Баға жетпес байлық

Ұлан-байтақ жеріміздің төсіндегі әсем табиғаттың өзі ұлттың киелі қазынасы, баға жетпес байлығы емес пе?! Сол қазынаны қорғау – біздің басты парызымыз. “Бір тал кессең, он тал ек”, “Атадан мал қалғанша, тал қалсын” деген өсиет сөздердің мән-маңызы да осыған саяды. Орман шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында өңіріміздегі орман және жануарлар дүниесін қорғап-сақтауға, молайтуға сүбелі үлесін қосып жүрген маман иелерінің еңбегі жайлы айтуды жөн көрдік.

Орман – ең ірі табиғи байлық қана емес, еліміздің экономикалық тұрақтылығының негізі. Сондықтан қазақ жерінің жасыл жамылғысын қалыңдата құлпырту, орман байлығын молайта оты­рып, табиғаттың үйлесім тепе-тең­дігін сақтау аса маңызды. Бүгінде орман шаруашылығы қызметкерлері бұл міндетті мінсіз атқарып келеді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды рет­теу басқармасының қарамағын­дағы мемлекеттік орман қоры­ның жалпы ауданы 550 мың гек­тарды құрайды. Оның 79 пайызы – орманды алқап. Жергілікті орман шаруашылықтарында баға жетпес байлығымызды сақтап, молайтып, ұтымды пайдалану бағытында 850-ден астам маман аянбай тер төгуде.

Жергілікті орман шаруашылығы қызметкерлерінің дені бұл салада 15 жылдан астам уақыт еңбектеніп келеді. Олар – өз ісін үлкен жауапкершілікпен атқаратын нағыз маман иелері. Ұзақ жылдар бұрын Щучинск қаласындағы Бурабай орман техникумын тамамдап, өңірімізге жұмыс істеуге келген жас қыздар мен жігіттер еңбек жолын орман шаруашылығымен байланыстырды. Вера Черкасова, ерлі-зайыпты Ольга және Николай Павлюктар, Сән Молдыбаев, Жұманғали Балпанов, Виктор Раковский, Бақытжан Тілеуғазин, Қайырбек Байтенизов сияқты зейнеткерлердің облыстағы орман шаруашылығы саласын дамытуға сіңірген еңбегі ерен. Бүгінде тәжірибелі мамандармен қатар жастардың да осы іске қызығушылық танытып, табиғи қорымызды сақтауға үлес қосуға ниет білдіргендері қуантады. Белсенділігімен, ісіне жауапкершілікпен қарайтындығымен әріптестеріне үлгі көрсетіп жүрген Айнұр Өмірзақова, Наталья Евсюкова, Рүстем Жанахметов, Олег Девятайкин бастаған бір топ жасты атап өтуге болады.

Өңірімізде орман қорын байыту, сақтау міндетін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, осы салада әулет болып жұмыс істеп жүрген азаматтар бар. Жалпы еңбек өтілі 150 жылдан асатын Айыртау ауданындағы Сәкеновтар, осы салада 140 жылға жуық еңбек ететін Шал ақын ауданындағы Түребековтар, Есіл ауданындағы Здоровец және Подоксеновтар әулетін мысалға келтіре аламын. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Бүгінде Петропавл қаласы мен аудан орталықтарының айналасында пайда болып, тұрғындардың сүйікті орнына айналып үлгерген жасыл белдеулер – осы азаматтардың адал еңбегінің жемісі.

Орман ісіне араласпай, сырттай бақылаған адамға жасыл желектер өздігінен өсетіндей болып көрінуі – қалыпты жағдай. Шын мәнінде, оны өсіріп, қамқорлық көрсету үлкен еңбекті талап етеді. Өткен жылы ғана атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жергілікті орман қорын 1205 гектарға молайту мүмкін болды. Осының арқасында облыстағы орманды алқап 1860 гектарға көбейіп, 437,7 мың гектарды құрады. Қазіргі таңда мемлекеттік орман қорының аумағында көшеттерді отырғызу жұмыстары жүргізілуде.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі дағдарыстар орман шаруашылығын да айналып өтпеді. Бюджеттен жеткілікті қаржы бөлінбеу салдарынан шаруашылықтардың материалдық-техникалық жағдайын қамтамасыз ету мүмкін болмады. Алайда, орман шаруашылығы қызметкерлері осы кезде де түсіністік таныта білді. Олардың онсыз да азын-аулақ жалақыларын бірнеше айлап ала алмаған кездері де болды. Бірақ олар мұның бәрі уақытша екеніне сенім білдіріп, негізгі міндеттерін ешқашан ұмытқан емес. Қандай жағдай болса да, орман игілігі үшін қызмет етуден жалықпады.

Осы уақыт аралығында орман шаруашылығы саласында бірқатар өзгерістер орын алып, жаңа Орман кодексі қабылданды. Орман саласын жетілдіруге жеке кәсіпкерлер де үлес қоса бастады. Бүгіндері орман шикізатын өңдеудің инновация­лық тә­сілдері енгізілуде. Ормандарды жалға алушылар 300-ден астам адамды жұмыспен қамтып, сү­рек және ағаш көмірлерін дайындайтын 20 цех пен зауыт салды. Жүзден астам ағаш өңдейтін станок пен бес ұнтақтау қондырғысы сатып алынды.

Бүгіндері орман шаруашылығы саласында инновациялық жобалар қолға алынуда. Мәселен, 2017 жылы “АБД-Орманы” жа­уапкершілігі шектеулі серіктестігі сүрек дайындау бойынша ұзақ­мерзімді орман пай­даланушы­лар­дың алғашқы­сы болып Қа­зақ­стан Республи­касы­ның Ғы­лым қоры арқылы 300 млн. тең­ге­нің грантын алып, толық игерді. Бұл қаражат ағаш кесу, көшеттер өсіру, ор­ман­дарды қалпына кел­тіру жұ­мыс­тарын жүргізуге жұмсалды. Сүрек дайындауға қажетті жаңа техникалар сатып алынып, көшеттер өсіру үшін жылыжай са­лын­ды. Былтырғы жылдың та­мы­зында айына 160 тонна сүрек көмірін дайындайтын зауыт пай­далануға берілді. Ал 2018 жылы осындай сомаға грантқа сүрек дайындау бойынша ор­ман­дарды ұзақмерзімді жалға алушы “Азия – WOODS” ЖШС-і қол жеткізді. Серік­тес­тік жоғары сапалы сүрек көмірі және еуробөрене жасау мақсатында ағаш қалдықтарын өңдейтін зауытты іске қосты.

Орман саласындағы ауыз толтырып айтар жетістіктердің бірі – жергілікті орман қалыптастырушы түрлерді қайта өңдеудің жаңа сапалық деңгейге ауысуы. Үстіміздегі жылы өңірімізде ламинатталған фанера шығару ісі жолға қойылғаны жайлы бұқаралық ақпарат құралдары жарысып жазуда. 1,8 млрд. теңге қаржы жұмсалған инновациялық жобаны жүзеге асыру аясында 150 адам еңбекпен қамтылмақ. Кәсіпорын жылына 27 мың текше метр өнім шығарады деп жоспарлануда. Бұл ресублика бойынша фанера қажеттілігін 30 пайызға азайтады.

Бұдан бөлек, облыс аумағында тұрғындардың демалысын ұйымдастыру үшін орман учаскесін жалға алған 27 орман пайдаланушы бар. “Green Park”, “Greenwood Hotel”, “Сосновый бор”, “Абакшино”, “Простоквашино”, “Серебряный бор”, тағы басқа демалыс орындары жергілікті тұрғындардың сүйікті орнына айналды. Өткен жылы 70 мыңнан астам облыс тұрғыны мен меймандары осы демалыс орындарының қызметіне жүгінді.

Жоғарыда айтқан ауқымды жұмыстар мен жетістіктер, өңіріміздегі жасыл желекті аумақтың көбеюі – орман шаруашылығы қызметкерлерінің адал еңбегінің жемісі. Ел байлығы, халықтың баға жетпес игілігі – орманды сақтау, қорғау мақсатында тер төгіп жүрген мамандардың еңбегі қандай мақтауға да лайық.

Бейбіт ИСМАНОВ,

табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика