ТҰҒЫРЫ БИІК, ОРНЫ БӨЛЕК БАСЫЛЫМ

 

Алғашқы саны жарық көрген мезеттен бастап бір ғасыр бойы тұтас дәуір тынысын тамыршыдай тап басқан, ұлт шежіресінің аумақтық жылнамасы деген атқа лайық басылымның мерейлі мерекесі ел бойынша ұлықталғанына көзі қарақты оқырман куә. “Халықтың көзі, құлағы hәм тіліне” айнала білген газетіміздің құрметіне арналған келелі кездесулер, танымдық кештер, спорттық сайыстар, жер-жерлерде, аудандарда, ауылдарда бастау алып, тағылымға толы, үлгі-өнеге аларлық халықаралық конференцияға жалғасты. Ақылгөй абыз жасына жетіп, екінші дәуір төріне озған басылымның көзайым қуанышты сәттері, тебірене еске алатын өнегелік қасиеттері көп-ақ. “Өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік” басылымның кешегісін, бүгінгісін салмақтап, ой таразысына безбендейтін болсақ, шығуына, іргетасының қалыптасуына, қоғамдағы өзіндік орнын табуына зор еңбек сіңірген Алаштың ұлы тұлғалары, одан беріде әр жылдары басшылық қызмет еткен ардақты азаматтар, тұтас журналистер қауымы ойға оралатыны заңды. “Өлі риза болмай, тірі байымайды” демекші, келешек ұрпақ үшін мәңгі өшпес рухани мұра, айшықты із қалдыра білген марқасқа мақтаныштарымыздың есімі қалай дәріптелсе де, артықтық етпейді. Редакция ұжымының ұйымдастыруымен “Қызылжар” орталық мешітінде дүниеден баз кешкен қаламгерлердің құрметіне ас беріліп, Құран оқытылуы “көзден кетсе де, көңілден кетпейдінің” айқын бір мысалы болды. Қаламынан толғанысты ойлар буырқанған, кестеленген көркем тіл төгілген қай-қайсысы да облыстың әлеуметтік-экономикалық, саяси өміріне белсене араласты. Қиялын қияға сермеп, өзекті мәселелерді арқау еткен өткір туындылар тудырды. Олардың да өмірі, шығармашылығы тұтас ұлттың тарихымен тығыз сабақтас. Елмен бірге түлеп, Мағжан, Смағұл салып кеткен сара жолды жалғастырған, бүгінде арамызда жоқ аға, орта буынның зайыптары, ардагерлер, басылым жанашырлары, тілеулестері арнайы шақырылып, бірнеше буын өкілдерін тоғыстырған шара ерекше жарасым тапты.

Облыстың құрметті азаматы Жақсылық Ысқақов ақ жауындай себелеп көңілдерге нұр шуағын төгетін, мәңгі оралмас бала бейнелі шақты сағынышпен еске түсіретін естеліктермен бөлісті. Сергеев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде жүргенде тиражы кеміп кеткен “Ленин туының” таралуына жәрдемдесіп, көмектесуін азаматтық борышына адалдығы деп ұғындық. “Мағжан айтқандай, ұлтқа қызмет етуді сүйікті газетіміз басты мұрат етіп келеді. “Soltústik Qazaqstan” газеті шығармашылық ұжымының ізденістері қуантады. Жазар көбейе берсін”, – деген аталық тілегін ақтарды.
Ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Сағындықов қазақтың азаттығы үшін басын бәйгеге тіккен Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, тағы басқа ұлт зиялылары қызмет еткен басылыммен ертеден бері қоян-қолтық араласып келе жатқанын, алғашқы балапан қанат өлеңі 6-шы сыныпта жарияланғанын тебірене еске алды. “Бүгінде мерейтойы кең көлемде аталып жатқан өңірдегі байырғы қарашаңырақ ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерімізді талмай насихаттап, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін асқақтатуға зор үлес қосып келеді”, – дей келіп, Болат Мағазұлы газетті ұлт руханиятының жаршысы, төл мәдениетіміздің жанашыры, игі істер мен жақсы жаңалықтардың қолдаушысы, игі тәжірибелерді таратушы ретінде бағалайтынын, бұл мақсат жолында өзіндік бет-бедері қалыптасқанын айтты.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің профессоры, белгілі ғалым Зарқын Тайшыбай өз сөзінде қазіргідей алмағайып кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарына қойылатын шарт-талаптардың салмақтана түскенін, жұртшылық әлі де ғаламтордан гөрі тасқа басылған дүниелерді орнықты, сенімді, салмақты ақпарат көзі ретінде қабылдайтынын, осыдан бір ғасыр бұрын өз алдына бой көтерген “Soltústik Qazaqstan” осы үрдістен шығатынын тілге тиек етті. “Газеттің қоғамдағы орнын интернет те, теледидар да, радио да алмастыра алмайды. Бірнеше буын өкілдерінің қоян-қолтық бірлесіп еңбек ету дәстүрі Мағжан кезінен бар. Кез келген журналистің азаматтық, тұлғалық қайраткерлігі салмақты, ойлы жарияланымдарынан айқын сезіліп тұрады. Сарғайған газет беттерін парақтағанда да, бүгінгі саналы оқырман ретінде де айтарым, оқырмандармен тығыз байланыс орнату нақты нәтиже беретінін, басылымның беделін арттыратынын ұжым тәжірибесі, мерейтой қарсаңындағы ел ішіндегі кездесулер анық аңғартты. Әр жылдары түрлі атпен оқырмандармен қауышқан газет Тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында қазіргі атауға ие болып, мазмұны да, сапасы да көп өзгерді”, – деген ғалым “жегені жантақ, артқаны алтын” қаламдас әріптестеріне шығармашылық табыс тіледі.
Еңбек ардагерлері Жұмаш Сейтбеков, Тілек Әбдірахманов, Серікбай Құсайынов, тағы басқалары ғасырлық белесті еңсерген басылымнан қол үзбегендерін, әр санын тағатсыздана күтетіндерін, сырласы, сүйеніші, жұбанышы ретінде санайтындарын айтты. Азаттықтың ақ таңы арайланып атқанда солтүстікқазақстандықтарға алақайлап жар салып, ел жүрегін елжіретер ақжолтай хабарлар тасқынын селдеткен, заман ағымына сай өз бет-бедерін айқындаған газетке, ел игілігі жолында қалтқысыз еңбек етіп жүрген ұжым мүшелеріне ақжарма тілектерін арнап, заманауи ақпарат ағынында өз тұғырын жоғалтпайды деген сенім білдірісті.
Облыстың бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай қазақы тектілік, ұлттық рух самал желдей есіп тұратын газеттің басшылығы мен қалам иелерін ғасырлық мерейтоймен құттықтап, бүгінгі еске алу шарасының маңызын айрықша атап өтті.
“Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов Алаш аманатын арқалап, елдік, ұлттық рухтың еңсесін көтеруде өңіріміздегі қарашаңырақ – “Soltústik Qazaqstan” газеті алға қойған мақсат-мүддесінен, адалдық антынан айнымайтынын, ұрпақтар арасындағы сабақтастық діңі үзілмейтінін, ел газеті тойына арналған іс-шаралар тізбегі жалғаса беретінін жеткізіп, жылы лебіз-тілектер, оралымды ойлар үшін жиналғандарға ризашылығын білдірді.


Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика