ҚОРШАЛМАҒАН УРАН ШАХТАЛАРЫ тұрғындар өміріне қауіп төндіруде

Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылына жақын маңда орналасқан Гречевский уран кенішінің жабылғанына 17 жылдан астам уақыт өтіпті. Өкінішке қарай, ол бүгінде қараусыз әрі ашық-шашық жатыр. Құрылысқа жарамды материалдардың басым бөлігі қолды болған. Кезінде ірі кәсіпорындардың бірі болған жерде қазір қаңыраған қабырға мен үйілген тастарды ғана көресіз. Жақында облыстық экология департаментінің басшысы Ерболат Омаров бастаған мамандар Айыртау ауданына арнайы барып, жергілікті билік өкілдерімен бірге жабылған уран кеніштерін аралап, қауіпті нысандардың қазіргі жағдайымен танысты. Сапарға облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысып, экологиялық қауіп төндіріп тұрған орындарды өз көздерімен көрді.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап түрлі экологиялық мәселелерді шешуге ерекше назар аударып келеді. Әлемдегі ірі ядролық полигонды жабу, Арал теңізін сақтау және Кас­пийді қорғау бағдарламалары ха­лықаралық деңгейде танылып, жоғары бағаланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жол­дауында қоршаған ортаны қорғау мәселесіне айрықша көңіл бөліп, маңыздылығын ескертіп, бұл үшін жауапты тұлғаларға тиісті міндеттерді жүктеді. Соңғы уақытта экологияны сақтау тұрғысынан көптеген істер қолға алынғанымен, шешімін таппаған түйіндер мен проблемалар әлі де баршылық.

Өткен жылдың орта тұсында әлемге танымал “Numbeo” статистикасына сәйкес қоршаған ортаның ластану деңгейіне қатысты әлем елдерінің рейтингісі жарияланған болатын. Осы рейтингте Қазақстан әлемдегі 109 елдің ішінде 25-ші орынға тұрақтапты. Бұл көрсеткіш еліміздегі экологиялық ахуалдың төмендігін аңғартады.

Бұрын пайдаланылған, қазір жабық жатқан уран кен орындары – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын алаңдатып отырған экологиялық мәселелердің бірі. Облыстық экология департаментінің басшысы Ерболат Омаров айтып өткендей, өңірімізде қолданыстан шыққан алты уран кеніші бар. Оның үшеуі – Айыртау (Грачевский, Косачинное, Дергачевское), қалған үшеуі Ғабит Мүсірепов атындағы (Шоқпақшы, Аққан-Бұрлық және Тоқсан би ауылынан 1,5 шақырым қашықтықта орналасқан аты жоқ кен орны) аудандарда орналасқан. Кен орындарының басым бөлігі жұмысын, шамамен, жиырма жылдай бұрын тоқтатқан. Өкінішке қарай, бүгінде бұл жерлерде уран өндірілмесе де, жергілікті тұрғындардың денсаулығына тигізер қауіп-қатері аз емес. Өйткені, кеніштердің аумағында беті ашық құдықтар бар, баспасөз турының барысында біз де бұған куә болдық.

Кен орнының аумағына кірген кейбір адамдар құнды бірдеңе табамын ба деген оймен жабық құдықтарды да ашқан. Ашық құдықтарды бұл аумаққа кірген адам қалың шөптің арасынан байқамай, ішіне құлап кетуі де бек мүмкін. Мұндағы радиация мөлшері де талапқа сай келмейді, кейбір жерлерде көрсеткіш шамадан тыс. Аталған аумақты аралап жүріп, қирап жатқан ғимараттардың да өмірге қауіпті екеніне көзіміз жетті. Өйткені, әбден қаусаған ғимараттар құлаудың аз-ақ алдында тұр. Осыдан екі жыл бұрын қауіпсіздік кеңесінің отырысында айтылған міндеттерді орындау мақсатында пайдаланылған кен орындарына бөгде адамдардың кіруіне жол бермеу үшін облыстық әкімдік атқарылуы тиіс 11 тараудан тұратын іс-шаралар жоспарын бекіткен.

– Үстіміздегі жыл аяқталуға таяу қалғанымен, Айыртау ауданында 11 міндеттің тоғызы әлі күнге дейін орындалмаған. Оның ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігі, жергілікті жердегі экологияны сақтау мақсатында аумақты қоршап, ескерту белгілерін қою қажет. Бұл кеніштер иесіз қалғаннан кейін ашық-шашық жатыр әрі талан-таражға түсті, – деді Ерболат Болатжанұлы.

Белгілі болғандай, аумағы 60,5 шаршы метрді алып жатқан Грачевский кен орны 1965 жылы ашылған. Оның аумағында 14 ғимарат, соның ішінде жақын маңдағы елді мекендерді жылумен қамтыған қазандық болған. 1998 жылы кеніштегі өндіріс тоқтатылғанымен, кен торны толық жабылған жоқ. Екі жыл өткеннен кейін “Уранликвирудник” республикалық мемлекеттік мекемесі аумақтағы ғимараттарды қалпына келтіру бойынша жұмыстарды бастаған болатын. 2005 жылы “Уранликвирудник” республикалық мемлекеттік кәсіпорнына бұрынғы уран кен орындарындағы радиациялық бақылауды жүргізу міндеті жүктелген. Алайда, кәсіпорын 2010 жылы таратылғаннан кейін бұл жұмыстар да тоқтап, кен орындары мүлдем қараусыз қалды. Одан кейін аталған аумақтарда күзет болмағандықтан, шахталар мен қауіпті жерлердегі қорғаныс қоршаулары қолды болды. Соның салдарынан ғимарат біртіндеп қиратылып, талан-таражға түсті. Аумақтың қауіпсіздігін біле тұра адамдар радиоактивті материалдарды керектеріне жаратамыз деген ниетпен ұрлыққа да барыпты. Ақша табуды көздегендер оны металл қабылдайтын орындарға да өткізген. Өкінішке қарай, бұл материалдарды күнделікті тұрмыста пайдаланудың қауіпті немесе қауіпсіз екенін де айтып дабыл қаққан ешкім болмады.

Облыстық экология департаментінің мамандары 2014-2018 жылдар аралығында өңір аумағында орналасқан осындай орындарды тексеру үшін арнайы барып, бірқатар іс-шараларды қолға алған. Эколог мамандардың айтуынша, осыдан бес жыл бұрын кен орындарындағы шахталық құдықтарда радиация тиісті мөлшерден 5 есе артық болған көрінеді. Экологтар осы жолы арнайы құрылғының көмегімен радиация мөлшерін өлшеп көріп еді, кеніште де, санитарлық-қорғаныс аймағында да оның деңгейі қалыпты мөлшерден аспады. Осы жолы құрылғы 0,152 микрозиверді көрсетті. Радиация мөлшерін өлшеген департаменттің бөлім басшысы Айман Хамзина мұны уақыт өте келе гамма сәулесінің мөлшерінің төмендейтінімен түсіндірді.

Аумақты қоршап, аталған орынды сақтау бойынша арнайы жоспардың басқа тарауларында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру үшін Айыртау аудандық әкімдігі алдымен кен орнын коммуналдық меншікке өткізуі тиіс екен.

–Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін қомақты қаражат қажет. Бұл жерде 14 нысан болғандықтан, оның барлығын бірден жабу оңайға соқпайтыны белгілі. Өйткені, мемлекеттік акті мен техникалық құжатты әзірлеуге ғана 3 млн. теңге кетеді. Қоршауды қоярмыз. Бірақ қойған соң оны күзетіп, талапқа сай ұстауға тиіспіз, – деген Айыртау ауданы әкімінің орынбасары Едрес Жанапин жергілікті бюджетте бұл жұмыстарды жүргізуге қажетті қаражаттың жоқ екенін алға тартты. – Мемлекеттік акті мен техникалық паспортты әзірлеу үшін қажетті қаржыны табуға болады. Алайда, 60 гектардан астам аумақты толық қоршап, ғимараттарды сүруге бұл сома жетпейді. Оның үстіне, нысандарды бұдан былай не істейтініміз де әлі белгісіз.

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айының басында Айыртау аудандық әкімдігі жергілікті сотқа аталған кен орындарын иесіз және коммуналдық меншікке ауыстырылды деп тану жөнінде өтініш жолдаған. Алайда, жұмысы тоқтатылған уран кенішінде және өндіріс алаңдарында орналасқан нысандардың жер учаскелерінің координаттарын зерттеу және анықтау, аталған нысандарды иесіз мүлік ретінде тіркеу, соттың шешімі бойынша коммуналдық меншікке өтті деп тану сияқты міндеттер орындалмаған. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі үшін іргелес аумақтар мен жақын орналасқан елді мекендердегі топырақтың, судың және ауаның ластануына радиациялық өлшеулер жүргізу де аса маңызды. Өкінішке қарай, бұл тапсырма да орындалмаған. Жоспар бойынша бұл жұмыстардың басым бөлігі өткен жылдары орындалуы тиіс болатын. Ал жергілікті әкімдік жоспардың уақтылы орындалмауына қатысты сұрақтарға жауап беру барысында қажетті қаржының жеткіліксіз екенін айтып ақталуда. Жоғарыда көрсетілген пункттердің басым бөлігі, әсіресе, заң жүзіндегі құжаттарды әзірлеу үшін қаражат қажет еместігін байқауға болады. Соның өзінде, неге екені белгісіз, жерді коммуналдық меншікке ауыстыру жөніндегі өтініш биылғы жылы ғана берілген. Салдарынан жұмыс уақтылы аяқталмай, тұрғындардың ашық жатқан кен орындарына кедергісіз кіріп, қирауға шақ қалған ғимараттардың арасында жүруіне тоқтау болмай тұр.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан уран кен орындарының жағдайы да мәз емес. Дегенмен, олар Айыртау ауданындағы әріптестеріне қарағанда біршама ширақ қимылдап, бүгінгі күнге дейін іс-шаралар жоспарының жетеуін орындап үлгерген. Яғни, үстіміздегі жылдың наурыз айында аудандық соттардың шешімі бойынша барлық кен орындары иесіз деп танылған. Аудандық әкімдіктің қаулысымен кеніштер жергілікті жердің коммуналдық меншігіне ауыстырылып, ауылдық округ әкімдері аппаратының балансына тіркелген. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Түребековтің айтуынша, қазіргі таңда радиациялық ластанудың негізгі көзі, яғни кен орындарының шахталары қоршалып, жабылған. Айта кеткеніміз жөн, бұл – жоспардағы басты әрі орындауға баса назар аударуға тиіс тараулардың бірі.

– Сонымен қатар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аумақтың сыртқы шекарасы бойынша тиісті ескерту белгілері орналастырылды, – деді Нұрлан Мейрамұлы. Алайда, айта кететін бір жайт, бұл жұмыстарды орындау барысында жауапты мамандар қандай да бір жобалық шешімдер әзірлемеген, құзыретті орган өкілдерінің сараптамасын да жүргізбеген. Яғни, жұмыс толық әрі талапқа сай орындалмады деуге негіз бар. Жауапты тұлғалар жауапсыз әрекеті арқылы адамдардың денсаулығына қауіп төндіріп отырғандарын түсінбесе керек.

Тексеріс жүргізген экологтар екі аудандық әкімдікке де іс-шаралар жоспарын жыл соңына дейін толық орындау қажеттігін ескертті. Бірақ екі жылда жартысын да орындай алмаған мамандардың қалған екі айда барлық жұмысты жүргізіп, жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі екіталай. Осы орайда, жоспарды толық орындаған күннің өзінде, асығыс орындалған жұмыс сапалы әрі тиянақты болады ма деген де сұрақ туындайды.

Облыстағы экологиялық ахуал – билік өкілдері үнемі назарда ұстауы тиіс мәселелердің қатарында. Айыртау ауданындағы Грачевский, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Шоқпақшы кен орнындағы кемшіліктер осыдан екі жыл бұрын әкімдік отырыстарында талқыланып, өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды ширату қажеттігін ескерткен болатын. Сол кезде кен орындарындағы қоршаулар мен есіктер бұзылып, уран құдықтарының қақпақтары ұрланғаны да айтылған. Радиация сіңген ғимараттарды бұзған жергілікті тұрғындар оны құрылыс материалы ретінде шаруаларында қолданып, денсаулықтарына қауіп төндіргені ескертілген. Қазір қарап отырсақ, аталған мәселенің түйіні бүгінге дейін тарқамағаны байқалады. Ең бастысы, жергілікті тұрғындардың денсаулығына төнген қауіптің алдын алып, қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын түсінбегендей.

Жауапты басшылардың салғырттығы немесе жұмысқа бей-жай қарауының салдарынан әлі күнге дейін осындай мәселелер орын алып, өңірімізде экологиялық ахуал жақсармай тұрғаны қынжылтады. Құрылыс материалдарына қызығып немесе одан түсетін пайданы көздеп, өз денсаулықтарына қауіп төндіріп отырған тұрғындардың әрекетін де түсіну қиын.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Вадим МУДАРИСОВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика