Тазалық үшін күрес

Еліміз әлемдегі басқа да мемлекеттер секілді қоршаған ортаның лас­тануына қатысты өткір мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Қоғам алдына қойылатын басты міндеттердің бірі – табиғатты қорғауға, экологиялық мәселелерді шешуге атсалысу. Осы бағытта, әсіресе, жастар аянбай еңбектенуі тиіс. Соның бір дәлелі ретінде “Волонтер жылы” аясында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған “Birgemiz: Taza Álem” жалпыұлттық жобасы қолға алынып, барлық өңірлерде жүзеге асырыла бастады. Азаматтарды қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазарту, ағаш отырғызу мен қоқысты сұрыптауға үйрету мақсатында қолға алынған жоба Солтүстік Қазақстан облысында да табысты жүргізілуде.

Аталған жоба жастар арасында экологиялық волонтерлікті дамытуға да септігін тигізді. Жалпы, еріктілік дегенді біз қоғамға өз еркімен пайдасын тигізуді көздейтін, риясыз жақсылық жасауға ниетті адамдар тобы деп білеміз. Жүректері мейірімге толы жандар елімізде жарияланған карантин кезінде де мұқтаж жандарға қол ұшын созып, ризашылықтарын алғанын естіп-көріп жүрміз. Бүгінгі қоғам волонтерлікті арзан немесе тегін жұмыс күші деп қабылдауы мүмкін. Бірақ бұл түсінік дұрыс емес. Өйткені, ерікті азаматтар қоғамға шын ниетімен көмектесуді мақсат еткендерін іс-әрекеттерімен дәлелдеп келеді.

“Birgemiz: Taza Álem” жалпыұлттық жобасы – “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы” мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен республикалық бірыңғай “Жас ұлан” балалар мен жасөспірімдер ұйымы қолға алған бастама. Жобаны іске асыруға 55 миллион 693 мың теңге қаржы бөлінген. Оның аясында 300 мың теңгеге дейін 68 грант бөлінді. Елімізді толғандырып отырған экологиялық өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жоба аясында мыңға жуық волонтерді тарту арқылы өзен-көлдерді, ормандар мен облыс орталығында орналасқан саябақтарды тазартуға бағытталған жұмыстар іске асырылды. Осы орайда таңертеңгі жүгіру барысында қоршаған ортаны тазартуға атсалысуға мүмкіндік беретін “Плоггинг”, отбасылық немесе достармен табиғат аясындағы демалыстан кейін отырған, ластаған орындарын жинап, тазартуға бағытталған “Қалдықсыз пикник” акциялары көп пайдасын тигізгені сөзсіз. Тамыз айында Павлодар облысындағы Баянауыл демалыс орнында үшкүндік экологиялық лагерь өткізу де табиғатты қорғауға бағытталды. Оның аясында күнделікті тұрмыста кездесетін қалдықтарды бөлу, яғни, пластик, бөтелке, макулатура сияқты қоқыстарды жеке сұрыптауға үйрететін тренингтер өтті. Пластиктердің жойылуы ұзақ уақыт алатындықтан, ол қоршаған ортаға үлкен зиянын келтіреді. Сондықтан адамдарға күнделікті өмірдегі қалдықтарды дұрыс бөлуге үйрету арқылы үлкен нәтижеге қол жеткізуге болады.

Кез келген жобаның нәтижелі болуы үшін оны жүзеге асыруға атсалысатын ерікті азаматтарды барынша көп жұмылдыру аса маңызды. Сондықтан волонтерлерді өз қатарымызға қосу мақсатында әлеуметтік желі парақшалары арқылы хабарландырулар жариялап, түрлі челлендждерді ұйымдастырдық. Мұндағы басты мақсат жастардың бойында еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастырып, жасап жатқан істерінің қоғам үшін пайдалы екеніне көздерін жеткізу болып табылады. Олардың еңбегін бағалау арқылы волонтерлікке деген көзқарасты біршама өзгертіп, алдағы уақытта одан да үлкен бастамалар мен игі істерге ынталандыруға болары сөзсіз. Жастардың экологиялық сауаттылығын арттыру мақсатында әлеуметтік желі арқылы онлайн режімде экологиялық тренерлермен, кәсіби экологтармен кездесулер, тікелей эфирлер ұйымдастыру қолға алынды. Олар экологиялық волонтерлікпен айналысып жүрген жастармен тәжірибелерімен бөлісу арқылы қоршаған ортаны қорғау бағытындағы игі бастамаларға шақырады.

Солтүстік Қазақстан облысында аталған жобаны жүзеге асыруға атсалысуға ниет танытқан азаматтардың саны елуден асады. Олар “Birgemiz: Taza Álem” жобасымен шектеліп қалмай, тарихи-мәдени мұраны сақтауға бағытталған “Birgemiz: Asyl мura” жобасын жүзеге асыруға да қолғабыс етуде. Волонтерлер осы екі жобаға да тікелей жұмылдырылып, бастамалар мен акцияларға қатысу арқылы танымдық көкжиегін кеңейтіп, жалпыұлттық деңгейде өткізіліп отырған жобалар жайлы кеңінен ақпарат алды. “Birgemiz: Asyl мura” жобасының аясында жастарды археологиялық қазба жұмыстарына қатыстырып, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын, жанын тазартуға жұмылдыру көзделген. Мәселен, облыс орталығындағы Қарасай мен Ағынтай батырдың кесенелерінің жанында сенбіліктер ұйымдастырып, аталған аумақты тазартып қана қоймай, жастардың өңіріміздің киелі орындары жайлы мәлімет алуына мүмкіндік жасадық.

Таза табиғат үшін күрес – жалпы өмір, кемел келешек, болашақ үшін күрес. Әрқайсымыз өзіміз өскен ортаның табиғатын қорғауға міндеттіміз. Сондықтан Табиғат-Анамыздың неден зардап шегіп отырғанын анықтап, өз көмегімізді беруге дайын болуымыз керек.

Бақытжан ТҰРСЫНОВ,

“Birgemiz: Taza Álem” жалпыұлттық жобасының облыс бойынша үйлестірушісі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика