Гүл — сұлулықтың символы

Адам жанын жадыратып, көңілін көтеруде гүлден асқан сыйлық жоқ екенімен кез келген қыз-келіншек келісетін болар. Гүл жан-жағына жұ­парын шашады, сұлулық, нәзіктік сыйлайды. Алайда, көңіл қуанышы тәрізді оған да оңай­лық­пен қол жеткізе алмайсың. Гүл өсіруге жан-тәнімен беріліп, бүкіл ықыласын соған аударатын жандар бар. Бүгін солардың бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Галина Васильева жайлы әңгіме қозғамақпыз.

“Ең бақытты адам – бос уақыты жоқ адам" де­ген сөз дөп басып айтылғанына күн өткен сайын көзіміз же­туде. Өйткені, адам сүйікті ісіне білек сыбана кіріскенде уақыттың қалай зымырап өтіп кеткенін де байқамай қалады екен. Бұл сөздер гүл өсіру ісімен айналыса­тын Галина Васильевна жайлы айтылса ке­рек. Бағбанның саяжайында гүлдің 500-ден ас­там түрін кездестіруге болады. Зейнет де­малысына шыққан ол "Youtube"-та арнайы парақша ашып, оқыр­мандарына гүлдерін қа­лай күтіп-баптайтыны жай­лы баяндап, тә­жірибесімен бөлісуді де ұмытпайды.

Негізгі мамандығы географ-биолог болға­нымен, он жылдан астам уақытын құқық қор­ғау саласына ар­наған. Қатаң тәртіпті талап ететін қызметте күн демей, түн демей жұмыс істегенімен, гүлге деген ма­хаб­баты ешқашан ортаймаған. Табиғатты аялау, қор­шаған ор­таға жанашырлық – адам баласының бас­ты бо­рыштарының бірі саналатынын жақсы тү­сі­не­тін бағбанның бақшасында өңір тұрғын­да­рын қуан­татын жаңалықтар да жетерлік. Он жыл­дан ас­там уақыт бұрын Алтайдан грек жаң­ғағын алып ке­ліп отырғызған екен. Оның ал­ғашқы өнімін өткен жылы алған.

Мұнда нарғызгүл, петуния, флокс, барлы­ғы­мыз­ға жақсы таныс раушан гүлінің ғана жүз­ден астам түрін кездестіруге болады. "Сая­жайда жеміс пен көкөніс өседі, бірақ оған қа­рағанда жаңға жайлылық сыйлайтын жұпар иісті гүл әлдеқайда көбірек. Себебі, гүлді қа­шанда сұлулықтың нышаны ретінде қабыл­даймыз. Біздің өмірімізді түрлендіріп қана қой­май, мейірімділік сыйлайтыны да талассыз. Ең бастысы, табиғатқа деген сүйіспеншілікті оятып, әсемдік әлеміне қызығушылы­ғымыз­ды арттыра­ды", – дейді тәжірибелі бағбан.

Галина Васильеваның айтуынша, өңіріміз­де­гі құ­былмалы ауа райына қарамастан, рау­шан гүлінің түр-түрін өсіріп, баптауға болады. Бас­тысы, күн суытып, қар түскенше гүлдерді уақтылы жабу керек. Со­сын көктем жетіп, күн сәу­лесі жарқырағанда қай­тадан ашып, то­пы­ра­­ғын өңдеу аса маңызды. Өсімдіктерінің күті­міне уақытын аямай жұмсап, саяжайын­да өсі­ре­тін дүниелерді таңдауға да айрықша көңіл бөлетін бағбанның сүйікті гүлін сұрауды да ұмытқан жоқпыз. Ұзақ уақыт гүлдейтіндіктен, нар­ғыз­гүлді ерекше жақсы көреді екен. Біраз зерттеп көріп едік, ғаламтор беттерінде бұл гүлге қатысты қызықты ақпараттарды кездес­тір­дік. Саяжайда бұл өсімдіктің 140-тан астам түрі өсіп, көздің жауын алып тұр. Келушілердің көзіне бірден түсетіні – қара нарғызгүл. Неге де­сеңіз, нарғызгүл секілді сабағы да, жапыра­ғы да қара гүлдер өте сирек кездесетін кө­ріне­ді. Оны күтіп-баптау, көбейту де оңайға түс­пейді.

Гүл өсіру ісі Нидерланды, Германия, Жапо­ния сын­­ды елдерде жақсы дамыған. Аталған ел­дер бү­гінде гүлдің арқасында үлкен пай­даға да кенеліп отыр. Бұл сала бізде кешеуіл­деп дамығаны анық. Дегенмен, осы іске ден қой­ған бағбандардың ар­қасында гүл өсіру біз­дің елде де өркендейтініне сенім мол.

Гүлден СИМБАЕВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің студенті.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика