ҚОҚЫС ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ САЛЫНБАҚ

Экология саласындағы өзекті мәселелердің бірі – өндірістік және тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтау, сұрыптау және қайта өңдеу. Әлемдік тәжірибеден мысал келтірсек, қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу ісі өркениетті елдерде жақсы жолға қойылған. Мәселен, Германияда кез келген сусынның бағасына құтының құны қосылады. Оны кері өткізгенде ыдыстың ақшасы қайтарылады. Мұны қоршаған ортаға жанашырлық көзқарасты қалыптастырудың, экологиялық мәдениетке тәрбиелеудің бір тиімді әдісі десе де болады. АҚШ-та қалдықтар пластикалық бөтелкелерге жиналып, үйлердің алдына қойылған контейнерлерге салынады. Ұлыбританияда тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптамаған жандар қомақты айыппұл төлейді. Жапонияда әр қалдықтың өзіне тиесілі түрлі түсті пакеттері қойылады. Финляндияда күл-қоқыс вакуумды құбырлар арқылы бірден қалдық заттарды өңдейтін зауыттарға жөнелтіледі.

Өкінішке қарай, Қазақстанда қалдықтарды өңдеу проблемасы әлі толыққанды шешілмей келеді. Қоқыстарды жинау мен өңдеуде жүйелілік, бірізділік жоқтың қасы. Макулатура, шыны, полиэтилен, пластик өнімдерін қайта сұрыптаумен айналысатын өндіріс орындарының өзі санаулы, оның өзі жетілдірілген технологиялармен жабдықталмаған. Көбінің қуаттылығы төмен. Соның салдарынан тау-тау болып үйіліп жатқан шірінділерді жиі кездестіруге болады. Статистикаға жүгінсек, жыл сайын еліміздің өнеркәсіптері 1 млн. тоннадан астам қалдық зат шығарады екен. Ал тұрмыстық заттар 10-14 млн. тоннаны құрайды. Бұлардың шамалы бөлігі ғана өңделетіндіктен, қоршаған ортаға, адам денсаулығына келтіретін зияны ұшан-теңіз.

Қызылжар өңірінде жылына 60 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық заттарын өңдейтін зауытты 2017 жылы тұрғызу белгіленгенімен, инвестор табылмау себепті ізгі ниет қағаз жүзінде қалып қойған болатын. Қайыржан Айсин жетекшілік ететін “Вторсырье” ЖШС-і “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы негізінде іске қосылғанымен, қуаттылығы шектеулі. Көп жылдан бері пластик, қағаз, бөтелке, қаңылтыр құтылар қабылдап келген кәсіпкер өндіріс ауқымын кеңейту арқылы полигонда пайдалы қоқысты жинау, өңдеу және сұрыптаумен шұғылдануға талпынғанымен, қаражат жайы қинап тұрған секілді. Бүгінде Петропавл қаласы аумағында пластик ыдыстардың, аллюминий банкалардың, макулатураның, қаптама полиэтилен қалдықтарын, пластмассаның әр түрін жинау үшін жарты мыңға жуық контейнер орнатылған. Оларды бөліп-жинаумен 20-ға тарта кәсіпорын айналысады. Алайда, қайталама шикізатты қабылдайтын пункттер жеткілікті болғанымен, қоқыс өңдеу зауыты құрылысының кешеуілдеуіне тұрғындар алаңдаулы. Оның үстіне былтыр Экологиялық кодекске бірталай түзетулер енгізіліп, өңдеусіз қатты тұрмыстық қалдықтарды полигон алаңдарына көмуге тыйым салынуы, электронды жабдықтарды, құрамында сынап бар қалдықтарды, батарейкаларды, аккумуляторларды, пластик өнімдерді бөліп жинау және кәдеге жарату талаптарының енгізілуі қайталама шикізат нарығы жұмысын бірыңғайлау, жүйелеу мақсатынан туса, екінші жағынан, осы салада жүрген шағын бизнес өкілдерін тығырыққа тіреп тастағандай. Өйткені, қалдықтарды бөліп жинау шарттарын сақтамаған жағдайда әкімшілік жазаға тартылып, қомақты айыппұл салынатыны заңнамада айқын жазылған. Соған қарамастан облыс орталығының шеткері аймақтарына күл-қоқыстар заңсыз шығарылып, оның ақыры экологияның нашарлауына, қоқыс тастауға рұқсат етілмеген орындар санының артуына әкеліп соқтырып отыр.

Осындай келеңсіз жағдайларға жол бермеудің, былайша айтқанда, тығырықтан шығудың оңтайлы жолы табылған секілді. Ол жөнінде жуырда өткен қоғамдық кеңестің отырысында табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исманов жан-жақты айтып берді. Оның мәлімдеуінше, инвестициялық жобаның әкімгері – аталмыш ведомство, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік және автомобиль жолдары бөлімі. Жылына 70 мың тоннаға дейін қоқыс өңдейтін зауыт Қызылжар ауданына қарасты Шаховское елді мекені төңірегінде орналастырылып, құрылыс жұмыстарына 1 млрд. 87 млн. теңге мөлшерінде қаражат қарастырылмақ. Экологиялық ахуалды жақсартуға зор мүмкіндік беретін кәсіпорынның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, бір гектар жер телімі бөлініпті.

Кәсіпорын қоқысты тазалап қана қоймайды, оны сұрыптап, өңдейді. Озық жоба қалдықтарды кәдеге жарату процесін жеңілдетеді әрі тездетеді. “Қазір қалталы қаржыгерлер іздестірудеміз. Жергілікті жерден табылып қалады деген үміттеміз. Экологиялық кодекс толыққанды қабылданғаннан кейін инвестор тартумен түбегейлі айналысатын боламыз”, – деді Бейбіт Қайыркешұлы.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика