Жанашырлық жетіспейді
- Жаңартылды 25 Тамыз 2020
- Қаралды: 209
20 шілдеде бастау алып, 30 тамызға дейін жалғасатын “Таза Қазақстан” республикалық акциясы өңір тұрғындарының бойында қоршаған ортаға жанашырлық көзқарасы мен саялы жерлерде демалу мәдениетінің төмендігін тағы бір айғақтап берді. Бір мыңға жуық заң бұзушылықтың орын алуы сөзіміздің нақты дәлелі болса керек. Осы уақыт аралығында рейдтер жүйелі жүргізіліп, жазалау шараларын қолданудан гөрі адамдар жиі баратын өзен, көлдердің жағалаулары мен орманды алқаптар жіті тексерілді. Нәтижесі қандай дейсіз ғой? Қап-қап тамақ қалдықтары, түрлі қап-тамамайлықтар жинап алынды. Аяқ басқан сайын әр жерге қалай болса солай шашылып жатқан бөтелкелерден, полиэтилен пакеттерден көз сүрінді.
Біздің бір мақсатымыз жұртшылықты тазалыққа, саламатты өмір сүруге үндеу, дағдыландыру болғандықтан, іс-тәжірибемізді Уәлиханов ауданында сынап көруді ұйғардық. Учаскелік инспекторлардың көмегімен Кішкенекөл елді мекенінде бірнеше заңсыз қоқыс тастайтын алаңдар анықталды. Ол жерлерге тұрмыстық қалдық, күл, көң, малдың қиы дейсіз бе, үйіліп қалған. Үй-үйді аралап, түсіндіру жұмыстары тынбай атқарылып, нәтижесінде тұрғындардың белсене атсалысуымен заңсыз қоқыс тастайтын үш орын жойылды.
Акция барысында елді мекендердегі саябақтардың тазалығына да баса мән берілетін болады.
Асхат ҚОЖАБАЕВ,
жергілікті полиция қызметі табиғатты қорғау тобының жетекшісі.