла Агро" жауап­керші­лігі шектеулі серіктестікте­рімен, "Қы­зыл­жар оранжереясы" МКҚК, тағы басқа ұйымдармен бірлесіп жұ­мыс істейді. Сонымен қатар об­лыс­тық жер қатынаста­ры, табиғи ресурс­тар және таби­ғат­ты пайда­лануды реттеу бас­қармалары сияқты мемлекеттік мекеме­лер­мен де тығыз байла­ныс орнатыл­ған.

Фариза МҰҚАНОВА,
Агрономия және орман шаруашылығы
кафедрасының меңгерушісі.
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика