Саябақта — жас көшеттер

Өткен жылы Қазақстан кәсіподақтары күні қарсаңында об­лыс орталығындағы Тұңғыш Президент саябағында арнайы аллея ашылып, ағаштар отырғызылған еді. Игі бастама биыл да ұмыт қалмай, бұл жер жаңа көшеттермен толықты.

Өңірімізде көгалдандыру ба­ғы­тын­дағы жұмыстарға серпін берген шара жергілікті кәсіподақ қоз­ғалысының ардагерлеріне құр­мет көрсету мақсатында қолға алын­ған. Өйткені, еңбек арда­гер­леріне қамқорлық көрсетіп, дәс­түр мен ұрпақ сабақтастығын жал­ғау – әрбір бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмысының басты әрі ма­ңызды бағыттарының бірі. Шара­ның басты міндетіне тоқталып өт­кен облыстық кәсіподақтар орта­лығы төрағасының орынбасары Мұрат Қалиев бүгінге дейін ал­лея­да 62 түп шырша егілгенін жет­кізді. "Аллеяны ашудағы негізгі мақ­сат – өскелең ұрпақтың бо­йын­да қоршаған ортаға жан­ашыр­лық сезімін ұялату және олар­ды табиғатты қорғауға баулу. Былтыр бұл жерге жасыл же­лектерді тек қалалық кәсіподақ мү­шелері отырғызса, биыл бұл жұмыстарға аудандық ұйымдар­дың өкілдері де білек сыбана кірісті", – деді Мұрат Қалиев.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, аталған шараға қа­ты­су арқылы өңірімізді көгалдандыру жұмыстарына атсалысуға ниеттенген азаматтардың қарасы қа­лың болды. Осы жолы денсау­лық сақтау, білім және ғылым мем­лекеттік мекемелерінің кәсіп­одақ ұйымдарына мүше азамат­тар шырша отырғызды. Облыс­тық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері Азамат Мағзұмов ағаштардың айналаға көрік беріп қана қоймай, адамның денсау­лы­ғына да оң әсерін тигізетіні жайлы айтты. Осыдан 15-20 жыл бұрын барлық жерін шөп, қара қамыс бас­қан орын бүгін тап-таза, ал жа­сыл желектер сәнін келтіріп, адам­дардың жақсы көңіл күймен демалуына мүмкіндік туды. Айта кету керек, аллеяның көркін аша түс­кен Сібір шыршалары Қызыл­жар ауданындағы Кондратов тә­лім­бағынан әкелінген.

Осы жолғы шараны өткізуге сеп­тігін тигізген азаматтар бұл үр­дісті қолдау үшін эстафетаны Пет­ропавл қалалық әкімдігі, "Көп­са­лалы облыстық аурухана", Сол­түстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық, Бәйкен Әшімов атында­ғы Петропавл теміржол колледж­дері бастаған бірқатар ұйымдар­ға жолдады. Игі дәстүр алдағы уа­қытта да жалғасын таппақ. Об­лыстық кәсіподақтар орталығы ке­лесі жылы еліміздің Тәуелсіз­ді­гі­не 30 жыл толуына орай бұл жерге тағы 30 түп шырша егуді жос­парлап отыр.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

"Soltústik Qazaqstan".

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика